Қоғам

Қатепті қара нар керек біздің бүйткен бұл іске…

Дамыған елдер  сайлау қарсаңында праймериз өткізіп, ел ішінде беделі басым, халыққа сөзі өтімді тұлғаларды бәсекелестік арқылы анықтап, халыққа арналған әлеуметтік лифт жасап, елді мекендердегі проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешуді әлдеқашан жолға қойған. Міне, бұл үрдіс  бізге де жетіп,  қазір праймериз қоғамда қызу талқыға түсіп, азаматтар саяси белсенділік көрсетіп, білек сыбанып бәсекеге түсіп жатыр. 

Еліміздегі жетекші  «NurOtan» партиясы  партияішілік іріктеу өткізудің ережелерін бекітіп, іске кірісіп кетті. Яғни, алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына бәсекелестік негізде жаңа көшбасшылар айқындалатын болады.

Елдің сөзін сөйлейтін, халық үшін отқа түсіп өз ұстанымын айта алатын,  халық алдында  перзенттік парызын ақ-адал атқарып, саяси ерлік жасай алатын адамда қайраткерліктің өлшемі болуы тиіс.

Қазақта нар деген ұғым бар. Сөздің түп төркіні  түйе түлігінің нарына  барып тіреледі. Махамбеттің  «Қатепті қара нар керек біздің  бүйткен бұл іске…» дегені жәмиғатқа мәлім.  Нар, қара нар, қатепті қара нар… халық  қимас перзентін, ел үшін ұрысқан, ел тағдыры үшін тұрысқан дара дарақтарды, ауылым деген қарақтарды осылай «қара нарым» деп,  сеніп, бауырына тартып, сүйсініп  отыратыны рас  емес пе?!  Болмысы әңгіме арқауына айналып отырған Тарбағатайдың төл перзенті Бәделхан Камалханұлы  қазақтың осы ұғымына лайықты, нар перзенттерінің бірі.

Ата-бабаларымыз бізге  “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер деген дана сөз қалдырған. Осыдан он бес, жиырма жыл бұрын қазақтың орта жүзі Найманның, Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай төрт Төлегетай ұрпағының басын қосып, Төлегетай бабамыздың  Қызылорда облысының Жаңақорғанында марқұм ағасы Дәлелхан Сабуровтың көмекшісі болып   бабасының басын көтеріп, иманды қазақтың ісін жасады. Күні кеше Боғаста ақ туын желбіретіп,  қазақтың бас батыры Қабанбайдың ескерткішін орнатқанда, батыр бабамыздың қазыналы жүгін қара нардай көтерген Бәкеңнің   парасаттылық үлгісін ел азаматтары біледі.

Ал күллі қазақ киеге санап кеткен орта жүзге белгілі қазақтың халық медицинасының ірі өкілі  Ырғызбай Досханаұлының кесенесінің ағасы Дәлелхан Сабуров бастаған істі тастай салмай, аға аманаты ретінде жалғап, бүгінгі күні тарихы тағылымға толы, құт дарыған киелі мекен –  имандылық ордасы болуына Бәделханның сіңірген еңбегі ересен. Ең айта кетерлігі, осы киелі кесенені Қазақстанның киелі жерлері картасына кіргізіп, символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы жасағаны – Бәделхан Камалханұлының  елдің асыл дәстүрін, даналық көзқарасын қызғыштай қорғаған «ел болса, ер туғызбай тұрмайды»,-дейтін тектілік феномені десек артық емес.

Ел білетін Бәделхан Камалханұлы    небір қиын да ауыр жұмыстарды атқара алатын, қазіргі қиын заманда өмірдің түйіндерін шешуге шамасы жететін тұлғалы азамат. Елдің  ауыр жүгін көтеріп кете алатын, жұрттың қара нары болуға лайық жан. Біздің ел мүддесін қорғайды деген  жоғарыда отырғандарда  жетпейтін бір қасиет бар. Ол –  ұлтшылдық  мінез. Көбісі жалтақ. Өзінің жеке басының қамын ойлайды. Елдік  мәселелерге келгенде суырылып шығып,  батылдық танытпайды. Ал Бәделханда осы қасиет бар. Қай істі қолға алса да, «басқалар  бұған қалай қарайды екен?» деп екіұшты ойламай, елдің, жердің намысы үшін діттеген  ойын жүзеге асырады.

Ел намысы дегенде еске түседі.   Баяғы сексенінші жылдары режиссер Серік Апырымовтың бір кездегі қоғам дамуынан тыс қалған қазақ ауылдарының күйзелісті күйін көрсететін   «Конечная остановка» (Қиян) атты сорақы фильмі  Ақсуаттың  азаматтарының арына таңба боп басылып, онсызда еңсесі түскен елді есеңгіреткені де шындық. Бәделхан бір әңгімесінде: «соншама жылдар бойы   ауылдың абыройына дақ түсіріп кеткен,  осы бір  фильм оқиғасы қаншама қыз-жігіттердің тағдырына да әсер етті, енді қайтсем  ауылдың намысын, елдің абыройын қалай қалпына келтірем деген ой маза берген емес»,- дейтін. Сөйтіп, «ұл туғанға күн туып», ауылдың намысы үшін  қиын, қиын да болса қажет жолды таңдады.

Қазір  «Қазақ еліне адалдық анты қажет» деген сөз жиі естіледі. Біздіңше,  Бәделхан Камалханұлы осы елге, жерге деген  адалдық антын баяғыдан бері орындап жүргендей сезіледі.  Ол осы халқының тектілігін, ұрпағының ұлағаттылығын, туған  жердің  көркем келбетін, Тарбағатай дейтін өлкені  білгісі келген адам біздің тарихымызға үңілсін,  даламыздың дархандығын білгісі келгендер топырағымызға табан тіресін деген оймен  әлемдік деңгейдегі қазақ күресі Гран-приін ауылға әкеп өткізді.

Ақсуаттың төріне 7-8 жыл бедерінде жыл сайын Батыс Еуропа,  Орта Азия, Таяу Шығыс, Кавказ елі, әлем елдерінің ең мықты деген 100 балуанын жинап,  әлем спортының небір беделді тұлғаларын керегесі кең, шаңырағы биік қазақ ауылына бас игізді, сүйіншілетті, құрмет төріне ауылдың ардақтыларын шығарып бата бергізді.  Тарбағатайдың еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісіне дейін  дүрк көтеріліп келіп,  тамашалаған  қазақ күресінде бес Олимпиада чемпионы, екі Олимпиада жеңімпазы өнер көрсетті. Елдің рухы көтерілді. Абыройы асқақтады. Қазақстанның  барлық спорт телеканалдары Ақсуаттың  бозкілемдегі жарысын әлемнің әр тарабына таратып жатты. Ал өзіміз көрген, куә болған әлемдік турнирде Бәделхан атты азаматымыз кеудесін керіп шіренген жоқ,   әншейін ғана ауыл қазағы сияқты, ақ кепкасын киіп-ап қатарымызда жүрді.

Ырғызбай Досханаұлы атындағы әлемдік Гран-при Бүкіләлемдік күрес әлемі ұйымының бағдарламасына кірген Қазақстандағы жалғыз турнир.  Яғни, бүкіләлемдік күрес әлемі ұйымының статусына, қазіргіше айтсақ, форматына сай болғандықтан мойындалған. Айтпақшы, осы турнирге анау- мынауды мойындай қоймайтын, президенттері тек қана өзге ұлт өкілдері, Қазақстанның аса ірі кен-металлургия өнеркәсібінің алыптары  Казцинк пен  ТМК акционерлік компаниялардың 10 жыл мерзімге келісімшартпен демеушілік көрсетуіне өзін де, өзгені де аямайтын ұлтжанды Бәделхан Камалханұлындай  менеджердің «Хан баласында қазақтың хақысы бар,  қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» , – дейтін Әлихан Бөкейхан философиясының ұлтшыл мінезі де жатыр. Төл өнеріміз –  қазақ  күресін, қазірде тұқымы тұздай құрып бара жатқан қазақтың қазанаттарының тұқымын  қайта әкелу, кешегі Сағынайдың асында шапқан Құлагердей қазақы жүйріктерді өз жерімізде өсіру сияқты дәстүрлі ат спортын жаңғыртуда  Бәделхан  Камалханұлы  жоқты іздемеді, жаңа жолмен жоғалғанды іздеді.

Біз кейіпкеріміздің ұзаққа созылатын қызметтік өмірбаянын,  атақтары мен марапаттарын жазбадық. Басқа да ана мен балаға, қарт пен қарияға, білім ұяларына, құқығы тапталғандар мен жазықсыз жазаға ұшырағандарға берген көмегі, жылағанға жұбаныш болған азаматтық істерін тізбелемедік. Өйткені, халқымыз қасиетті, ел ертеңшіл болса, өздері де білер, ұғар дедік.

Ш.Көпшікбаева,

Т. Қалимажан

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button