Ауа райы да бөгет болмады

Өскеменде 200-ге жуық спортшы қатысқан «Altay HalfMarathon-2019» қайырымдылық жартылай марафоны өтті.
Еске салайық, «AltayAthletics» клубы, республикалық жеңіл атлетика федерациясы мен облыс басшылығының мұрындық болуымен қолға алынған спорттық іс-шара осымен екінші жыл ұйымдастырылуда.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков хабарлағандай, жарысқа кез келген адам қатыса алады, шектеу жоқ. Биылғы марафон бағдарламасына барлығы төрт сайыс енген, олар: 14 пен 17 жас аралығындағы жастар қатысатын «Altay Kids Run» сыны (бір шақырым), жалпыға арналған үш шақырымдық сайыс, 21 шақырымдық жартылай марафон және алты шақырымға созылатын скандинавтық жүріс бәсекесі.
– Әрине, қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, жүгіретін болады, – деді доданың ашылуында бізге сұхбат берген Д.Рыпаков. – Арасында оқушылар да, зейнеткерлер де бар. Сонымен қатар жарысқа Әмір Байтұқанов, Гүлжанат Жанатбек сияқты бірнеше кәсіби спортшы да қатысуда. Доданың деңгейін көтеру мақсатында келер жылы оның бағдарламасына тағы бір сайыс енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы ретте «Altay Half Marathon» бәсекесінде үздік нәтиже көрсеткен кәсіби спортшылар ірі халықаралық додаларға лицензия ала алатынын айта кеткеніміз де орынды. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биылғы жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің қарасы айтарлықтай көп. Сіркіреп жаңбыр жауып тұрса да, адамдардың көңіл күйі көтеріңкі. Біздің түпкілікті мақсатымыз да осы, себебі, бұл жарыс ең алдымен қарапайым халыққа арналған.
Былтырғыдай биылғы дода да қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар алдын ала жарна төлеуі керек болыпты, оның мөлшері екі мың мен үш жарым мың теңге аралығында ауытқыған көрінеді.
Тағы бір айта кетер жайт, бұл жолғы жарыста жүгірушілердің нәтижелерін заманауи электрондық жүйе анықтады. Бұған қоса жартылай марафон барысында қатысушыларға әр бес шақырым сайын су мен жеміс-жидек ұсынылды. Бір сөзбен айтқанда, дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны қатысушылар да ерекше атап өтті. Мәселен, үш шақырымдық сайыста топ жарған Қуандық Оразғазы есімді семейлік жас спортшыға жарыстың өткен жері – Ертіс өзенінің жағалауындағы трасса айрықша ұнапты.
– Жеңіл атлетикамен айналысқаныма үш жылдай болды. Осы уақыт аралығында біршама жетістікке жеттім деп айта аламын, алайда шеберлігімді әлі де шыңдауым қажет. Еліміздің бірқатар қаласында ұйымдастырылған жарыстарға қатысып үлгердім. Бірақ, бүгінгі доданың жөні бөлек екен, ауа райын айтпасаңыз, қалғанының бәрі жоғары деңгейде, барлығы да ойластырылған. Негізі, үш шақырымдық қашықтықтағы үздік нәтижем тоғыз минут он секундқа тең болатын. Ал бүгінгі көрсеткішім сәл нашарлау, дегенмен жеңіске мұның өзі де жеткілікті болды, – деген жас спортшы енді «Altay Half Marathon» бәсекелерін жібермейтінін де жеткізді.
Айта кетейік, биылғы жарыста жеңімпаз атанған және жүлделі орындарға ілінген спортшыларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Нұржан Кенжеұлы