Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті
Қаладағы А.Байтұрсынов атындағы №20 қазақ орта мектебінде мектеп басшылығының ұйымдастыруымен, аталған білім ошағының 8-11 сынып оқушыларының қатысуымен бұқаралық қорғаныс және спорттық айлық аясында Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
-Көкірегінде мәңгілік қалған мұң,
Қасіретін көзбен көрген жалғанның.
Алдарында бас иеміз тағзым қып,
Соғысында қан кешкендер Ауғанның, – деген өлең шумағымен кешті бастаған 8-11 сынып оқушылары Ауған соғысы ардагерлері Қыдырғазы Баймұратов пен Қайратбек Жұмағазиновті құрметпен ортаға шақырды. Мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Д.Мақажанов Ауған соғысы туралы қысқаша мағлұмат бере келіп, бұл соғыста 15 мыңнан астам Совет офицерлері мен солдаттары қаза тауып, 35 мыңнан астамы жараланып, өмірлік мүгедек болып қалғанын, соғыс КСРО-ға 5 миллиард сом шығын әкелгенін тілге тиек етіп, «сол соғыстың бел ортасында болған ерлеріміз міне, ортамызда отыр» деді. Қ.Баймұратов 1981-1983 жылдары прапорщик шенінде соғысқа қатысса, Қайырбек 1984-1985 жылдары қатардағы жауынгер байланысшы ретінде қатысқан. Екеуі де – Жарма ауданынан. Олардың айтуынша, тек Жармадан 85 жауынгер қатысса, соның үшеуі ерлікпен қаза тауыпты. «Олардың ерлігі жүрегімізде сақталмақ» деген ардагерлер жастарды жақсы оқуға, отаншылдыққа, тәуелсіз еліміз үшін жан аямай еңбек етуге шақырды. Оқушылар ардагерлерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Кеш соңында мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі Анар Болатқанқызы мектеп ұжымы атынан ардагерлерге уақыт тауып келіп, жастарға өнегелі сөз айтқандары үшін алғыс айтып, денсаулық тіледі. Кеш соңында оларға естелік сыйлық ұсынып, 3-сынып оқушылары көңілді әндер тарту етті.
Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.