Қоғам

Атқа мініп, садақ атуға бәрі құштар

Батыс Алтайдың баурайындағы кеншілер шәрі туристер ат басын жиі бұратын өлкеге айналып келе жатыр. Табиғаты тамылжыған, ауасы саф, көркі көз тартар мекенде қонақтарды қызықтыратын дүниелер көп. Ең бастысы, мұндағы туристік нысандар жыл он екі ай бойы жұмыс істеп, келушілерге сапалы қызмет көрсетеді.

Риддердегі сондай туристік нысанның бірі – қала тұрғындарының ғана емес, сонымен қоса қонақтардың да сүйікті демалыс орнына айналған садақ ату орталығы. Қазір қалада көшпенді халықтың көнеден жеткен садақ ату дәстүрі қайта жанданып келеді. Кейінгі жылдары өңірімізде мергендікке баулитын садақ ату өнеріне қызығушылық артып, ұлттық спортты дәріптейтін орталықтар бірінен соң бірі ашылып жатыр. Мергендік өнерге өңірімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы өте жоғары екендігін айта кеткен абзал.

Кеншілер шаһарында балалар мен ересектерге ұлттық спортпен еркін айналысуға мүмкіндік туғызып отырған Азат Баяндин бұл күнде мергендерді тәрбиелеуге білек түріп кіріскен. Кәсіп иесі өз қаражатына керек-жарағын алып, ғимарат жалдаған. Айтуынша, мақсаты дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту екен.

– Риддер қаласында ұлттық спортты дамытуды баяғыдан жоспарлап жүр едім. Сәтін салып, биыл бастап кеттім. Өзім садақ атуды Өскемен қаласындағы орталықтан үйрендім. Қазір енді білгенімді осындағы жандармен бөліспекпін. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, облыстық жарыстарға қатысу жоспарда бар, – деді Азат Баяндин.

Садақ ату үйірмесіне қатысам деген адамға еш шектеу жоқ. Қаланың байырғы тұрғыны Игорь есімді азамат алғашқылардың бірі болып, садақ ату орталығына келіп, бос уақыты бола қалғанда мергендігін сынайды екен. Қалада қазақтың садақ ату дәстүрінің бастау алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

– Шаһарымызда садақ ату орталығы ашылғанын естіп бірден келдім. Алғашында біраз қиын болды. Қазір тәлімгердің көмегімен үйреніп жатырмын. Мұнда жиі келемін. Садақ атып, демалып, арасында қымыз ішіп, қазақтың ұлттық дәстүріне қанығып отырған жайымыз бар, – деді Игорь Шатечников.

Садақ бейбіт заманда аңшылықтың, жаугершілік заманда қорғаныстың құралы болған. Ал 19 ғасырдан бастап садақ ату спорттық өнерге айналды. 2022 жылдан бері Қазақстанда дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді.

Пони драйвингті дамытпақ

Бұл шаһарда жергілікті тұрғындар мен келімді-кетімді туристер жиі баратын тағы бір орын бар, ол – «G.HORS.RIDDER» деп аталатын ат-пони клубы. Клуб жетекшісі риддерлік Екатерина Худякованы жоғары медициналық білімі болса да бақытын басқа саладан тапқан жанның бірі деп айтуға негіз бар. Ол «Пони драйвинг» жобасының авторы ретінде ерекше істі қолға алған. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және ат спортымен айналысуға қызығушылығы бар, алайда  түрлі себептерге байланысты атқа отыра алмайтындарға понидің көмегімен қорқыныштарын жеңуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында Шығыс Қазақстандағы ат спортын дамытуға бағытталған «Пони драйвинг» жобасы «Мәдениет» номинациясында үздік атанып, 3 миллион теңгенің грантына ие болған еді. Екатерина алдағы уақытта өз шаруашылығын дамытуды көздеп отырғанын айтты.

– Қазір біздің фермада төрт жылқы мен екі пони бар. Кішкентай жылқыларды көруге, оларға міну үшін ат клубына ата-аналарымен бірге жергілікті балалар көп келеді. Пониларым жергілікті «жұлдыздарға» айналды десем артық айтпағаным болар. Қала тұрғындары осы әсем жаратылыстардың сұлулығына таңдана отырып, олармен селфиге түсіп, тақырыптық фотосессиялар жасайды. Туризмді дамыту бойынша бірнеше жоба әзірлеп жатырмын. Айналамыздың барлығы орман. Осындай табиғат байлығын мейлінше дұрыс пайдалану керек деп ойлаймын, – деді Екатерина Худякова.

Шаруашылықтағы понилар қолға үйретілген. Сондай-ақ қауіпсіздік құралдарымен де жабдықталған. Екатерина өз жобасын одан әрі дамытуды көздеп отыр екен. Жеңіп алған қаржысына қажетті құрал-жабдықтар сатып алмақ. Оның ойынша, пони драйвингті біздің өңірде дамытудың келешегі зор. Әлеуеті де мол дейді.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button