Ауыл шаруашылығыТОП

Аудан экономикасының драйвері

Берікхан Тайжігіт, Аягөз

Аягөз ауданында мал басы жыл сайын көбейіп келеді. Жері шұрайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде әсіресе ата кәсібіміз – мал өсіруге және егіншілікпен айналысуға мүмкіндік мол. Сондықтан бұл салаға бет бұрған шаруа қожалықтарының саны да, сапасы да артқан.  

Аудандағы ауыл шаруашылығының атап өтер бір ерекшелігі – көпбағытты болуы. Яғни, мұнда ет, сүт бағытындағы ірі қара малын көбейтуден бөлек қазақтың құйрықты, қылшық жүнді қойын өсіру дұрыс жолға қойылған. Сондай-ақ үйір-үйір жылқы ұстайтын шаруашылықтар да аз емес. Ал егіншілікке ден қойған диқандардың династиясы бұл өлкеде ықылым заманнан үзілмей келе жатыр.

Аудан экономикасының негізгі драйвері болып саналатын ауыл шаруашылығы саласында шикізаттық базамен шектелмей өнім өндіруге үлкен бетбұрыс жасалып жатқаны кейінгі жылдары анық байқалады. Өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмысы қазіргі заманға сай қалыптасып, жаңа деңгейге шықты. Жаңа кәсіпорындар құрылып, бұрыннан істеп тұрғандары қалпына келтіріліп, шағын және орта бизнес субъектілері қарқынды дамуда. Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі де арта түскен. Бұл түсінікті де. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы 1 қыркүйекте халыққа жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын өркендету жайлы нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.

Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы», деген болатын.

Мал басы көбейіп жатыр

Мәселен, Аягөз ауданының агроөнеркәсіп кешені бойынша биылғы он айда өндірілген өнімнің жалпы көлемі 36 млрд. 944 млн. теңгеге жетті. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 17,7 пайызға жоғары. Демек нақты көлем индексі 102 процент болып, Абай облысының даму рейтінгісінде аудан үшінші орынды иеленді. Яғни, облыс бойынша өндірілген өнімнің 10 проценті Аягөз ауданынң үлесіне тиесілі. Осы кезеңде ірі қара мал басы 122 290 бастан асып, былтырғымен салыстырғанда 8 пайыздық өсім көрсетті. Ал қой-ешкінің жалпы саны 241 298 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға өсті. Сондай-ақ жылқы 67 684 бас болып, өткен жылмен салыстырғанда өсім 19,5 пайыз болды.

Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар аз емес. Мәселен, биылғы 10 айда 19 мың 113 тонна ет, 85 мың 246 тонна сүт, 4 млн. 81 мың дана жұмыртқа өндіріліп, алынған өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет пен сүт 4,9 пайызға, жұмыртқа 0,1 пайызға артты. Аталмыш салаға қараша айының 30 жұлдызындағы есеп бойынша барлығы 2 млрд. 532 млн. 200 мың теңге қаржы тартылып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 107,3 пайызға орындалды.

Рас, ауыл шаруашылығын дамыту тетіктерінің бірі бүгінгі күнге сай, заманауи техникаларды пайдалану екені даусыз. Жанар-жағармайды аз жейтін, тиімділігі жоғары техникалармен мал азығын дайындау серіктестіктер мен қожалықтар үшін өте пайдалы.

Сондықтан да біздің азаматтар «Ауылшаруашылық техникаларын алу» бағдарламасы бойынша аудандағы 42 шаруа қожалығы 40 трактор, 35 өзге де қосалқы техниканы 575 млн. теңгеге сатып алды. Сөйтіп, ауданымыз екі жылдың ішінде 150 жаңа маркалы трактор мен 166 өзге де техника түрлерін сатып алды, дейді Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Оразбек Кеңшіліков.

Субсидияда береке бар

Бөлім басшысының айтуынша, бұдан өзге «Аграрлық несие корпорациясының» акционерлік қоғамы арқылы 50 млн. теңге несие алынған. Оның ішінде Бидайық ауылынан бір адам 24,0 млн, Қосағаш ауылынан бір адам 12,0 млн және Өркен ауылынан бір адам 14,0 млн теңге несие алған. Сондай-ақ «Аягөз несие» серіктестігі арқылы аудандағы 44 шаруа құрылымына 710 млн теңге несие қаражаты тартылды. Сол сияқты, «Бархытбел» несие серіктестігі арқылы 194 млн. 400 мың теңге несие алынған. Оның ішінде Аягөз қаласынан және Тарбағатай ауылынан бір-бір адам, Баршатас ауылынан екі адам осы несиеге қол жеткізген екен. Қайтарымсыз қаржы яғни, субсидия алу бағдарламасы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудандағы шаруа құрылымдарының мал шаруашылығы және инвестициялық субсидиялау саласындағы 390 өтінімге 540 млн. 100 мың теңге қайтарымсыз қаржы аударған. Оның ішінде 334 өтінім бойынша 463 млн. 900 мың теңге қаржы мал шаруашылыгына, 56 өтінім бойынша инвестициялық субсидиялау саласына, яғни сатып алынған техника мен қазылған құдықтарға 76 млн. 200 мың теңге қайтарымсыз қаржы тартылған. Бұдан өзге «Өз қаржысы» бағыты бойынша 462 млн. 700 мың теңгеге аудандағы 24 шаруа қожалық 662 бас ірі қара, 3490 бас қой және 274 бас жылқы малын сатып алған.

Осы бағдарламалардың арқасында ауданда селекциялық асылдандыру жұмыстары қарқынды дами бастады. Соның нәтижесінде ұрғашы ірі қара малдың басы 13,8 пайызға өссе, асыл тұқымды саулық қойдың басы 16 пайызға өскен.

Ойып беру

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс…»

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының Президенті

 Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда биылғы 10 айда аудандағы ірі қара малының басы 8 пайызға, қой-ешкі 2,4 пайызға, ал жылқы түлігі 19,5 пайызға өскен.

 

Осы айдарда

Back to top button