Қоғам

Атомды ауыздықтамай, алысқа бармайсың

Атомды ауыздықтамай, алысқа бармайсың


Өткен ғасырдың 40-шы жылдары Хиросима, Нагасакиге тасталған атом бомбасы адамзаттың алғашқы қасіреті еді. Мұндай тауқыметті Семей полигонындағы сынақтардан зардап шеккен ұлылар мекені де аз көрген жоқ. Атом қаруының адамзатқа деген алабөтен қатері Елбасымыздың Вашингтонда өткен саммите жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде бар қырынан ашылып, айқын атап көрсетілді. Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан инновациялық университетінің президенті Нәдірбек Әпсалямовпен сұхбатымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ осы тарихи Манифесінің төңірегінде болған еді.

– Әлемдік қауымдастық санасы өсіп, қаншалықты алға озғанымен, соғыс қаупі сейілмей отыр. Алпауыт мемлекеттер арасындағы текетірес жағдайлар, Сириядағы қантөгіс, Түркиядағы жарылыстар, Еуропаға ағылған босқындар жайында ақпараттар күнде айтылады. Осындай шақта Қазақстан Президентінің биік мінберден жариялаған манифесі туралы не дер едіңіз?

– Ядролық қару сынағы¬нан Семей жерінің экологиясы жұтап, халқы қатты зардап шекті. Манифест – Елбасының елінің, бүкіл адамзаттың қамы үшін жасаған батыл қадамы. Бүгінде әлемде соғыс туралы өте көп айтылады және күн са¬йын терроризмнің қаупі де төніп тұрғаны жасырын емес. Манифест БҰҰ аясында бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін бүкіл әлем болып жұмыла күресуге шақырады. Экономикалық, сауда, мәдени қатынастар орнаған жерде соғысу, бөлшектену деген мәселелердің өзінен-өзі шеттеп қалатыны анық. Еліміз үшін тағы бір мәртебе – халықаралық ұйымның бас хатшысы Пан Ги Муннің Қазақстан Президентінің Манифесіне қатысты шешім қабылдағаны. Бұл шешімге күллі әлем құлақ түрді. Пан Ги Мун «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Вашингтондағы IV ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» атты Манифесі бүгіннен бастап бүкіләлемдік ұйымның екі негізгі органы – Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжатының жоғары мәртебесіне ие болды» деп хабарлады. Сөйтіп, Елбасының манифесі БҰҰ-ның электронды жүйесінде ұйымға мүше барлық мемлекет үшін қолжетімді болады және қазақстандық құжатқа Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтері хатшылығының жүйесінде арнайы тіркеу нөмірі берілді. Әлемдік қауымдастықтың Елбасының бағдарламалық құжатына ерекше мән беруі жаһандық антиядролық қозғалыстағы Қазақстан мен Президенттің көшбасшылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының көптеген маңызды бастамалары сәтті жүзеге асып келеді.

-Бұл соғыста ешкім де жеңіске жете алмайды деп әлемге жар салған Альберт Эйнштейн мен Бертран Расселдің манифесін қалай түсінесіз?
-1955 жылы 9-шілдеде Лондонда, алдымен өздері ядролық қаруды ойлап тапқан ғалымдар Альберт Энштейн мен Бертран Рассел екеуі Хиросима, Нагасакидегі ауыр жағдайды көрген соң, яғни осыдан 61 жыл бұрын: «Біз адам баласын жоюға тиіспіз бе, әлде адамзат бұл соғыстан бас тарта ма?» деген манифест жариялаған болатын. Ал біздің Елбасымыз өзінің тарихи Жарлығымен алдымен сынақ полигонын жауып, содан кейін манифест жариялап, адамзатқа үлгі көрсетіп отыр. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ұлы Абай айтқан даналық биік деңгейден Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ көріне білді. Иә, тарихтағы Рассел-Энштейн манифесіне қайтадан келейік, оған сол кезеңдегі 11 атақты ғалым қол қойды: А. Эйнштейн, Ф. Жолио-Кюри, Б. Рассел, М. Борн, П. У. Бриджмен, Л. Инфельд, Г. Дж. Мёллер, Л. Полинг, С. Ф. Пауэлл, Дж. Ротблат, Х. Юкава. Олар сол 1960 жылғы манифесінде, «егер де дәл осылай жалғаса берсе, Хиросиманы құртқан атом бомбасынан 2500 есе қуатты бомба жасалуы мүмкін. Ал ол жарылса, бүкіл жер үстін, теңіздердің түбін, тіпті атмосфераның жоғарғы қабаттарын да ластайды. Сөйтіп, бүкіл адамзат баласының біржола құрып кетуі мүмкін» деп мәлімдеді.
-Бірақ оған ешкім құлақ аса қойған жоқ қой…

-Иә, Семейдегі сынақ полигоны толық қуатында жұмыс істеп, Қазақ елі зардап тартуын жалғастыра берді. Әлем коммунизм және капитализм деген екі лагерьге бөлініп, бір-бірімен қырғиқабақ болып, жанталаса қарулануын тоқтатпады. Шынымен де, ешкім жеңіске жеткен жоқ, бірақ адамзат зардап шекті, қатер алдында тұрды. Сонымен, арада 60 жыл өткен соң, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде үлгі көрсетіп, Вашингтон саммитінде өз манифесін жариялады. Елбасымыздың бұл Манифесі – нағыз дер кезінде жасалған қадам. Себебі, бұл күндері Қазақстан тарихта тұңғыш рет ядролық полигон¬ды жапқан бірден-бір бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге әйгілі болып отыр. Енді бізге қалай айтсақ та жарасымды. Елбасымыз соғысқұмарлардың қолымен жасалған аса қауіпті қарудың лаңкестер қолына түсіп қалмауын айтып өтуі де өте маңызды. Жер-Ананы, адамзатты сақтау, табиғатты аялау ғылымы мен білімі дамыған ХХІ ғасырдың еншісі деп білемін. Білім мен ғылым мейірімділікке, адамгершілікке, қайырымға қызмет етуі тиіс. Елбасының Манифесінде айтылған жайттар осындай ойларға жетелейтіндіктен мен оны жан-тәніммен қолдаймын. Жер шарына төнген қауіпті алдын ала ескертіп, қасіреттің алдын алуға тырысуы оның асқан адамгершілік қасиеті, салиқалы саясаткерлігі деп білемін.

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button