Қоғам

Қатысушылар саны еселеп артқан

Өскеменде мәнерлеп сырғанаудан «Ақпан жұлдызы» деп аталатын кезекті ашық чемпионат мәресіне жетті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған жарысқа 300-ге жуық жас спортшы қатысты.

Турнирдің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі, «Звездный» мәнерлеп сырғанау клубының директоры Игорь Елисеевтің айтуынша, 2018 жылға дейін Өскеменде дәл мұндай ірі жарыстар өтіп көрмеген-ді. Ал қазір «Ақпан жұлдызы» деген атауға ие чемпионатқа еліміздің спортшыларын қойып, шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Атап айтсақ, биылғы жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Шымкент сияқты қалалардан келген командалармен бірге, мықты мәнерлеп сырғанау мектебі бар ресейлік спортшылар да қатысуға ниет білдіріпті. Байрақты бәсекеде облысымыздың намысын 70-ке жуық жас спортшы қорғады. Арасында конькиге кеше ғана тұрған балақайлармен қатар, спорт шеберіне үміткер жастар да болыпты.

– Осыдан бірер жыл бұрын облысымызда мәнерлеп сырғанау спорты дәл бүгінгідей танымалдылыққа ие болады деген ой, үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Мәселен, алғашқы «Ақпан жұлдызы» турниріне 50-ге жуық үміткер ғана қатысқан еді. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бұл биылғы чемпионатта Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен спортшылардан да аз. Жалпы, бұл жарыста облыс құрамасының сапында біздің «Звездный» атты клубымыздың, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері өнер көрсетуде. Жарысқа Мәскеуден арнайы шақырылған қазылар алқасы төрелік етпек. Бәрі ойдағыдай өтеді, нағыз мықтылар жеңіске жетеді деп сенеміз, – деген еді чемпионаттың ашылуында бізге сұхбат берген И.Елисеев. Ол сонымен қатар бір «әттеген-айын» да айтып қалды.

Оның айтуынша, дәл қазір облыс орталығында мәнерлеп сырғанаушыларға арналған жеке мұз айдыны жоқ. Соның кесірінен жас спортшылар Б.Александров атындағы спорт сарайында, сондай-ақ Тимирязев көшесі пен Қ.Сәтпаев атындағы даңғылда орналасқан мұз айдыны модульдерінде хоккейшілермен және шорт-трекшілермен бірге жаттығуға мәжбүр.

Жарысқа оралсақ, үш күнге созылған турнирдің алғашқы күнінде мұз айдынына ең жас үміткерлер шығып, өзара мықтыны анықтады. Ал екінші және үшінші күндері Б.Александров атындағы спорт сарайына жиналған жанкүйер қауым спорт шеберіне үміткер жастардың өнерін тамашалады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен мәнерлеп сырғанаушылар турнирді ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Осы ретте «Ақпан жұлдызы» ашық чемпионатының өтуіне қолдау білдірген «Казцинк» компаниясы екенін атап өткен орынды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button