Қоғам

Ауқымды жобаларға қосымша қаржы бөлінеді

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Үржар ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Аудан әкімі Серік Зайнулдин өткен жылы өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар туралы баяндап, биылға межеленген міндеттерге жеке-жеке  тоқталды.

Жыл қорытындысы бойынша, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 62 000 млн. теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 103%-ға артты. Оның ішінде, мал шаруашылығында 26 661 млн. теңгенің, өсімдік шаруашылығында 35 339 млн. теңгенің өнімі өндірілді.

– Мал шаруашылығы саласында алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2018 жылмен салыстырғанда ет көлемі 21 847 тоннаны құрап, сауылған сүт 83 576 тоннаға артқан. Асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 11, асыл тұқымды қой шаруашылығымен 4 қожалық айналысады. Ауданда  асыл тұқымды ірі қараның үлесі 4,9% (5 180 бас), асыл тұқымды қойдың үлесі 4,2% (8 157 бас) құрайды. Міндет – аудан бойынша селекциялық жұмыстармен қамтылған аналық ірі қара мал санының үлесін 50%-ға жеткізу, – деді аудан әкімі.

Есепті жылы «Алғабас» қожалығы «Аграрлық несие корпорациясының» есебінен 500 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, ауданның шаруа қожалықтарына тегін жалға таратып берді. Бұл шара арқылы көптеген қожалықтар қаржы жұмсамай, малдарын асылдандыруға мүмкіндік алды.

2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 203,3 млн. теңге бөлініп, Үржар ауылындағы 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды, нысанды пайдалануға беру 2020 жылға межеленіп отыр.

2017 жылдан республикалық Таскескен – Бақты жолының 0-20 шақырымдарында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Есепті жылы 1 500 млн. теңге игеріліп, 18 шақырым жолға асфальт төселді. 2019 жылы республикалық Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының 615-705 шақырымын жаңғырту жұмыстары басталып, айналма жол жасалды. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2021 жыл.

Ауданда аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Жан жылуы – жанұяға!» акциясы ұйымдастырылып, 28 отбасы баспаналы болды. Облыстық «Парыз» қоры арқылы 38,2 млн. теңге бөлініп, 20 отбасы баспанамен қамтылды. Жергілікті бюджеттен екі отбасыға үй алуға қаржы бөлініп, жалпы 50 аз қамтылған көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етілді.

Аудан әкімі 2020 жылға межеленген жоспарлар туралы да айтты. Осы жылы Қабанбай, Бақты, Бестерек, Көктал, Елтай, Ақжар, Шолпан, Жоғарғы Егінсу ауылдарындағы су құбыры құрылысына және Үржар (3 кезек), Мақаншы, Сағат ауылдарындағы су құбырларын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2 915 млн. теңге, облыстық бюджеттен 631,5 млн. теңге бөлінді. Кіші елді мекендерді (Подгорное, Үшбұлақ, Амангелді, Қызыл жұлдыз) ауызсумен қамту мақсатында блокты-модульдік станциялар орнатуға облыстық бюджеттен 42 млн. теңге қарастырылып отыр.

Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауылындағы бассейннің құрылысын аяқтауға республикалық, облыстық бюджеттен 212,8 млн. теңге қарастырылды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 пәтерлі үй құрылысына облыстық бюджеттен 34,9 млн. теңге, 30 және 60 пәтерлі үйлердің инженерлік құрылыстарына республикалық, облыстық бюджеттен 149,9 млн. теңге қарастырылып отыр. Нысандарды пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған.

Мақаншыдағы спорт модулінің құрылысына республикалық бюджеттен 330,3 млн. теңге, облыстық бюджеттен 36,7 млн. теңге бөлінді. 2020 жылға облыстық бюджеттен Қаратал, Айтбай, Жанай, Егінсу ауылдарындағы су құбыры құрылыстарының жобалық құжаттарын әзірлеуге 41,7 млн. теңге, Үржар ауылындағы подстанция құрылысының жобалық құжаттарын дайындауға 15,6 млн. теңге қарастырылып отыр. Облыстық бюджеттен Үржар ауылындағы Абылайхан даңғылын абаттандыруға 220,3 млн. теңге, көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыруға 100 млн. теңге, Алакөл жағалауының бас жоспарын түзетуге 38,9 млн. теңге қарастырылды.

Аналар алғысын да,  өтініш-тілектерін де айтты

 Аудан әкімі баяндама барысында облыс әкімінен тағы да бірнеше ауылдың жолын, ауылшаруашылық саласын дамытуға қосымша қаражат сұраған-ды.

– Әкімдеріңіз сұрап отырған қаржының бәрі біздің жоспарда бар. Сіздердің жылдық бюджеттеріңіз 18 млрд. теңге екен. Біз оған тағы бір млрд. теңге қосамыз,  – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін есепті жиынға қатысқан тұрғындар  жарыссөзге шығып, ауданда атқарылып жатқан оң өзгерістерге тоқталса, жалғызбасты аналар мен әлеуметтік жағдай төмен отбасының аналары мұң-мұқтажын ортаға салды.

Мақаншылық зейнеткер Әден Тілеубекұлы ауданда атқарылып жатқан оңды істерге тоқталып, аталмыш ауылға балабақша қажеттілігін жеткізді. Бұған аймақ басшысы «ауылдастарыңызға айта барыңыз, бұл мәселе шешіледі. қажетті қаржыны қарастырамыз», – деді.

Үржар ауылының тұрғыны Роза Болатханова ел таңғаларлық ерен еңбек жасапты. Ол өткен жылы 38000 литр сүт өткізіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Сауыншы әйелдің тірлігіне риза болған аудан әкімдігі ауылшаруашылық күніне орай Розаға сиыр сауатын түрік технологиясын сыйлапты.

«Маған көрсетіп жатқан көмектеріңізге үлкен рақмет. Он сиырдың сүтімен бір отбасын асырап отырмыз. Өткен жылғы табысымыз 4 миллион теңгеге жуықтады. Балалар үй де салып алды. Енді осы шаруамды дамытқым келеді. Тағы 20 сиыр алуға көмектесе аласыздар ма?» – деді Р.Болатханова.

Бұл аудан, облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейге үлгі болатын көрсеткіш екенін тілге тиек еткен аймақ басшысы аудан жұртын осылай еңбек етуге шақырды. Әрі сауыншы ананың өтінішін шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Ауданда өткен «Жан жылуы – жанұяғаІ» атты акцияның игілігін көріп, баспаналы болған 57 көпбалалы ананың бірі Дана Асқанбаева аудан, өңір басшыларына алғысын айтса, мақаншылық жалғызбасты ана Замира Қасенова баспанаға қолы жетпей жүргенін айтып, облыс басшысына мұңын шақты. Сондай-ақ Мақаншы ауылының халыққа қызмет көрсету орталығы мен ауыл әкімінің жұмысына көңіл толмайтындарын жеткізді. Мақаншы ауылының тағы бірнеше жалғызбасты, көпбалалы аналары  әлеуметтік жәрдемақы, медициналық көмекке зәру екендерін баяндады. Осыған орай, аймақ басшысы жеке өтініші бар 20-ға жуық ананы есептік кездесуден кейін бөлек қабылдады.

Аудандық Мәдениет үйінде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты орталық ашылыпты. Онда Абай тойында тігілетін қазақ үйлерінің жобасы мен ғұламаның шығармалары, сондай жергілікті өңірдегі Абай шәкірттерінің еңбектері қойылған. Облыс әкімі орталыққа арнайы барып, ондағы құс көтерген қазақтың сал-серілерімен, құсбегілерімен әңгімелесті.

 

Аудан әкімінің есебі мен көптеген аналардың өтініш-тілектерін тыңдаған аймақ басшысы аудан орталығында салынып жатқан 30 пәтерлі үйге бас сұқты. Бұл аудан әкімінің баяндамасында да айтылған, сол өңірдегі игілікті істердің бірі болатын.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алған нысанға республикалық, облыстық бюджеттен 149,9 млн. теңге қарастырылған. Үй осы жылы пайдалануға берілетін болған. Негізгі жұмыстары аяқталып та қойыпты. Бірақ жаңа үйдің жағдай көңіл қуантпады. Алғашқы пәтердің есігін ашқан аймақ басшысы асығыс істелген терезе жақтауларына, шала әктелген қабырғаларға қарап ренішін жасыра алмады.  Мердігер «СтройЭлитРиэлти»  ЖШС-нің басшысы Пернехан Айтеновқа бұрылып:

–Бұл үйде қалай тұруға болады?! Әр шаршы метрі 140 мың теңгеден тұратын үй осындай бола ма?! – деп сын тезіне алды. Сапасыз құрылыстың сынынан аудан әкімдігі де қағыс қалған жоқ. Мердігерге  қалған қаржысын әзірше бермеуді тапсырған аймақ басшысы жуық арада арнайы комиссия  барып тексеретінін ескертті.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Мұратхан Кенжеханұлы

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button