Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмек туралы не білеміз?

Бұл сұрақтардың жауабын Өскемен қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмекті алушылармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Меруерт Сәрсебаевадан сұрап білген едік:

 – Меруерт Мелсқызы, сонымен атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не, жұртшылыққа жалпақ түсінікті тілмен айтсаңыз?

– Атаулы әлеуметтік көмек – бекітілген күнкөріс шегінен жан басына шаққандағы табысы төмен жеке тұлғаларға, отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін көмек. Екі түрі бар: шартты және шартсыз. Шартсыз ақшалай көмек ағымдағы тоқсанға (3 ай) тағайындалады және ай сайын төленеді. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарттың әрекет ету мерзіміне тағайындалады (3 ай).

Кімдердің атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар?

– Бекітілген күнкөріс деңгейінен аспайтын, жан басына шаққандағы табысымен:

* ҚР азаматтары

* қандастар

* босқындар

* шетелдіктер

* Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар алуға құқылы.

АӘК алу үшін қандай құжаттар қажет?

 Жеке басын куәләндіретін құжат.

Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 25 тамызда тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.

 – АӘК алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуде болу қажет пе?

– Иә, қажет. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрақты тіркеуі немесе 6 айдан жоғары уақытша тіркеуі болу қажет.

Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде қандай табыстар есептелмейді?

– атаулы әлеуметтік көмек;

– тұрғын үй көмегі;

– жерлеуге арналған бір жолғы жәрдемақы;

– 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік

әлеуметтік көмек;

– мемлекеттік шәкіртақы;

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған, көпбалалы

аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік

жәрдемақылар;

– бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар;

– қайырылымдылық көмек есептелмейді;

Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының әр мүшесінде қандай табыс болуы керек?

 – АӘК алу үшін отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспауы керек (ШҚО бойынша 2021 жылдың 3 тоқсанына кедейлік шегі 25 922 теңгені құрайды, кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 % құрайды, кедейлік шегі тоқсан сайын өзгеріп отырады).

Еңбекке қабілетті отбасы мүшесіне жұмыспен қамтудың қандай белсенді шараларын ұсына аламыз?

Жолдама беру:

  • кәсіптік оқуға;
  • жастар тәжірибесіне;
  • қоғамдық жұмыстарға;
  • әлеуметтік жұмыс орындарына;
  • шағын несие беруге;
  • мемлекеттік грант;
  • тұрақты жұмыс орындарына.

 –  Кепілдендірілген әлеуметтік топтама кімге тағайындалады?

– Кепілдендірлген әлеуметтік топтама АӘК алушы отбасылардың балаларына беріледі.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиынтығы (ай сайын беріледі) және гигиеналық құралдары (тоқсан сайын беріледі). 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, оқу құралдары (жылына бір рет беріледі) және мектепте тегін тамақтану.

 

 Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button