Ауадан су алуға болады екен
Жерлесіміз Елібек Асанғалиев «Шапағат» республикалық өнертапқыштар байқауының «Ең белсенді өнертапқыш» аталымын жеңіп алды. Ғылымға ден қойған 30 жылдың ішінде ол 80 патентті сәтті қорғаған екен.
Негізінен, ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізумен айналысатын ғалым 2012 жылы 13 идеяны патенттепті. Белсенділік атағы да осы 13 еңбегі үшін берілген. Ғалыммен кездесу үшін облыс орталығындағы ІТ колледж ғимаратына барғанбыз. Мектептердегі зертхана бөлмесіндей шағын кабинетте барлық еңбектерін буып-түйіп, дайын отыр екен. Оның айтуынша, небір өнертабыстар осы қуықтай бөлмеде дүниеге келіп, сыналған көрінеді. Елібек ағамыз Алматыдағы Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Өскемендегі екі бірдей университеттің доценті бола тұра, өз жобалары жайында әңгімелегенде, балаша жадырап шыға келетін адам екен. Өзі де, сөзі де, зертханасы да қарапайым ғалымның инновациялық идеяларын қарапайым деп айтуға келмейді. Мысалы, «Кеме» деп аталатын бірлескен жобасы кез келген теңіз көлігін ішіне су кірген жағдайда батып кетуден сақтайды. Балықтың ішіндегі желбезек тәрізді қондырғы кеме ішіне су кірсе де теңіз бетінде қалқып тұруына сеп болады.
-Бұл жоба өндіріске енсе, теңіз қатынасында шағын революция орнайды деуге болады. Өйткені, ғасырлар бойы су кірген кемені құтқару адамзат үшін мүмкін болмай келген. Соның кесірінен жүздеген тонналық алып лайнерлер су түбінде тот басып, шіруде. Ең бастысы, адам өміріне теңізден төнер қауіп сейілер еді, – дейді өнертапқыш.
Ғалымның тағы бір жобасы ауадан су алуға негізделген. Бұл технология бойынша күндізгі ауаның жылуы мен кешкі ауаның айырмашылығын пайдалану арқылы бір түнде мың литр су алуға болады. Ауа циркуляциясы үздіксіз болғандықтан, судың бұл көзі сарқылмайтын байлық ретінде қарастырылған. Ғалым мұның экологияға зияны жоқ екенін айтады. Ал осы технология негізінде құрастырылатын шағын қондырғылар жайлауда мал бағатындар үшін таптырмас көмекші болмақ. Малды қайда бақсаң да, құдық қазып, көлікпен су тасымай-ақ, қондырғыны өзіңмен алып жүрсең болғаны. Академик бұл тәсілмен жүздеген гектарлық егіс алқаптарын да суаруға болатынын айтады. Тек ол үшін үлкен қондырғы жасау қажет болады. Ең бастысы, қондырғыға электр қуаты қажет емес. Аталған технологиямен ішуге жарамды ауызсу алуға да болады екен. Қондырғының жұмыс істеу қағидаты өндіріске енгізілгенше құпия сақталуы керек. Сондықтан өнертапқыш оның қыр-сырына егжей-тегжейлі тоқталмады.
Өнертапқыштың «Мал азығына арналған биологиялық белсенді қоспа» жобасы «Багратион» шаруа қожалығының базасында сынақтан сәтті өтіп, өндіріске еніп үлгеріпті. Қоспаға қажет органикалық заттар жергілікті топырақтан алынатындықтан, оны дайындауға аса үлкен шығын да шықпайтын көрінеді. Құнарылылығы құрама жемнен аспаса, кем түспейтін бұл қоспа малды тез семіртіп қана қоймай, сауындағы ірі қараның сүттілігін арттырады. Аталған қоспаны құс азығына бейімдеу жобасы да қолға алынған. Оған ұсыныс та бар. «Өскемен құс фабрикасы» ЖШС осындай қоспаның күніне 10 тоннасын алуға дайын екендіктерін айтқан екен.
Ғалым малға беретін қара тұзды да өңдеп, ұсынбақшы. Бұл тұз мал ағзасындағы зиянды заттарды жоятын қабілетке ие. Осының арқасында малдың қоңдылығын арттырады. Өңдеуге қажет заттар тағы да жергілікті топырақтан алынады.
Елібек Асанғалиевтың тағы бір жобасы облысымыздың оңтүстік аудандарына арналған. Жерінің көбі суарылатын өлкелерде қуаңшылық жылдары егіннің қылтиып шығуы да мұң болады. Осындай аудандарға ғалым дәнді инкустрациялау тәсілін пайдалануға болатынын айтады. Инкустрация ұғымы қандай да бір заттың сыртқы қабатын өңдеу деген мағына береді. Ал егін шаруашылығында бұл тұқымдық дақылды ауа мен топырақтан ылғал соруға қабілетті жабынмен орау дегенге саяды. Осы қасиетінің арқасында жабын топыраққа түскен дәннің ерте көктеп, өнуіне көмектеседі.
-Инкустрацияланған тұқымның бір түйірі де өнбей қалмайды. Оған қоса дақыл жер бетіне неғұрлым ерте шықса, өнім де соғырлым мол болады. Ауа мен жердің өзінен ылғалды жақсы сіңіретіндіктен, мұндай дақылдар тоған суын 30-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Аталған үш жоба да инновациялық деуге келмес. Бірақ технологияның өзіндік құны өте арзан. Өндіріске енгізуге де айтарлықтай шығынды талап етпейді. «Багратион» шаруа қожалығы да осындай тиімділіктері үшін оларды өз базасында сынауға мүмкіндік туғызып отыр.
Біз өнертапқыш ғалымның тапқыр идеяларының бір парасын ғана атадық. Ал өзі болса 80 патенттің жоқ дегенде бесеуі өндіріске енсе, үлкен жетістік болатынын айтады. Өйткені, біздің елде әлі де болса инновациялық идеяның өндіріске еніп, зияткерлік меншіктің саудалануы мысықтабандап қана дамуда.
-Елбасы жариялаған бес реформаның бірі ғылыми инновацияны экономикаға кіріктіруді нұсқайды. Ендігі үмітіміз осы реформада. Мен сияқты жылдар бойы жобасын сызба түрінде ғана сақтап келген ғалымдардың жұлдызын осы реформа жағатынына сенемін, – деген өнертапқыш ғылымды өнідіріспен ұштастырудың алманиялық жолы аса тиімді деген пікірін де жеткізді.
Оның айтуынша, аталған елде ғылыми идеяны сынақтан өткізуге арналған «Тәжірибелік үлгілер» зауыттары құрылған екен. Осының арқасында ғалым сызбасының неге жарайтынын іс жүзінде кедергісіз анықтай алады. Аталған жүйенің арқасында алман елі бүкіл әлемге ауылшаруашылық және энергетикалық технологиялар сатушы елге айналып отыр. Өнертапқыш өзі қорғаған, өзгелермен бірлесіп жобалаған патенттерінің барлығы жерде қалмайтынына сенеді. Өйткені, ғылым дәйекке сүйену арқылы жаңарып, дамиды. Алдыңғы буын ашып кеткен жаңалықтар келер буынның одан да өзекті инновацияны ойлап табуына саты болуы – заңдылық та.
Ғалым қай салада болмасын шетелдің қымбат технологиясын сатып алуға әуес отандастарына өкпелі.
-Біріншіден, шетелдік технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу қосымша шығындарды талап етеді. Екіншіден, технологияға техникалық қызмет көрсету шетелдік мамандардың көмегімен жүзеге асады. Үшіншіден, мұндай қадам отандық технологияны елемеу арқылы, ел ғылымының тұсауын тарылта түсетіні анық, – дейді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы