Атымтайлар алқаланды
«Жомарт жүрек» конкурсының облыстық кезеңі мәреге жетті. Жинаған дәулетін халықпен бөлісуге жігері жеткен мәрт жерлестеріміз баршылық екен. Оларды аймақ басшысы Даниал Ахметов құттықтап, ел атынан алғыс білдірді.
-Бүгінгі айтулы сәт Тұңғыш Президент күнінің қарсаңына дөп келіпті. Кең-байтақ, жеті қырлы Ұлы далаға жаңа тыныс беріп, өркениет көшіне қосқан, бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған ұлы замандасымызбен мақтану – біз үшін заңды құбылыс. Нұрсұлтан Назарбаев – сарабдал еңбегімен, салиқалы саясатымен тарихи қысқа уақытта Қазақстанды дүние жүзіне танытқан, жаһандық бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан әлемдік ауқымдағы ерен тұлға. Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Егемен елдің іргесі берік, бірлігі бекем, айбыны асқақ болсын! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Көктемде болған тасқын елді де, ерді де бір сынап алды. Халық басқа түскен ауыртпалықты қара нардай көтере білді. Елі естілік танытып жатқанда, ерлер де есеңгіреп қалған жоқ. Қолындағы барын жұртқа ұсынып, апат ортасында елмен бірге жүрді. «Жомарт жүрек» деген ұғымның ірі кәсіпкерлер мен алпауыт компания басшыларына ғана қатысты емес екенін сол кезде көргенбіз. Бірі дәмханасынан тегін тамақ ұсынса, бірі үй-үйді аралап ыстық ас таратып жатты. Солардың барлығы жасаған жақсылығын жар салып айтуға бейілді болмағанын журналист қауымы жақсы біледі. Ауылдасы апатқа ұшырап жатқанда бір жағынан шығысу тәңір ақысы деп біледі, ауылдағы ағайын. Ал бүгінгі салтанатты іс-шарада сол тасқындар кезінде елге мейлінше мол көмек ұсынып, апат салдарын жеңілдету үшін миллиондап қаржы жұмсаған Болат Өтемұратовқа зор құрмет көрсетілді. Оның қоры «Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамымен» бірлесіп 21 елді мекеннің 863 тұрғынына көмек қолын созған болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Жомарт жүрек» иесі бұл шараға қатыса алмады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алатын «Менің мектебім» акциясында маңдайы жарқырай көрінген кәсіпкерлердің мәрттігі де кеш барысында тілге тиек болды. Демеушілік қаржы есебінен 277 білім ошағында Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісіндегі толық жиынтықты пән кабинеттері құрылғанын бұған дейін де талай жазғанбыз.
Болат білекті жандардың жомарт жүректі болатынын «Барыс балуан» Айбек Нұғымаров дәлелдеп, Құндызды ауылына спорт кешенін ашып берген екен. Ол да конкурс жеңімпазы атанды. 100 млн. теңгеден астам қаржыға хоккей модулін салып берген Константин Поп та бородулихалық жерлестерінің алғысына бөленді.
Көкпекті ауылының Ақой ауылында медициналық бекет салып, дәрігеріне үй сатып берген Қайрат Дүйсембаев, Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы ауруханаға жеделсаты орнатып берген Рақымғали Құл-Мұхамед, Семейде салынуы жыр болған мешіт құрылысын өз қолына алған Дулат Тастекеев те сырттай марапатталды. Ауа райының қолайсыздығы талай мәртебелі мейманды жолдан қалдырыпты.
Осы және өзге де аты аталмаған ондаған кәсіпкер «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» дейтін аталымдар бойынша үздік танылды.
Қазақ жерінің асылы мен ақығын игеріп жатқан «Қазмырыш», «Kaz Minerals Aktogay», «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» сияқты алпауыттар да назардан тыс қалмапты.
Салтанатты жиын соңы Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік концертке ұласты.
Есімжан Нақтыбайұлы