Атаулы әлеуметтік көмек алатындар азайып келеді көмек алудағы соңғы өзгерістер

Мамандар атаулы әлеуметтік көмек айына бір теңге шықса да одан бас тартуға болмайтынын айтады. Неге дейсіз бе? Өйткені одан бас тартқан жағдайда табысы аз отбасылар әлеуметтік көмектің басқа түрлерінен айырылып қалуы мүмкін.
Өңірімізде жыл сайын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың санын азайтуға бағытталған түрлі шаралар атқарылып жататыны рас. Дей тұрғанмен, әлі де болса мемлекеттің қолдауына мұқтаж жанұялар баршылық. Осы себепті, биыл аталмыш көмек түрінің қалай өзгеріп, қандай тәртіпте берілетіні жайында Өскемен қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сұңғат Омаровпен сұхбаттасқан едік.
– Атаулы әлеуметтік көмек кімге тағайындалады?
– Жалпы, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейіне және кедейлік шегіне байланысты. Атап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесінің кірісі күнкөріс деңгейінен 70 пайыз төмен болғанда тағайындалады. Осы шекті, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайыз төмен көрсеткішті – «кедейлік шегі» деп атайды. Биыл екінші тоқсанда облыста ең төменгі күнкөріс деңгейі 39 018 теңгені, ал кедейлік шегі 27 313 теңгені құрады.
Егер үстіміздегі жылы отбасының табысы бір адамға шаққанда айына 27 313 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы жанұяның барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Осы жерде тағы бір нақтылап айта кетерлік жайт, отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды.
– Үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері қандай болады?
– Атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр адамға қатысты жеке есептейді. Оның мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын 27 313 теңгеден шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне мың теңге немесе жиырма теңге, тіпті бір теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы да мүмкін.
Атаулы әлеуметтік көмек бір теңге шықса да одан бас тартуға болмайды. Көпшілік мұның себебі неде екенін сұрауы мүмкін. Өйткені отбасы аз да болса атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, онда бұл отбасының бірден алты жас аралығындағы балалары үшін еліміздің Еңбек министрлігінен, егер балалары алтыдан 18 жас аралығында болса Білім министрлігінен берілетін көмек түрлерін ала алады. Сондықтан әлеуметік көмектің мөлшері аз шықты деп, одан бас тартуға болмайды.
– Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың бірден алты жас аралығындағы балаларына не тиесілі екенін анықтап айтсаңыз.
– Мұндай балаларға ай сайын азық-түлік және гигиеналық заттар жиынтығына беріледі. Атап айтсам, бірден үш жас аралығындағы балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жиынтығына кемінде 1200 грамдық жеміс және көкөніс гипоаллергенді езбесі, кемінде 320 грамдық балаларға арналған гипоаллергенді сәбилер ботқасы, кемінде 400 грамдық қаптамадағы жүгері жармасы, кемінде 800 грамдық қаптамадағы сұлы қауыздары, кемінде 180 грамдық балаларға арналған печенье мен кемінде екі литр болатын пастерленген немесе ультрапастерленген сүт кіреді.
Ал жасы үштен алтыға дейінгі бүлдіршіндерге берілетін ай сайынғы азық-түлік жиынтығына мыналар кіреді:
- пастерленген сүт – кемінде екі литр;
- қатты бидайдан дайындалған макарон, сұлы қауыздары, арпа жармасы, шағылған асбұршақ – барлығы кемінде 800 грамм;
- ұнтақ жармасы – кемінде 700 грамм;
- қарақұмық немесе күріш жармасы – кемінде 1,6 келі;
- күнбағыс майы – кемінде 0,8 литр;
- гематоген – кемінде 240 грамм;
- құрамында бүтін астық дақылдар бар таңғы асқа арналған сүтке қосатын тағам – кемінде 250 грамм;
- балаларға арналған печенье – кемінде 400 грамм;
- таза бал – кемінде 200 грамм.
Бұдан бөлек, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия құралдарының ай сайынғы жиынтығына тіс пастасы, тіс щеткасы, гипоаллергенді сабын, сусабын, жақпамай, кір сабын және кір жуғыш ұнтақ кіреді.
– Жоғарыда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балаларына да түрлі көмектің барын атадыңыз. Енді соларға да тоқталып өтсеңіз.
– Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары берілмейді. Бірақ білім бөлімдері оларды мектепке қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл балалар мектепте күнделікті тегін тамақтануға құқылы болса, екіншіден, олардың қоғамдық көлікте жүру құнының 50 пайызы өтеледі. Сонымен қатар жылына бір рет балаларға мектеп формасы мен мектепке қажетті құралдар беріледі. Атап айтсам, ұл балалар пиджак, желетке, шалбар, жейде немесе водолазка және аяқ киіммен қамтамасыз етілсе, қыздарға пиджак, желетке, белдемше немесе сарафан, жейде немесе водолазка және аяқ киім табысталады. Бұл жиынтыққа сондай-ақ спорттық костюм мен спорттық аяқ киім де кіреді. Ал кеңсе заттарының жиынтығына арқаға асатын сөмке, дәптер, қаламсауыт, қарындаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, жоғары сыныпта оқитындарға – циркуль, ал төменгі сыныптағыларға сурет салуға арналған альбом мен бояу кіреді.
– Азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек өтініш бергеннен кейін қанша уақытта беріледі?
– Атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген күнге қарамастан азамат жүгінген күннен бастап тағайындалады. Мысалы, егер өтініш 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде жолданса, онда төлем бүкіл айға толық төленеді.
– Атаулы әлеуметтік көмек кімге берілмеуі мүмкін?
– Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартты ақшалай көмек отбасында еңбекке жарамды адам болған жағдайда тағайындалады.
Алты ай ішінде жұмысқа тұрудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады. Ол тұрмысы төмен отбасыға жатпайтын, көрінеу жалған ақпарат берген адамдарға, учаскелік комиссияға сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес адамдарға тағайындалмайды.
– Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы жылдары елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жыл санап азайып келеді. Мұндай үрдіс, облыс орталығына да жат емес. Осы жайына да тоқталып өтсеңіз.
– Жалпы елімізде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңының қабылданғанына жиырма жылдан асты. Осы аралықта аталмыш заңнамалық құжатқа бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілды. Заң күшіне енгелі бері тек оң нәтижелер беріп, жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететіндер саны азайып келеді. Мысалы, Өскемен қалаласында 2019 жылы осындай көмекке мұқтаж 1800 отбасы болса, былтыр оны қажет ететін отбасылардың саны 2 есеге азайды.
Былтыр құрамында 3709 мүшесі бар 838 отбасына аталмыш көмек түрі тағайындалса, оның 251-і көпбалалы, ал 587-сі аз қамтылған отбасы болды. Сондай-ақ 664 отбасына кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жүзеге асырылып, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамту мақсатында 132 адам жұмысқа орналастырылды.
Оған қоса, ай сайын қаланың алшақ аудандарында, саяжайларда тұратын халықпен және сауда үйлерінде, базарларда, теміржол вокзалдарында атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар бөлім қаланың кәсіпорындарымен, волонтерлерімен, автоклубтарымен атаулы әлеуметтік көмек алушылармен демеушілік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар ұйымдастырады. Бұдан бөлек, жыл бойы атаулы күндер қарсаңында аз қамтылған отбасыларға түрлі акциялар ұйымдастырылып, материалдық көмектер көрсетілді, сертификаттар ұсынылып отырады.
Азамат Темірбеков