Аудан болып қолдау көрсетті
Аягөз қаласында XXVIII қысқы Универсиада ойындарына қатысушыларға қолдау білдіру мақсатында «Бірлігіміз жарасқан» атты жарыстар ұйымдастырылды. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б. Сүлейменов Универсиада тарихына шолу жасай келіп, сайысқа қатысушыларға сәт сапар тіледі: «Алдағы уақытта Аягөз ауданында қысқы спорт түрлерін дамытуды қолға алатын боламыз» деді.
Бұдан кейін аудан спортшылары хоккей, шаңғы, мәнерлеп сырғанау, қысқы футбол секілді ойын түрлерінен сайысқа түсті. Орталық стадионға келген көрермен қауым жарысқа қатысушылардың сауатты ойындарына және біркелкі жарасымды киімдеріне риза болысты.
Аягөздегі орталық стадионда өткен аталмыш шараға сондай-ақ, ауданның спортсүйер қауымы, спорт ардагерлері, балғын спортшылар қатысты. Сол сияқты, шара салауатты өмір салтын ұстанған жас өркеннің «Көңілді старт» атты қысқы ойындарына ұласып, жиналған жұрт көңіл сергітіп қайтты.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.