Қоғам

Қатысқан шайқастары жайында сыр шертті

Қатысқан шайқастары жайында сыр шертті

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Назарбаевтану» орталығында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен «Жеңіс деп соққан жүректер!» атты кездесу өткізілді.
Кездесу барысында Мәскеу түбіндегі шайқас пен Ленинград блокадасына қатысқан соғыс ардагерлері Павел Ященко мен Анастасия Светочева, сондай-ақ, тыл еңбеккері Нұрғабыл Хайруллин отты жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Осы орайда айта кетейік, бұл майданға 180 мыңнан астам шығысқазақстандықтар аттаныпты. Соның ішінде 109 жерлесіміз Совет Одағының Батыры атағын иеленсе, 22-сі Құрмет орденінің кавалері атанған. Ал отыз мыңнан астам жауынгер әртүрлі санаттағы ордендермен және медальдармен марапатталыпты.
Қазір өңірімізде 457 соғыс ардагері мен 27605 тыл еңбеккерлері бар. Бүгінде ерен ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің есімдері облыс аумағындағы үш елді мекен мен 23 мектепке, сондай-ақ, 160-тан астам көшеге берілген.
Ардагер Павел Ященконың айтуынша, Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» атты жыр шумақтары қоршауда қалған майдангерлерге ерекше рух берген.
– Бұл – Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі. Бізге қаланы азат ету оңайға түскен жоқ. Артиллериялардан жауған оқ пен бомбаның астында қала тұрғындары мен бірге 900 күн бойы қорқынышты күндер мен түндерді бастан кешірдік. Бүгінгі күні блокаданы өз көзімен көрген жауынгер жолдастарыма тағзым етемін. Егер менен ең үлкен бақыт пен байлық не деп сұраса, ойланбастан еліміздің тыныштығы мен бұлтсыз аспан дер едім, – дейді Павел Ященко.
Шара соңында партия атынан ардагерлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етілді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button