Аты аңызға айналған Мақта анамыз жайлы не білеміз?
Қазақ шежіресінде ақыл-парасатымен ел анасы болған, тұтас руларға есімі берілген, аты елді бірлікке шақыратын ұранға айналған әйел-ана бейнелері баршылық. Соның ішінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, аңыздармен айшықталып жеткен асқақ тұлғалы аналар легі Байжігіт елінде де жетерлік. Олар: Жұмық бабамыздың қызы найзагер Данабике батыр, Малайсары батырдың қарындасы, Қабанбай бабамыздың жары Гауһар батыр, олардың тұңғышы Назым батыр, есімі рудың атына негіз болған, бір рулы елдің ұйытқысы бола білген Мұрын анамыз, өзінің ақындығы, шешендігімен ел есінде қалған Мақта анамыз.
Көріп отырғанымыздай, келтірілген осы деректердің өзі халқымыздың қиын да қилы тарихында аналарымыздың лайықты орын иеленгенін көрсетсе, екіншіден, аналарымыздың отбасы, ошақ қасынан шығып, ел басқару, елді жаудан қорғау сияқты маңызды істерге ерлермен бірдей атсалысқанын айғақтайды.
Қаншама заман өтсе де, аналарымыз жайлы деректердің ел жадында сақталуы да қазақ арасындағы ана мәртебесінің биіктігінің белгісі болар.
Ал бүгінгі тоқталатынымыз, есімі Байжігіт руымен жарыса дәріптелетін Мақта анамыз туралы болмақ.
Мақта анамыз – Найман-Байыс бай мен Ұлы жүз Үйсіннен тарайтын Бәйдібек би мен Домалақ анадан туған Жүзей (Мұрын) анамыздың жалғыз қызы, Сармырза, Ақымбет, Сыбан, Қыржының қарындастары.
Қазақтың «Баланың жақсысы нағашыдан» деген нақылына сүйенсек, Мақта анамыздың адамгершілігімен, аналық қасиетімен, ақындығымен, ақылдылығымен даралануы да нағашы жұртының тектілігінен болуы керек. Өйткені Мақта анамыздың анасы – аты бір рулы елге негіз болған Мұрын анамыз. Мұрын анамыздың анасы – аты қазақ шежіресінде қалған әйгілі Домалақ анамыз. Домалақ анамыздың шыққан тегіне келсек, әкесі Әли Слан – Ақсақ Темірдің қарамағында әскер басқарған әскербасы, шешесі түркістандық Мақтым Ағзам қожаның қызы. Нағашы атасы Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гауһар бибінің ұрпағы делінген. Бойында осындай керемет адамдардың қаны бар текті әулетте дүниеге келген Домалақ анадан туған Мұрын анамыз да, одан туған бүкіл алты Жұмық, бес Сатының түп анасы Мақта анамыздың да нағашы тегіне тартпауы мүмкін болмас.
Айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көрегендік қасиеттерімен, ақыл-парасатымен ерекшелінген Домалақ анамыздан тараған қызы Ақбүбі-Мұрыннан қазіргі Мұрын руы, екінші қызы Күнбүбі-Қызай қыздан қазіргі «Қызай» руы, ұлы Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат рулары тараған. Осы шежіреге сүйенсек, Ұлы жүздегі Албан, Суан, Дулат рулары – Мұрын елі мен Байжігіт елінің түп нағашылары, яғни нағашы-жиендер болып есептелсе, Қызай мен Мұрын рулары апалы-сіңлілі қыздан өрбіген бөлелер болып шығады екен. Ал Ақсуат өңірінде тұратын Мұрын елі біздің Мақта анамыздың туған нағашылары, яғни Байжігіт елінің түп нағашысы ретінде саналады.
Қазіргі кезде Мақта анамыздың ұрпақтары Тарбағатай, Маңырақ, Сайқан, Сауыр, Қытай елінде Темір, Содыр, Бонжун, Шәуешек, Бахта жерлерін мекендеген, өсіп-өнген іргелі елге айналған.
Біздің Мақта анамыз бен Тоқтарқожа атамыз туралы ең алғашқы жазбаша естелік 1910 жылы шыққан зерттеуші Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» кітабында жазылған екен. Сонымен, жаугершілік заманда біздің атамыз түркістандық Тоқтарқожа Қаракерей Байыс байға келіп, тиянақтап Мақта анамызға үйленген екен. Сонда Мақта анамыз әкесіне мынадай шарт қойыпты: «Олай болса, менің ұрпағым бесінші Байыс болады, төрт ұлыңнан бөлмейсің, екінші – төрт ұлыңа енші бергенде менің де еншім солармен бірдей болады, үшінші – жаз жайлап, қыс қыстайтын жайлы қоныс бересің». Әкесі жалғыз ерке қызының шартын орындауға уәде беріп, ұлдарын шақырып, қызының талабын орындайтынын және олардың да Мақтаның ұрпағын шеттемеуін тапсырған екен. Бұл Мақта анамыздың ұрпағының алдағы қамын ойлаған көрегендігі, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түйсіне білген тектілігі болар.
Сонымен, атамыз Тоқтарқожа мен Мақта анамыздан Байжігіт, Жанжігіт деген ұлдары өсіп, кейіннен Жанжігітті алып Тоқтарқожа Түркістанға өз еліне қайтқаны, ал біздің Байжігіт атамыз нағашы жұртында Байыстың ұлы ретінде бес Байыстың бірі боп өсіп-өніп ұрпақ жайғаны тарихтан белгілі.
Сол кезде Шарды мекендеген Мақта апамыз ұлы Байжігіт ержете, ұрпағының ертеңін ойлап, текті жерден қыз алып, текті жермен құда болуды армандап, Ақтамберді жырау айтқандай, «елден елді аралап, тектіден текті саралап» Байжігіт бабамызға қалыңдық іздеген екен. Келін таңдағанда қатты қырағылық танытатын аталарымыз «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалайтын салтымен анамыз Мақта да «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағиданы ұстанып, «тегі таза», «жатыны асыл» қалыңдық іздеп, Қалба тауында тұратын Матай-Қаптағай батырдың немересі Бүрленге көзі түсіп, келін қып түсірген екен. Оны біз Таңатар Кәрібайұлының «Байжігіттің үйленуі» дастанынан көреміз:
«Байжігіт менің жиенім,
Сөзіме өзім иемін.
Жетелетем қалыңға,
Ботасын ертіп түйенің.
Алла атымен ант етем,
Адалдықты сүйемін!
Жылқы берем үйірлеп,
Сиыр берем табындап,
Қой беремін қоралап,
Алыңыздар қабылдап», – дейді құдалыққа барған Мақта анамыздың ағасы Сармырза батасында. Бұл әке аманатына қиянат жасамай, жиенін туған бауырындай көрген нағашыларының арқасында атамыз Байжігіттің ештеңеден кем-қор болмай ержеткенінің белгісі болар.
Иә, «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп сірә да тегін айтпаған аталарымыз.
Сонымен, отау құрған Бүрлен анамыз бен Байжігіт атамыздан Арыс, Айтымбет дүниеге келіп, жаугершілік заманда ерте қайтып, артында ұрпақ қалмаған делінген.
Екінші әйелінен Тоғас, Жұмық туған. Үшінші әйелінен Мәмбет туып, бес Байжігіттен өсіп-өнген бүгінгі «алты Жұмық, бес Сатының» ұрпақтары тарайтыны белгілі.
Содан бері арада 300 жылдай уақыт өтсе де, сөзге шешен, ақынжанды анамыз ақыл-парасатының арқасында аңыз боп бізге жетті. Аңыз түбі ақиқат екенін ескерсек, бұл қазақ қыздарының ежелден өздерінің аналық парызына деген адалдықтарының, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерінің, ұстанымдарының деңгейінің көрсеткіші болса керек.
«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп қараған аталарымыз ежелден қыз тәрбиесіне өте көп көңіл бөлді. Неге? Өйткені аталарымыз ұлтының бар жақсылығын, салт-санасын немересіне, немересінен шөбересіне жеткізетін, ортасының береке-бірлігін, туыстың татулығын жалғайтын сол елдің қызы екенін біліп, қызына төрден орын беріп, қонақ деп еркелетіп, парасаттылыққа баулып, еркін өсірді. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шықты. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнжі-сәтір кимей-ақ, еркіндік пен есерліктің ара-жігін ажырата білді. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп сенім артқан аға-інілеріне тірек те бола білді. Осындай қасиеттерді бойына жинаған қыздарына аталарымыз керек жерінде тыйым салып, керек жерінде ермен тең құқық та берді.
Кезінде қызға көрсетілген құрмет пен артқан жауапкершілік осындай болды, ал бүгін ше?..
Кезінде аналарымыз бар ғұмырын желі мен жер ошақтың басында өткізсе де, балаларына тәлім-тәрбие беріп, қазақи құндылықтарды ұялата білді. Ал қазір, тең құқылы әйелдер қауымы, ұлт алдындағы өз парызымызды қандай деңгейде өтеп жүрміз? Бұл да – ойланарлық жайт. Шындығында, тіршіліктің ауыртпалығына қарамастан өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол ерлікті де, өрлікті де, имандылық пен инабаттылықты да ана сүтімен перзентіне сіңіре білді…
Сол үшін құрметке лайық болды және құрметтелді де. Өйткені нағыз азаматты аналар тәрбиеледі. Соның нәтижесінде қазақ халқы ұстанымы мықты, үлгілі ұлт болды. Қазіргі кезеңде еліміздің рухани өмірінде жарқын істермен қатар келеңсіз жайлар орын алып жатса, ол тәрбиеден кеткен олқылық, оның ішінде анаға артылған жауапкершілік деңгейінің көрінісі екені шындық.
Бірақ қоғамның анаға деген құрметінің арқасында бүгінгі күні Ақжар ауылының төрінен Мақта анамызға еңселі ескерткіш орнатылды. Оны ұлт бесігін тербете отырып, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошаққасы тірлігінен асып, рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген бүкіл аналарымызға деген құрмет, бүкіл қазақтың қыздарына деген құрмет деп бағалағанымыз жөн болар. Ол қашанда тектілігі мен ізгілігі жарасқан, әулетінің дәрежесі мен беделін көтеруге ұмтылған аналар қай кезде де қоғам тарапынан өзінің лайықты бағасын алатынының белгісі болар. Түптеп келгенде, Мақта анамызға қойылған бұл ескерткіш бүкіл Байжігіт ұрпағының аналарына, қыздарына жүктелген үлкен жауапкершілік екені де сөзсіз. Ал ел тарапынан, ел азаматтары тарапынан көрсетілген осы құрметке лайық болу Байжігіт руының аналары мен қыздарынан ұрпақ тәрбиесіне жауаптылығын одан сайын арттыра түспек. Сондықтан елімнің шығар тауы биіктен болсын деген әр қазақ үшін ұлтымызды тәрбиелейтін қыздарымыздың, ұлан-ғайыр жеріміздің иесі ұлдарымыздың тәрбиесі қашанда бірінші кезекте тұрары анық.
Мария Дүйсекенова
Ақжар ауылы, Тарбағатай ауданы.