Тылсым дүние

Қатып қалған жүректі жібіткен жалбыз

Қатып қалған жүректі жібіткен жалбызБұл әңгімені бала күнімде нағашы атам Жапарханның аузынан сан мәрте естігенмін. Ол кісі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсында тоқсанға таяп барып, дүние салған еді.

Нағашым жақсы ат мініп, түзу мылтық ұстаған, қолынан жүйрік тазы үзілмеген саятшы адам болатын. Алғашқы көбік қар түсісімен ауылдың аңқұмар жігіттерін бастап, қансонарға шығып кететін. Табан астында жанынан бірер шумақ өлең шығарып, айтып тастайтын ақындық өнері де бар-тын. Біз оның қауып айтса да, тауып айтатын ділмәрлығына тәнті болып өстік. Жұдырықтай қара шалдың тұла бойы тұнып тұрған өнер еді.
Қыстың ұзақ кешінде сығырайған керосин шамның жарығымен төртінші сыныпта оқып жүрген маған әбден тозығы жеткен бір кітаптағы «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» сияқты дастандарды оқытқызып қоятын. Атам соларды жатқа да білді ғой деймін. Өйткені, кейде жалығып кеткендіктен, арасында кейбір шу-мақтарын аттап кетсем тонын жас-танып, төр алдында ұйықтағандай болып жататын атам мені тоқтатып қойып: «ана жері былай емес пе еді?» деп, тастап кеткен жерімді өзі жатқа айтып жіберетін. «Балам, көзің талған шығар, енді сен мені тыңдағайсың» деп, арасында өзі де бір әңгіменің шетін бастап кететін. Солардың бірі төмендегідей болып келеді.

«Ерте заманда біздің елде емшілік дарыны алысқа кеткен Қойшығұл деген адам өмір сүріпті. Мен ол туралы әкем Майкеден естігенмін» деп бас-тайтын әңгімесін. Атамның «біздің ел» дейтіні Ұланның Сібе бойын жайлайтын Сарыжомарттар болуы керек. Сол Қойшығұл асқан емшілігімен қатар қолы шипалы сынықшы да екен. Қолы жеткендер оны алыс жерден қос ат жіберіп, алдыртатын көрінеді.

Күндердің күнінде емшінің өз ұлы ауыр сырқатқа ұшырапты. Бірақ, талай дерттің бетін қайтарып жүрген ол ұлының күннен-күнге неден солып бара жатқанын таба алмай қиналады. Ақырында дауасыз, беймәлім дерт ұлын жалмап тынады. «Өлер бала өлді, енді оның сырқатының сырын білуім керек. Алла тағала өзі кешіре жатар» деп, мәйіттің денесін ашып, ішкі құрылысына зер салады. Байқап қараса, ұлының жүрегі тас болып қатып қалған екен. Содан ол жалғыз ұлынан бір белгі қалдыру үшін әлгі жүректен кездігіне сап жасап алып, оны үнемі беліне тағып жүретін болыпты.

Арада қаншама уақыт өткенін кім білсін, емші бір жолы жолаушылап келе жатып, бір бұлақтың бойына ат шалдырады. Өзі де шамалы уақыт көз ілдіріп алмақ оймен белбеуін қындағы кездігімен бір түп шөптің түбіне тастай салыпты. Әлден уақытта оянып, жанындағы белбеуіне қол созса, кездік сабының жібіп кеткенін көреді. Сонда емші: «Ах, мен мұны неғып білмегенмін!» деп санын бір соғып, қатты өкініпті. Сөйтсе, кездігін бір шоқ жалбыздың түбіне тастағанын байқайды.

– Жалбыздың емдік қасиеті ересен ғой, жүректі жібітсе, жібітіп те жіберген шығар, кім білсін, – деп отыратын өзі де көп шөптің сырын жете білген атам марқұм.

Сонау бала күнімде естіген осы әңгіме жадымнан мүлде шығып кеткен екен. Жуықта дәл осы аңызды атамның кенже ұлы, қазірде сексеннің сеңгіріне шыққан Мамырханның аузынан қайталай естігенімде, «ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жетіп келе жатқан сан түрлі аңыздарда да бір шындық бар шығар» деген ойға қалдым.

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button