Аудан әкімдері ресми сайттарын қарай ма?
Шығыстағы атқамінерлердің дені ақпарат құралдарында жарияланған сыни материалдарға жауап бермек тұрмақ, зер салып оқымайтыны да рас. Атқарушы биліктің назарына ұсынған проблемалық дүниелерге қатысты нақты көзқарасын білдіруге келгенде тиісті сала басшыларының «бұғып қалуға» тырысатыны мұндағы журналистерге мәлім болғалы қашан.
Қозғаған тақырыбына қатысты мекеме, басқармалардан ақпарат сұраған журналистермен «жасырынбақ ойнау» жалғаса берсе, оның соңы жақсылыққа апармайтынын жақында өткен ақпараттық саясат жөніндегі облыстық кеңесте облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қадап айтқан болатын.
– Тұрғындарға дәйекті, шынайы ақпараттарды тарату үшін облыстық басқармалар БАҚ өкілдерімен тығыз жұмыс істеуі қажет. Тікелей қойылған сауалдарға жауап беріп, сұраған ақпараттарын табыстап отырыңыздар, – деген-ді сол жиында Жақсылық Омар.
Қазір ғаламтор қолданушылары үшін әлеуметтік желілердің маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Шенеуніктер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әлеуметтік желілеерден ресми парақша ашып, оны жаңартып отырса, халық пен биліктің арасы тіптен жақындай түспек. Өкінішке қарай, кеңесте айтылғанындай, облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желі мен интернет ресурстардағы жұмыстары сын көтермейді.
Осы орайда аудан әкімдерінің сайтындағы жаңалықтармен таныспақ ниетпен бірқатар аудандарды ғаламтор бетінде «аралап шыққанымда» адам не күлерін, не жыларын білмейтін жайттарға тап болдым. Айталық, Көкпекті ауданы әкімінің фамилиясы қазақ тілінде екі түрлі жазылған. Өмірбаянында «Сағындықов Р.Н» деп көрсетілсе (өмірбаянның жоғарғы жағындағы сөз де түсініксіз, дұрысы «Р.Н.Сағандықов – Көкпекті ауданының әкімі» болса керек), әкімнің өз атынан жазылған сайт оқырмандарына арнаған лебізінің соңында «Құрметпен Сағандыков Р.Н» деп қойылыпты. Ал орысша парағында «Сагандыков Р.Н» екенін көрдік. Қызық болғанда, сайт парағы ашылғанда «Құрметпен, Рамиль Нигметчанович Сагандыков» деген жазу толығырақ сілтемеге өткенде, «Құрметпен, Көкпекті ауданының әкімі Сағандыков Р.Н.» деп өзгеріп шыға келеді.
Сол сияқты Жарма (аудан әкімі Н.Сыдықов) және Күршім (аудан әкімі С.Чукаев) аудандарының басшылары аудан сайтын қарауға «қолы тимей отырғанына» дәлелді өздері тауып беріп отыр. http://kurchum.vko.gov.kz/kz/akim.htm сілтемесіне өтіп, парағын ашсаңыз «Ресми сайты Күршім ауданы әкімінің» немесе http://www.garma.vko.gov.kz/kz/ сілтемесінен «Ресми сайты Жарма ауданы әкімінің» деген бадырайған жазуды көресіз. Бұл тегінде «Официальный сайт Акима Курчумского района» немесе «Официальный сайт Акима Жарминского района» деген орысша мәтіннің қалыптан шығып кеткен қазақша аудармасы болса керек.
Ал Зырян (аудан әкімі А.Кәрімов) ауданы әкімінің сайтына кірсеңіз, (http://akimzyrian.gov.kz/) «Жаңалықтар» айдарындағы (ақпараттың салынған уақыты – 21.07.2016) «Өткізілген іс- шаралар туралы ақпарат» деген жаңалық мәтіні былайша берілгенін көресіз:
«2016 жылдың 18 шілдесінде сағат 10.00-де Октябрь кентінің «Прибой» қлубында кітапхана қызметшісі Гульнар Даулеткалиевна Даутовамен өлкетануға арналған «Уақыт. Оқиғалар. Адамдар» деген диалогтық алаңы өткізілді. Іс-шарасында кентінің тууы туралы тарихы талқыланды. Іс-шарасында аралас категориядағы қатысушылар қатысты».
Бұл не мазақ, не жаңылтпаш?! Мәтінді сабырмен талдап, түсініп оқуға дәтің шыдамайды. Бар-жоғы үш сөйлемнен тұратын «жаңалыққа» «Өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат» деп тақырыпты көпше түрде несіне сүйеніп қойғанына таңғаласың.
Міне, осы фактілердің өзінен-ақ Шығыстағы кейбір аудан әкімдерінің БАҚ-пен байланысқа немқұрайлы қарайтындығын көруге болады.
Тұжырымдай келгенде, ақпарат таратудың түрлі мүмкіндіктері туындап отырғанда оны тиімді пайдаланудың орнына аудан әкімінің интернет ресурсына жауапты қызметкерлердің сауаттылығын талап етуге де құлқы жоқтығы байқалады. Әрине, біржақты мысал тізіп, аудан әкімдерінің сайтының бәрі осындай деп әділетсіз тұжырым жасауға болмас. Абай (аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков), Тарбағатай (аудан әкімі Д.Оразбаев), Бородулиха, (аудан әкімі С.Акулов), Бесқарағай (аудан әкімі Н.Тоқсейітов), тағы да бірнеше аудан әкімдерінің ресми сайты жақсы безендірілумен қатар ақпарат беруге сергек қарайтындығы сүйсінтеді. Және аудан басшысының атқарған жұмыстары ғана емес, ауданның өзге де салаларындағы жаңалықтар сауатты беріледі.
Айтпақшы, жергілікті шенеуніктердің БАҚ-пен байланысын нығайту баса айтылған кеңес соңында облыс әкімінің орынбасары егер қандай да бір басқарма басшысы сауалға нақты жауап беруден бас тартса, мақалаға дәл солай «сауалға жауап беруден бас тартты» деп жариялауды ұсынды. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, өзінің аты ғана емес, басқарманың атына да сын әкелетін мұндай кемшілікке ендігіде ешқандай басшы ұрына қоймас деген үміттеміз.
Сәтжан Қасымжанұлы
Семей.