Қоғам

Атомнан зардап шеккен жұртқа қорған болған Қорғанбаев

Семей полигонының жабылғанына – 25 жыл

Атомнан зардап шеккен жұртқа қорған болған Қорғанбаев

Осыдан 2-3 жыл бұрын қазан айының ызғарлы күндерінің бірінде үйге бейтаныс жігіт келіп, әкем Ұлы Отан соғысының ардагері Жағыпар Жүнісжанұлына бір парақ ұсыныс хатқа қол қоюын өтінді, ұсыныстың мәтіні шаруашылық жүргізудің шебері, полигонды жабуға алғашқылардың бірі болып белсене атсалысқан Мұратхан Қорғанбаевқа көше атын беру туралы екен. Қол қойдырып болған соң, мен: «Мұратхан ағаның баласымысың?», – деп сұрадым. Ол бірден: «Иә, есімім – Досымхан», – деп жауап қайырды.

Тұралаған ауылды қайта түлетті

Менің көктен іздегенім жерден табылғандай болды, өйткені Қарауылдағы тарихи-өлкетану мұражайында ол кісі жөнінде ешбір дерек жоқ болатын.
– Мүмкіндігің болса, әкең туралы деректерді мұражайға тапсырсаң жөн болар еді, – дедім.
Көп кешікпей Досымхан Мұратханұлы әкесі туралы кітапты, орден-медальдарын, фотосуреттерін, көптеген құнды дүниелерді мұражайға беріп жіберіпті.
Мұратхан Қорғанбаевты мен аудандық партия комитетіне қызметке орналасқан – өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан жақсы білемін. Дастархандас болмасақ та, іссапармен ол басқарған шаруашылықтарға барғанда міндетті түрде ол кісіге арнайы кіріп сәлем беретінмін. Партия комитетінің хатшысы болмай қалғанда, фермаларды аралауға көлікпен көмектесетін.
Мұратхан Қорғанбайұлы 1938 жылы 1 мамырда Саржал ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қорғанбай ұлының табиғи зеректілігін байқап, оны бала күнінен атбегілік, балуандық, әншілік өнерлерге баулыған. Мұратхан Саржал орта мектебін бітірген соң, еңбек жолын 1956 жылы Абай атындағы кеңшарда ферма мал дәрігерінің көмекшісі қызметінен бастайды.
1958-1961 жылдары Семей ауылшаруашылық техникумын үздік бітіріп, Бірлік кеңшарында мал дәрігері, кейіннен ферма меңгерушісі болып қызмет атқарады.
1971 жылы экономикасы құлдырап кеткен Архат кеңшарына директорлық қызметке жоғарылатады.
Архат өңірінің өрге басып өркендеуі осы Мұқаңның арқасы десек, еш қателеспейміз. Оның бойында қарапайымдылық, ұстамдылық пен біліктілік қасиеттер ұштасып жататын.
Өзіне және кадрларға талап қоюдың нәтижесінде экономикалық жағынан әлсіз шаруашылық бірер жылда облыстағы алдыңғы қатарлы кеңшарлардың сапына қосылды.
Соның нәтижесінде әр жүз саулықтан 102 қозы алынды, бордақыға қойылған әр бас ірі қараның орта салмағы 500 келідей кг асып жығылды, екпе шөптің көлемі ұлғайып, барлық дайындалған мал азығын түгелдей тайлап буып, дер кезінде қыстақтарға жеткізу дағдылы іске айналды.
Мемлекеттік жоспарлар жыл сайын асыра орындалып, кеңшар одақтық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы атанды.
М.Қорғанбаев сол кездегі ең жоғарғы мемлекеттік награда – Ленин орденімен марапатталды.
1982 жылы СОКП-ның атақты май пленумына сәйкес артта қалған Жданов атындағы кеңшарды көтеруге Мұратхан Қорғанбаев жіберіледі.
Осыдан біраз бұрын Жданов атындағы совхозда көзбояушылық жасаған мәлімет беру орын алып, істеп жүрген директоры аудандық партия комитетінің бюросында есеп карточкасына жазылған сөгіс алып, қызметінен босатылған болатын.
Бірер жылда бір кездегі 1,5 млн сом заламен жұмыс жасайтын шаруашылық 1 млн 100 сом таза пайдамен шықты. Жданов атындағы кеңшар Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанып, СОКП Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жданов атындағы кеңшарды озаттар қатарына қосқан ол 1987 жылы өзінің туған жері Саржал ауылындағы кеңшарды басқаруға жіберілді.

Полигонның құрбаны

Атомнан зардап шеккен жұртқа қорған болған Қорғанбаев

Осы жерде жүріп ол полигон зардабының қасіретін тартқан жүздеген адамның зары мен қайғылы мұңын естіді.
1989 жылы ақпан айында мемлекет қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов астанамыз Алматыда «Невада-Семей» қозғалысын ұйымдастырып, тұңғыш рет полигонды жабу жөнінде митинг өткізді.

Мұратхан Қорғанбаевтың іздегені де осы еді, дереу О.Сүлейменовпен хабарласып, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында митинг өткізу жөнінен ұсыныс айтады. 1989 жылдың жаз айларының бірінде Абай ауданының мыңдаған халқы Қарауыл ауылынан Қарауыл төбесіне дейін шеру ұйымдастырады.

Шерудің алдыңғы сапында О.Сүлейменов, М.Қорғанбаев, Т.Слямбеков, ауданның бірінші басшысы Х.Матаев, ақын Т.Жанғалиев жүрді.
Бұл Қызыл империяның дүркіреп тұрған кезіндегі үлкен тарихи уақиға еді…
М.Қорғанбаев Абай ауданының жан айқайын облыс, республика басшыларына жеткізу үшін бірнеше рет Абай ауданы халқы атынан хат жолдады.

Елдің жанайқайын естіген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда полигонды жабу жөнінде Жарлық шығарды.
Полигон жабылды, бірақ оның зардабы жойылған жоқ. Осы орайда М.Қорғанбаев елдің жағдайын жақсартуға байланысты республикалық дәрежеде Заң қабылдауға бар күш-жігерін жұмсайды.

1992 жылы 9 шілде күні облыстық кеңестің кезекті сессиясында (ол кезде М.Қорғанбаев облыстық кеңестің депутаты болатын) қолын көтереді, оны басқарып отырған облыстық кеңестің төрағасы Кешірім Бозтаев байқап қалып, сөз берді.
– Сіздер, бағанадан, объектілерді салу жөнінде мәселе көтеріп жатырсыздар. Оның бәрі дұрыс. Семей ядролық сынақ полигоны, деп жатырмыз, сол сынақ Саржал ауылынан 16-18 шақырым жерде жүрді, қасірет деген – осы! Осы жағдайларды баяндап Қазақстан Премьер-министрі С.Терещенко, облыс әкімі В.Черновтың атына бірнеше рет хат жаздым, бірақ нәтиже жоқ, – деп сөзін бастағанда К.Бозтаев:
– Осы мәселе жөнінде астанаға комиссия жібергелі отырмыз, оның құрамына М.Қорғанбаевты да енгізу керек! – деп тұжырымдайды.

Арада біраз уақыт өткенде Кешірім Бозтаев М.Қорғанбаевты шақыртады да:
– Құрамында В.Белоусов цемент зауытының бригадирі, облыстық кеңестің депутаты, Абыралы ауданы әкімінің орынбасары Б.Жәкішев және сен Алматыға барасыңдар. Бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 12 жарымда ұшасыңдар. Сағат 16-да вице-президент Е.Асанбаев қабылдайды. Ал ертең сағат 11-е Жоғары Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин қабылдайтын болады, – деп аттандырып салады. Айтқан уақытында комиссия мүшелері Алматыға барады.

Вице-президент уақытының тығыздығын айтып, 15 минут қана уақыт береді. М.Қорғанбаев бар ойын осы уақытта сыйғызып үлгіреді. Әбден тыңдап болған вице-президент:
– Қазір кірістен гөрі шығыс көп. Ақша қайдан табылады? Халықтың әлеуметтік жағдайын заңдастыру үшін миллиардтаған қаражат керек, мәселені жағдай түзелгенде шешуге болады, – деп қорытындылайды.

Комиссия мүшелерінің үн-жұрғасы түсіп, келесі қабылдайтын Жоғары Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдинге беттейді.
С.Әбділдиннің қабылдауында болғанда В.Белоусовтың ұсынысы бойынша сөз кезегі тағы да М.Қорғанбаевқа беріледі.

– Біз, – деді Мұратхан – Ұлы Абай, Шәкерім, Мұхтардың кіндік қаны тамған жерден келіп отырмыз. Ядролық сынақтарды хайуанаттармен бірге адамдар бастан кешірген өңірден келдік. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жарияланған соғыс болса, 40 жылдан астам «жарияланбаған соғыс» қасіретін тартқан елден келдік.
М.Қорғанбаевтың қордалы мәселесін мұқият тыңдаған Серікболсын Әбділдин: – Айтылған мәселелер өте орынды, ол жөнінде республикалық комиссия құрылады. Полигонға таяу орналасқан елді мекендерге ядролық жарылыстардың зардаптарына орай төленетін өтемақының мөлшері жеке қаралуы қажет, – деп сөзін түйіндейді.
Содан М.Қорғанбаев біраз жұмыстардың бетін қайырып, ауылына оралды.

Арада бірер ай өткен соң М.Қорғанбаевқа облыстық кеңестің төрағасы К.Бозтаевтың көмекшісі В.Башилов телефон шалып:
-Кешірім Бозтайұлы бүгін Алматыға жүргелі жатыр. Семей полигонына республикалық комиссияның отырысы болады. Соған сіз қатыса аласыз ба? – деп сұрайды.

Ойланып тұруды уақыт көтермейді, Мұқаң бірден келіседі.

Тағы да Алматы, тағы да комиссия отырысы.

Семей полигонына байланысты құрылған комиссия төрағасы Т.Тоқтаров хабарлама жасайды. Осы жоба бойынша А.Жағанова мен Ә.Кекілбаев құнды пікірлер айтады.

М.Қорғанбаев атом полигоны аймағында болып жатқан жантүршігерлік жағдайды қаз-қалпында баяндап береді.

Мұратханнан кейін Т.Ізмұханбетов, К.Бозтаев сөйлейді.

Жоғарғы Кеңестің төрағасы С.Әбділдин отырысты қорытындылай келіп:
– Жаңа Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеген Абай ауданы Тельман атындағы совхоздың директоры. Ол 30 жыл бойы шаруашылықты басқара жүріп, атом полигоны қасіретін халықпен бірдей тартқан адам. Мен 20 қарашада өтетін Семей облыстық кеңесінің сессиясына қатысамын. Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясы 1993 жылдың бюджетін қарайды. Соған осы мәселені де қосу қажет, – дейді.

1992 жылы 20 қараша Семей облыстық кеңесінің сессиясында Семей полигонына байланысты мәселе қаралып, Заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Заңды бекіту Жоғарғы Кеңестің сессиясына ұсынылды.

Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды қорғау туралы» тарихи Заңы қабылданды.

Сонымен Заң бір-ақ күнде қабылданды, ал М.Қорғанбаев осы мәселе басталған бірінші күннен бастап, дамыл таппай барлық жұмысқа араласты. Денсаулығының нашарлығына қарамай, заң қабылданғанға дейін талай тер төкті.
«Абай еліне жеңілдіктер әперу әу баста менің азаматтық антым болды», – дейді Мұратхан бір әңгімесінде.

Қазір Семей өңірі пайдаланып отырған жеңілдіктер Мұқаңдай азаматтардың арқасында келді.

Бірақ Мұқаң бұл жеңілдіктерді өзі толықтай пайдалана алмай кетті. Атом салған айықпас дерттен 69 жасында қас-қағым сәтте көз жұмды.

Артында қалған Абай елінің азаматтары мен ұрпақтары Мұқаңның атын өшірмейді деп сенеміз.

Малғаждар Жүнісжанов,
Семейдің облыстық тарихи өлкетану
музейінің Қарауыл ауылындағы
филиалының меңгерушісі.

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button