Атқарылған іс ауқымды

Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов өткен жылы атқарылған шаруалар мен алдағы міндеттерді саралады. Оның бастамасымен былтырдан бері көптеген істер толық орындалып, тұрғындар ризашылығын білдіруде.
Ауыл шаруашылығында өсім бар
Үржар – ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі аудандардың бірі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 80 697,0 млн. теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 117,3%-ды құрады.
59,9 мың гектар дәнді дақыл орылып, барлығы 107,3 мың тонна өнім алынды. Сонымен бірге, 91,1 мың тонна майлы дақылдар өнімі, 61 мың тонна картоп, 48 мың тонна көкөніс, 35 мың тонна бақша дақылдары жиналды.97 ауылшаруашылық құрылымы жалпы құны 1665,5 млн. теңгеге 213 жаңа техника сатып әкелді.
Мал шаруашылығында былтыр 2019 жылмен салыстырғанда өндірілген ет көлемі 23 593 тоннаға (6%), сауылған сүт 87 952,8 тоннаға (3,4%), жұмыртқа 19 821 мың данаға (6,7%) дейін көбейді.
Асыл тұқымды ірі қарамен 33 қожалық, асыл тұқымды қой шаруашылығымен 28 қожалық айналысады. Бүгінде жалпы мал басынан асыл тұқымды ірі қараның үлесі 4,4%-ды (4896 бас), асыл тұқымды қойдың үлесі 6,5%-ды (12 589 бас) құрайды.
Ара шаруашылығымен 130-дан астам шаруашылық, оның ішінде 11-і асыл тұқымды ара шаруашылығымен шұғылданады. Жылына 5 мыңға жуық ара ұясынан орта есеппен 280 тонна бал өндіріледі.
Ауданда 2565 шаруа қожалық, 2279 жеке кәсіпкер бар. Аудандағы экономикалық белсенді халықтың 12,1%-ы немесе 4 569 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Пандемияға қарамастан былтыр сегіз дүкен, төрт қоғамдық тамақтану орны, екі шаштараз іске қосылып, 30-ға жуық жұмыс орны ашылды.
Инфляцияны тежеу мақсатында әр сенбіде Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында 84 жәрмеңке ұйымдастырылды. Барлығы 75 млн. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен саудаланды.Сауда нысандары ішінен ашылған әлеуметтік бұрыштарға аз қамтылған отбасылар бекітілді. Бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік тауарлары 10%-ға төмен бағамен босатылуда. Сонымен қатар «Көмек қолыңды бер!» акциясы негізінде мұқтаждарға көмек шаралары ұйымдастырылып, Үржарауылында «Гүлназ», Мақаншы ауылында «Нэйля» дүкендерінде күнделікті тегін нантізім бойынша таратылуда.
Шалғайда орналасқан елді мекендерді бірінші кезектегі азық-түлік тауарлармен қамту мақсатында көтерме тасымалдаушылармен келісім жүргізіліп, төмен бағамен 19 рет азық-түлік керуені ұйымдастырылып, жалпы сомасы 34,2 млн. теңгенің саудасы жасалды. Бұл іс-шара биыл да жалғасады.
Өндіріс саласы бойынша айтар болсақ, Үржар ауданы бойынша Индустрияландыру картасына жалпы құны 19 704,0 млн. теңге болатын екі жоба енгізілген. Олар – катодты мыс өндіру гидрометаллургиялық зауытының құрылысын салу және «Бақты» кедені өткелінде көлік-логистикалық орталық салу.
Алғашқы жоба бойынша жылына 5 мың тонна мыс өндіру және 350 адамға жаңа жұмыс орнынашу жоспарланған. «Бақты» кедені өткелінде көлік-логистикалық орталық салу жобасы2022 жылға дейін іске асады. Қазір уақытша сақтау қоймасы іске қосылып, 39 адам еңбек етуде.
Құрылыс жұмыстары қарқын алады
Алакөл аймағында демалушыларға қызмет көрсететін 355 кәсіпкерлік нысан орналасқан. 188 демалыс базасы бар, оның ішінде 2020 жылы 13 демалыс базасы іске қосылды. Былтыр демалушылар саны 40 829 адамға жетіп, көрсетілген қызмет сомасы 473 275,3 мың теңгені құрады, пандемия демалушылар санының төмендеуіне әсер тигізді.
Жағалауда 3700 орынға арналған мәдени ойын-сауық «Alazone Arena» орталығы, 240 орынға арналған «Алакөл лайф» туристік кешені салынуда. Іске қосу осы жылға жоспарланған.
Көл жағалауында су құбыры жүйесінің және «Мақаншы – Көктал» бағыты арқылы жоғары вольтты электр желісінің құрылысы басталды. Жұмыстар биыл аяқталады. Үржар әуежайын қайта құру жұмысы басталды. Жоба аяқталған соң әуежай үлкен ұшақтарды қабылдай алады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 15 215 шаршы метрді құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 18,8%-ға немесе 2421 шаршы метрге артты.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін облыс әкімінің бастамасымен бюджеттен бөлінген 806,4 млн.теңгеге Ақжар ауылында 24 қоспәтерлі үйдің кілті 48 көпбалалы отбасыға желтоқсан айында табыс етілді.
Аталған шара 2021 жылы жалғасады. Таскескен ауылында 5 үй, Ақжар ауылында 20 үй, Мақаншы ауылында 25 үй, барлығы 50 қоспәтерлі үйдің құрылысы жүреді.
Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауылында жүзу бассейнінің, Мақаншы ауылында спорт модулінің құрылысы жүрді. Нысандар биыл пайдалануға беріледі.
Осы жылы былтыр басталған Үржар әуежайын қайта жаңғырту және Алакөл жағалауында су құбыры жүйесін салу сынды екі ірі жоба жалғасын табады. Одан тыс, Мақаншы, Қабанбай, Бақты, Үржар, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Ақжар, Шолпан ауылдарында су құбыры жүйелерін салу жұмысы жалғасады. Барқытбел ауылында су құбырлары салына бастайды.Қызылбұлақ, Бұғыбай, Благодатное, Қарабұйрат елді мекендеріне су жүйесінің блок модульдері орнатылады. Үржар ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.«Бір қабатты Шығыс» жобасымен Мақаншы ауылында 10, Таскескен ауылында 5, Үржар ауылында 10 қоспәтерлі үй салуға облысқа сұраныс берілді.
Жоғарғы Егінсу ауылына кіреберіс 6 шақырым жол, Келдімұрат ауылының 7,5 шақырым көшелері орташа жөнделеді.Салқынбел ауылдық Мәдениет үйін ағымды жөндеу, Үржардағы «Болашақ» паркіне жөндеу жұмыстары жасалады.
Сонымен қатар Қабанбайдағы спорт модулін салу, Үржар ауылындағы 50 орындық дәрігерлік амбулатория құрылысына, Егінсу және Ақтамберді орта мектептеріне күрделі жөндеу, тірек ауылдарына жататын Таскескен, Жоғарғы Егінсу ауылдарының көшелерін жөндеуге, жарықтандыруға облысқа бюджеттік сұраныс берілген. Қаржы бөлу мәселесі облыстық бюджетті нақтылау кезінде оң шешіледі деп ойлаймыз.
Әлеуметтік саланың әлеуеті артады
Пандемияға байланысты аудандағы 51 мектептің 26-сы қашықтан, 25 мектепте штаттық режімде оқытуда. 6287 оқушы қашықтан, 3939 оқушы мектепте «кезекші сыныптарда» және 25 шағын жинақталған мектепте 2171 бала штаттық режимде білім алып жатыр.
Қашықтан оқитын оқушылардың 4083-і (65%) компьютермен қамтылған. Компьютерлері жоқ 2204 оқушы смартфондармен оқиды және «Balapan» және «El аrna» телеарналары арқылы білім алуға мүмкіндігі бар.
Былтыр мектептер жергілікті бюджет есебінен 70 ноутбукпен, республикалық бюджет есебінен 217 ноутбукпен, облыстық білім басқармасы тарапынан 153 компьютер және 5200 ноутбукпен қамтамасыз етілді.
Аз қамтылған және көпбалалы 660 отбасының (1320 оқушы) балаларын тегін интернетпен қамтамасыз ету үшін 2 айлық тарифі бар 660 роутер уақытша пайдалануға берілді. Барлығы интернетпен 4524 оқушы қамтылған, 1763 оқушы мобильді интернетті пайдаланады.
Мектептерге қосымша 480 бейнебақылау камераларды орнату үшін аудандық бюджеттен 19,5 млн. теңге қаражат бөлінді.Инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында Абылайхан атындағы, Мақаншы мектептеріне 3250,0 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен екі кабинет ашылды.Білім ошақтарында 29 жоба бойынша 1307,4 млн.теңге қаржыға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Аудан тұрғындарына бір орталық аурухана, бір ауданаралық аурухана, 25 ауылдық дәрігерлік амбулатория, сегіз фельдшерлік акушерлік пункттер, 22 медициналық пункттер қызмет көрсетеді.
2020 жылы ауданның медициналық бірлестігіне 14 жас маман жұмысқа қабылданды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу мақсатында жеті маманға 29,1 млн.теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, тоғыз маманға 2,5 млн.теңгеге көтерме жәрдемақы төленді.
Жаңатілек, №3 дәрігерлік амбулатория, жұқпалы аурулар бөлімі жөндеуден өтіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Науалы дәрігерлік амбулаториялары, Малақ, Текебұлақ, Айтбай, Қызылту фельдшерлік акушерлік пункттері, қабылдау бөлімі, Үржар аудандық ауруханасының емхана бөлімінің 2-ші және 3-ші қабаты жөнделініп, жиhазбен қамтамасыз етілді. Лаборатория бөлімі мен стоматология кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтылды.Таскескен дәрігерлік амбулаториясына жаңадан екі рентген аппараты орнатылды.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша 38 дәрігер қайта даярлаудан өтіп, үш дәрігер және төрт медбике шетелде білімдерін жетілдірді. Емдеу мекемелерін материалдық жабдықтауға 42 млн. 283 мың теңге қаржы қарастырылды. Жыл аяғында облыс әкімінің қолдауымен ауданға бес жедел жәрдем көлігі берілді.
Індетпен күресу кезеңінде ауданның медицина саласына облыс әкімдігі тарапынан ауқымды көмектер көрсетілді.Аудандық ауруханаға компьютерлік тамография модулі, оттегі станциясы, ПТР зертханасы орнатылып, бес санитарлық автокөлік берілді.Облыстық «Парыз» қайырымдылық қоры есебінен 32,5 млн. теңге бөлініп, аудандық орталық аурухананың инфекция бөлімінің алдына модульді стационар орнатылып, төсек-орын мен жабдықтар алынды.№2 Мақаншы ауданаралық ауруханасының бос тұрған ғимараты инфекциялық аурухана ретінде ашылды,жасанды демалу стансасы, оттегі жүйесі орнатылды.
Бейсенғазы Ұлықбек