Қоғам

Аудан мен қалаға брендтік атау берілді

Аудан мен қалаға брендтік атау берілді
Зырян ауданы мен қаласын Алтай деп атау туралы шешім түбегейлі бекіді. Бұлай сенімді сөйлеуімізге шаһардағы «Горняк» мәдениет сарайында өткен қоғамдық тыңдаудың нәтижесі себеп.
Өлке атауына қатысты қоғамдық тыңдау өтетіні туралы жергілікті тұрғындар ерте бастан құлақтандырылған екен. Сондықтан болар, қалалық мәдениет сарайына халық лық толды. Әуелі Зырян ауданын «Алтай» деп атау мәселесі қаралды. Аудандық мәслихат депутаттары жаңа атауды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Ал шаһар атын қайта атау мәселесін жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері талқылады. Бас аяғы бір сағатқа созылған жиында қоғамдық кеңес өкілдері бір тоқтамға келіп, шаһар атын «Алтай» деп ауыстыру қажет деп шешті. Тұрақты кеңес мүшелері де бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұл оң шешімге ауданның зиялы қауым өкілдері риза көңілмен тарқасты.
– Қаламызға да, ауданға да тың серпін керек. Сол серпіннің рухани жаңғырудан басталғаны қуантады. «Алтай» дейтін әлемдік брендті экономикамыздың дамуына пайдаланбау күнә дер едім. Осы қаланың өркендеуіне үлес қосып, өндіріс қазанында құрыштай қайнаған аға буын бұл өзгерісті құптайтынын мәлімдегім келеді, – дейді Зырян аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгер.
-Алтай – қазақ даласына тағдыр айдап әкелген сан түрлі ұлт пен ұлысты құшағына сыйдырған киелі өлке. XVIII ғасырда келген ескі наным өкілдері де, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған алмандар мен өзге ұлттар да Алтайдан пана тапты. Сондықтан ауданымыздың осы ұлы атауды алуы заңдылық. Бұл өлкенің Алтай атануы тарихымызды қайта қарауға бастама деген үміт бар. Тарихшы ретінде мұнда да түркі өркениетінен қалған мұралар көп екенін айта алам. Соның бәрі жарыққа шықса, біз өз бастауымызға оралған болар едік, – дейді өлкетанушы Денис Никитин.
Алтай атауы құжатқа түсіп, мөрмен бекуі үшін енді облыстық ономастикалық комиссия шешім шығаруы тиіс.
-Бұл шешім облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі бойынша республикалық ономастикалық комиссияға жолданады. Республикалық комиссиядан өткеннен кейін Үкіметтің шешімі шығады. Ең соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай атауы бекуі тиіс, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыстық ономастикалық комиссияның қарауына 400-ден астам ұсыныс түскен. Комиссияның үш отырысында 179 көшенің, 10 елді мекеннің, 10 мектеп, әлеуметтік-мәдени нысанның атауы өзгертіліпті.
-Ал бүгін атауы өзгерген Алтай ауданына келер болсақ, бір ай бұрын аудан әкімінің атына өтініш түскен болатын. Сол уақыттан бері ауыл-ауылды, көше-көшені аралап, халыққа Алтай атауының Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қажет ұғым екенін нақты түсіндірдік. Бүгін ұсыныс дауысқа салынғанда бірауыздан қолдау табуы сол жұмыстардың нәтижесі, – дейді Айдын Шаймарданов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button