Қоғам

Қауқарлы компаниялар тізімі жасақталмақ

Шығысқазақстандық құрылыс компаниялары өз салалары бойынша өзекті мәселелерді біржақты ететін бірлестік құруды ұйғарды. Мұндай шешім Қазақстан құрылысшылары одағының Өскеменде өткен көшпелі семинары барысында қабылданды.

Тамыз айының екінші жексенбісі елімізде Құрылысшылар күні болып белгіленген. Кәсіби мереке қарсаңында еліміздің Құрылысшылар одағының бастамасымен Өскеменде бас қосқан шығысқазақстандық құрылыс компаниялары өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, заңнамалық тұрғыда өзгертілуі тиіс тетіктер жайын әңгіме етті.
– Қазақстанның құрылыс саласына қатысты заңнамалық актілер өзіндік бір деңгейде тиімділігін көрсетіп келеді. Десек те, оған өзгерістер мен толықтырулар қажет, – дейді «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Талғат Ерғалиев. – Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда екі миллионға жуық азаматтың қолжетімді баспана алу қажеттілігін сезініп отырғанын айтқан болатын. Осы себепті құрылыс саласын дамытып, оның одан әрі кеңеюін қамтамасыз ету үшін осы салада жұмыс істеп жатқан компаниялардың белсенділігін арттыруымыз керек. Ел билігі тарапынан қабылданған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Аталмыш бағдарламаның арқасында біз көптеген азаматтарды баспанамен қамтамасыз еттік.

Саланың өзекті мәселелерін, жинақталған сауалдарын бір арнаға тоғыстырып, ел Үкіметіне, Парламентке жеткізу қажеттігін айтқан бірлестік төрағасы бүгінгі кездесудің тағы бір себебі Қазақстан құрылысшылар одағының облыстық бөлімшесін құру екенін де атап өтті. Ол жергілікті жердегі құрылыс компанияларының басын қосу арқылы мәселені ғана шешіп қоймай, сондай-ақ кәсіпкерлерге көмек көрсететін арнайы орталықтың болғанын қалайтынын жасырмады.
– Бүгінгі басқосуда өңірдегі құрылыс саласы қордаланған мәселелер, инженерлік жүйелер, жер телімдері, мемлекеттік тапсырыс пен жұмыс күшінің жетіспеушілігі жайы қаралды, – деп қосты Талғат Ерғалиев. – Құрылыс саласына қатысты көптеген нарықтық механизмдер жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Ал олар болса нарықтық құрылымдар болып саналмайды. Сол себепті кейбір функцияларды әкімдіктің қарауынан алып, нарықтық құрылымдардың қарамағына беру жөніндегі пилоттық жоба қарастырмақпыз. Мұндай жоба Шығыс Қазақстанда басталуы да әбден мүмкін. Бұл тәжірибе қазірде әлемнің көптеген елдерінде қолданылып, сәтті іске асып жатыр.
Мұндай қоғам құрылса, кәсіпкерлік саласының жұмысы бірқатар деңгейде жеңілдейтінін алға тартқан бірлестік төрағасы қазір көптеген түйткілді мәселелердің мемлекеттік органдардан әрі асып шыға алмайтынын айтады. Осы себепті азаматтық позицияның деңгейін көтеру қажет.
– Құрылыс саласының мықты болуын қалаймыз. Облыстық филиалды құрып, құрылысшылардан қандай да бір жарна жинап немесе оларға басқа да қосымша жүк салу ойымызда жоқ. Бүгінгі таңда құрылыс компаниялары ел бюджетінің 20 пайызын қалыптастырып отыр. Сондықтан құрылысшылар жай ғана жұмысшы емес, өздерін инвестор ретінде сезінулері керек, – дейді ол.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бүгінде елімізде елу мыңға жуық кәсіпорын тіркелсе, жұмыс істеп тұрғандары мың жарымды ғана құрайтын көрінеді. Бұл құрылыс саласының дамуын кенжелететін көрсеткіш екенін айтқан ол бірізділіктің маңызды екенін алға тартты.
– Көптеген құрылыс мекемелері өз күшіне, мүмкіндігіне қарамастан мемлекеттік тапсырыстарға кіріп кетеді. Осының салдарынан салымшылар алданып, я болмаса тиесілі баспананы ұзақ мерзім күтіп қалады. Сондықтан жергілікті жерлерде құрылыс жүргізуге қауқары бар компаниялар тізімін жасақтап, әкімдіктерге берілуі тиіс. Бұл өз кезегінде саланың бірізді жұмыс істеуіне септігін тигізері анық, – дейді Талғат Ерғалиев.
Ол мұндай тізімнің жұмысын жаңадан бастап жатқан құрылыс компанияларына еш кедергі келтірмейтінін атап өтті. Әзірге техникасы мен жұмыс күші аз кәсіпорындар қосалқы мердігер ретінде жұмыстарын бастап, кейін нарықта танымал болғаннан кейін ғана толық мемлекеттік тапсырыс ала алатындай болуы қажеттігін айтады.
Оның бұл пікірімен жергілікті құрылыс компаниялары өкілдері де келіседі.
– Жобалау саласындағы басты мәселелердің бірі мемлекеттік кәсіпорындармен немесе олармен үлестес тұлғалармен бәсекелестікке түсу, – дейді «Востокагропромпроект» ЖШС директоры Марат Орынтаев.
Ол Кәсіпкерлік туралы кодексте мемлекеттің кәсіпкерлік ісіне араласпайтыны жазылғанымен, 100 пайыз мемлекетке тиесілі кәсіпорындардың бәсекелес болып жататынын жасырмады. Сондай-ақ көшпелі семинарда бас қосқан кәсіпкерлер мемлекеттік стандарттау, сертификаттау, шағын және орта бизнестің анықтамасы, заңнамалық актілердің олқылығы сияқты мәселелерді ортаға салды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button