Қоғам

Ақтоғайдың даму көрсеткіштері артып келеді

Ақтоғайдың даму көрсеткіштері артып келеді


Аягөз ауданын өндірісті өңірлер қатарына жатқызатын бірден-бір кәсіпорын – «КAZ Minerals» компаниясы. Бұл тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған отандық компанияның мыс өндірудегі әлеуеті өте зор.

Ресми деректерге жүгінсек, былтыр іргелі кәсіпорын 140 мың тонна көлемінде катод эквивалентіндегі мыс өндіріпті. Ілеспе өнім ретінде 75 мың тонна концентраттағы мырыш, құйма эквивалентіндегі 120 мың унция (1 унция 29,8 грамм) алтын мен 3,103 млн. унция күміс өндірілді. Бозшакөл мен Ақтоғай өндірістік кәсіпорындары ең қарқынды даму көрсеткішіне қол жеткізді.

Жалпы, Ақтоғайға келсек бұл карьер типтес ірі ауқымды кеніш. Кен орнын пайдалану мерзімі – 50 жылдан астам. Кендегі мыс мөлшері 0,37% (оксидті кен) және 0,33% (сульфидті кен). Ақтоғайда оксидті кеннен катодты мысты өндіру 2015 жылдың желтоқсан айында басталса, сульфидті кеннен алғашқы мыс концентраты биылғы ақпан айында өндірілді. Сульфидті кенді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасының жылдық қуаты – 25 млн. тонна. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындардың арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Өндіріс көлемі алғашқы 10 жылда жыл сайын сульфидті кеннен өндірілетін 90 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және оксидті кеннен өндірілетін 20 мың тонна катодты мысты құрайды. Айта кетерлігі, «KAZ Minerals PLC» компаниясының құнды қағаздары Лондон, Қазақстан және Гонконг қор биржаларында айналымда. Қазіргі күні топта шамамен 13 000 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі Қазақстан азаматтары.

Осы жылдың тоғыз айында «KAZ Minerals» тобы 193,3 мың тонна мыс өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (98,6 мың тонна) салыстырғанда екі есе көп. Бұған негізінен Ақтоғайдағы өндіріс қарқынының артуы ықпал етті.

Мыстың жылдық өндіріс көлемі 250-270 мың тоннаға дейін артып отыр (бұрын 235-260 мың тонна көлемінде жоспарланған).

2017 жылдың тоғыз айында «KAZ Minerals» тобы 51,4 млн. тонна кен өндірген. Бұл Бозшакөл мен Ақтоғайдағы өндірістің артуы арқасында былтырғы тоғыз айдағыдан 44%-ға жоғары.

Ақтоғай кен байыту кешенінде өткен тоғыз айда 64,2 мың тонна мыс (оның ішінде оксидті кеннен өндірілген 18,4 мың тонна катодты мыс) өндірілді.

2017 жылдың ақпан айында өндірісті бастаған сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы қазан айынан бастап өндірістің жобалық қуатына жетті.

Ақтоғай кен-байыту кешенінің толық қуатына жетуі 2018 жылға жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша мұнда 25 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіру жоспарланып отыр. Осы түзетудің және сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасындағы өндірісті арттырудағы ілгерілеуді ескере отырып, Ақтоғайдағы мыстың жалпы (оксидті және сульфидті кеннен) өндіріс көлемі 85-95 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.

Тек Аягөз ауданының ғана емес, Шығыс Қазақстанның азаматтарына жұмыс тауып беріп отырған «KAZ Minerals» тобы өңірдегі бірден-бір аса ірі компания болып отыр. Сондай-ақ бұл компания бюджеттің бүйірін толтырып, аудан мен облыстың экономикасын дамытуға айтарлықтай үлесін қосып келеді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button