Қоғам

Ауа райының әлегі басылмай тұр

Ауа райының әлегі басылмай тұр


Желтоқсан келісімен күннің райы құбылып сала берді. Бірде қарлы боран ұйытқыса, енді бірде жаңбыр жауып, жылымық жүрді. Айналаны құрсауына алған көктайғағы тағы бар. Аймақ жұртын сарсаңға салған табиғаттың тосын мінезінен өңірімізде бірсыпыра төтенше оқиғалар болды.

Өскемен-Семей бағытындағы трассада екі бірдей жолаушылар автобусы жолдан шығып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар дер кезінде көмек көрсетті.

Тарбағатай ауданындағы Қарағанды-Аягөз-Боғас тас жолында 27 жолаушысы бар автобус трастан шығып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық ішкі істер қызметкерлері көмек көрсетті.

* * *
Ұлан ауданының Герасимовка ауылы маңында балық аулауға шығып, боранда адасып кеткен 67 жастағы азаматты құтқарушылар үйіне жеткізді. Оның жағдайы қанағаттанарлық. Денсаулығына зақым келген жоқ.

* * *
Екінші желтоқсан күні кешке Абай ауданының Қаракөл ауылында қатты сырқаттанған әйел адамға көмекке бара жатқан жедел медициналық жәрдем көлігі қарлы боранда жүре алмай жолда қалып қойған. Оқиға орнына Семей қалалық №2 өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің өкілдері дереу жетіп, дәрігерлерді қар құрсауынан алып шықты. Соның арқасында жедел жәрдем қызметкерлері науқас адамға уақытында көмек көрсетті.

* * *

Төртінші желтоқсан күні қарлы бұрқасын мен көктайғаққа байланысты Алматы-Өскемен тас жолының 778 – 1079 шақырымы аралығында барлық автокөлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылса, Өскемен-Семей жолының 8 – 198 шақырымы аралығында жолаушылар тасымалдайтын автобустарға, жартылай тіркемесі және тіркемесі бар жүк көліктерінің барлығына қозғалыс тоқтатылды. Сондай-ақ, облыстық маңыздағы Новотроицк ауылына кіреберістегі жол жабылды.

* * *
Төртінші желтоқсан күні Озерск ауылдық округінде шаруа қожалығының бақташысы жоғалып кеткені туралы тиісті орындарға хабар келіп түсті. Семей қалалық төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары нәтижесінде жоғалған малшы Балта-Тарақ ауылынан Шар қаласына қарай 80 шақырым жерден аман-есен табылып, ауылға жеткізілді. Белгілі болғандай ол салт атпен боранда адасып кеткен.

* * *
Бесінші желтоқсан күні Өскеменде қоғамдық көліктердің қатысуымен бірнеше жол-көлік оқиғасы болды. Көктайғақ салдарынан Мыза көшесінде №351 және №8 автобустар соқтығысып қалды.

Сондай-ақ, көктайғақтан жол жиегіндегі бағаналарды «құшақтап» тұрған, үйілген қарға тұмсығымен шаншылып қалған, бірін-бірі түйіп кеткен мәшинелердің мәселесі бұл күні облыс орталығында қызу әңгімеге айналды.

* * *
Бесінші және алтыншы желтоқсан күндері қатты боран мен көктайғаққа байланысты облыс орталығындағы мектептерде 1-11 сыныптар аралығындағы оқушыларға сабақ болған жоқ.

P.S.
Табиғаттың бұл тосын сыйы облыс орталығындағы коммуналдық қызметтерді тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеуге мәжбүрледі. Бұл күні көктайғақ жолдарға құм мен қиыршық тас төгіліп, қалың қар қала сыртына тасымалдануда.

Дегенмен ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайлар қызметі мен басқа да жауапты орындар өкілдері облыс тұрғындарына жолда абайлап жүруді, мүмкіндік болса күн бұзылып тұрғанда жолға шықпауды ескертеді.

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button