Қоғам

«Ақтақыр-Береке» бір ауылды асырап отыр

 «Ақтақыр-Береке»  бір ауылды асырап отыр


Ауылдағы шаруашылықтардың басын қосып, оларды кооперативтерге айналдыру ауыл тіршілігін ұйымдастырудың бірден-бір жолы екені анық. Бүгінде ауданда 40-қа жуық ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар.

Аудандағы ең ірі кооператив – Қ.Сәтбаев ауылдық округіндегі «Ақтақыр-Береке» кооперативі. «Жас келсе – іске» демекші, осы ауылдың тумасы Рүстем Ықыбаев ауылдағы 33 адамның үй жанындағы қосалқы шаруашылықтарын, шағын шаруа қожалықтарын қосып кооператив құру ісіне кіріскеніне аз уақыт болса да, табандылықтың арқасында ауқымды жұмыс атқарылды. Кооперативке біріккен соң, жеңілдікпен несие алуға қол жетізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдары арқылы кооператив басшылары арнайы оқудан өтті. Өткен жылы кооператив «Қаз Агро қаржы» АҚ арқылы 300 млн. теңге несие алып, алдымен құрылымды толықтай техникамен жабдықтап алды. Бүгін кооперативте алты бірлік МТЗ тракторы, екі тіркеме, екі тиегіш, үш жаңа жүк машинасы бар. Осылайша, аз уақытта кооперативтің техникалық базасы жаңарды.

Бұл кооператив – таза ет өнімдерін өндіретін аудандағы бірегей шаруашылық. Қазір шаруашылықтың 950 ірі қара малы бар, осы қыста 400 бас мал бордақыланып, сатылған.

-Біздің шаруашылық таза ет өнімдерімен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі болғандықтан, мал басын асылдандырып жатырмыз. Биыл Ресейден 300 бас (герефорт) асыл тұқымды аналықтар алып келеміз. Ондағы мақсат – өнім сапасын арттыру, оның үстіне бұл тұқым біздің өңірге жылдам бейімделеді, жылдам салмақ қосады. Біз осымен тоқтап жатқан жоқпыз, өткен жылы 900 басқа арналған қора салсақ биыл аумағы 400 мың шаршы метр жерге 1500 басты еркін бордақылайтын бордақылау алаңын салуды бастап кеттік. Кооперативтің жемшөп базасы 2 мың бас малды бордақылауға толықтай дайын. Өткен жылы 1,5 тона мал азығын дайындасақ, биыл 2,5 мың тонна көлемінде болмақ. Қазір кооперативте 30-дан астам жұмысшы еңбекпен қамтылып отыр, жалақылары жоғары, 70-80 мың теңге көлемінде. Ұжымда істейтін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмыс орнында арнайы асхана, монша бар, жұмыс киімдері де беріледі,-дейді шаруашылық басшысы Р.Ықыбаев.

Кооператив басшысының ендігі мақсаты – мал соятын арнайы цех ашу, осы жағдайда етті қысы-жазы өндіруге болады. Германияның кооперативтерінде осындай тәжірибе ертеден қалыптсқан екен. Ол енді осы елге арнайы барып, тәжірибесін үйреніп, Ресейден арнайы заманауи қондырғы алдырмақ. Сөйтіп, келер жылы етті экспортқа шығарамыз деп отыр.

-Кооператив құру тиімді. Ауылдағы ұсақ қожалықтармен, үй шаруашылықтарымен жұмыс істеп, халыққа тыңғылықты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Міне, соның арқасында «Ақтақыр-Береке» ауылдың берексіне айналды. Шағын округті асырап отыр десем, артық болмас. Сондықтан да бұл істе байыптылық, нақтылық және жылдан-жылға жеңістерге бастайтын жүйелілік пен табандылық қажет,-дейді ауыл әкім Б.Кемербаев.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button