Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмек және сан сауал

Атаулы әлеуметтік көмек және сан сауал


Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа ережесі, оның кімдерге және қалай тағайындалатындығы туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен көмектің бұл түрін тағайындау жөнінде халықтың көкейінде әлі де сауал көп. Газет редакциясына әр ауданнан жолданған осы сауалдарға жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жауап берген болатын.

Атаулы әлеуметтік көмек және сан сауал

Аида Байбакирова, Өскемен қаласы: – Мен жалғызбасты анамын. Жолдасыммен ажырасқаныма 5 жыл болды. Осы уақытқа дейін ол балаларына алимент төлеген жоқ. Екі балам екі ауысымда оқитындықтан, үйдің жанындағы дүкенде сатушы болып жарты күн жұмыс істеймін. Жалақым – 45 мың теңге. Алайда зейнетақы аударымдары жасалмайды. Маған атаулы әлеуметтік көмек те осы себепті тағайындалмай отыр. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін зейнетақы аударымдары болуы шарт па?

– Аида Байбакированың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініші қаралды. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға сәйкес, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен (20789 теңге) аспайтын азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Бұл отбасының тұрақты табысы 45 мың теңге. Алайда сол табыстан ешбір аударымдар жасалмаған. Демек, ол – бейресми табыс. Ал заң бойынша аударымдар жасалмаса, табысты анықтау мүмкін емес. Сондықтан А. Байбакироваға атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін, Өскемен қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелу ұсынылған. Жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысқаннан кейін, төменгі жалақы тағайындалған жағдайда ол атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бере алады.

Күлшайхан Рыспаева, Күршім ауданы: – Кәмелетке толмаған төрт баланың анасымын. Өзіміздің баспанамыз жоқ. Сондықтан ата-анамыздың үйінде уақытша тіркеудеміз. Алайда пәтер жалдап, бөлек тұрамыз. Тіркеуде ата-анамыздың үйінде болғандықтан, бір отбасы деп олардың зейнетақысын табыс ретінде қоса санап отыр. Егер мен жалдап жатқан пәтеріме уақытша тіркеуге тұрсам, сол пәтерде тіркеудегі өзге азаматтардың табысы қоса есептеле ме?

– «Мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына сәйкес, отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір жəне ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, əже, немерелер есепке алынады. Демек, Күлшайхан Рыспаева жалдап тұрып жатқан пәтеріне уақытша тіркеуге тұрса, ол пәтерде тіркеуде тұрған туыстық қатынасы жоқ азаматтардың табысы есепке алынбайды.

Асемгүл Ахметжанова, Аягөз қаласы: – 7 балам бар. Жолдасым әскери қызметкер. Жалақысын үйдегі тоғыз адамға бөлгенде атаулы әлеуметтік көмек шығып тұр. Бірақ әскери қызметкерлерге мемлекет аударатын тұрғын үй құрылыс банкіндегі есепшотымыз да табыс ретінде есептелді. Ол есепшотқа түсетін ақшаны қолға алмаймыз. Қорғаныс министрлігі тікелей аударады. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы Заңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотты табыс ретінде есептеу туралы шарт бар ма?

– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында жалпы отбасылық жиынтық табыс ретінде әскери қызметкерлердің төмендегідей табыстары есепке алынады:

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі N 237-ө «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу тәртібі қарастырылған.

Мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлердiң ақшалай үлесiн қоспағанда, әскери қызметшiлердiң, оның iшiнде келiсiмшарт бойынша қызмет өткерiп жүргендердiң және iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының, сондай-ақ соларға теңестiрiлген азаматтар санаттарының үстемеақылар мен қосымша ақылар ескерiлген ақшалай үлесi, тұрғын үйге төленетін өтемақысы отбасының жиынтық табысына есептелетінін хабарлаймыз.

Әсем Нұрпейісова, Зайсан қаласы: – 3 баланы жалғыз өзім асырап отырмын. Бір балам мүгедек. Жолдасыммен 10 жыл бұрын ажырасқанмын. Алимент төлемейді. Өзім мүгедек бала күтіміне байланысты 31 мың теңге жәрдемақы аламын, сондай-ақ еден жуушы болып алатын 53 мың теңге жалақым бар. Екеуін қосқанда 84 мың теңге табыс кіреді. Оны төрт адамға бөлгенде тура 21 мың теңгеден айналады екен. Ал атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін әр адамға шаққандағы табыс 20 789 теңгеден аспауы керек дейді. Демек менің табысым 211 теңгеге ғана артық болып тұр. Мұндай азын-аулақ сомаларды ескеру міндет пе?

-Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының тоқсандық жиынтық табысы есептеледі. Әсем Нұрпейісованың бұл кезең аралығындағы табысы жан басына шаққанда 21 000 теңгені құраған. Заң бойынша ол 20 789 теңгеден аспауы керек. Мемлекеттік мекеме бұл заң аясынан асып кете алмайды. Азаматша Нұрпейісоваға осы жағдай түсіндірілген болатын. Егер келесі тоқсанға дейін отбасылық табысында өзгерістер болса, Нұрпейісова алдағы уақытта атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы тағы бір мәрте өтініш бере алады.

Бибігүл Шакирова, Аягөз ауданы: – 4 баланың анасымын, балаларымның біреуі мүгедек. Кенже қызым 2018 жылы дүниеге келген. Қорадағы малымызды санағанда бізге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады.

а) Жалпы мал санын есептеудің нақты бір критерийі бар ма? Үйдегі дүние-мүлікті (көлік, банктегі есепшот) есептеу не үшін қажет?

ә) Көпбалалы аналарға берілетін 10500 теңгелік жәрдемақыға кенже балам 2018 жылы туғандықтан ілінбей қалдым ба?

б) Қыстақтағы тамда тұрамыз. Ол жолдасымның атына тіркелгендіктен, көпбалалы ретінде үй кезегіне де тұра алмаймыз ба?

в) Жалпы елімізде 4 баласы барларға көпбалалы ана статусы беріле ме? Білуімше, 4 балалы аналар үшін зейнетке ерте шығу жасы қарастырылмаған.
– Отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237- бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған.

Халықтың тұрмыстық жағдайы «Е-халық» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ол отбасының жалпы әлеуметтік статусын анықтауға арналған. «Е-Халық» ақпараттық жүйесі елді мекендегі нақты халық санын анықтауды; ішкі және сыртқы көші-қон мониторингін жүргізуді; әлеуметтік әлсіз санатқа жататын және жұмыссыз, өзін жұмыспен қамтыған азаматтар есебін жасауды; барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер мәліметін жандандыруды; тұрғындар табысын жаппай қағазға түсіруді қамтамасыз етеді.

Төрт және одан да көп баласы бар аналар көпбалалы отбасына жатады. Енгізілген өзгеріс бойынша 2018 жылдан бастап бұған дейін ай сайынғы берілетін жәрдемақы енді тағайындалмайды. Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған отбасыларға ұсынылатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған отбасылар үшін сақталады .Бұл ретте, көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдау аясында жергілікті органдардың шешімімен айқындалатын қосымша қолдау шаралары, яғни мектепке дейінгі ұйымдарға баратын көпбалалы отбасылардағы балалар үшін ата-аналардың ай сайынғы төлем шығынын өтеу, тұрғын үй алуға кезекке тұру секілді мүмкіндіктер сақталатынын айтуымыз керек.
Атына баспана тіркелген азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Алайда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотека аламыз дегендер үшін мүліктен айырылуға кемінде 5 жыл деген шектеме қойылмаған.

53 жасында зейнетке шығуға Заң бойынша тек бес және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар құқылы.

Ақмарал Ақтанова, Катонқарағай ауданы: – Үш балам бар. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Отбасылық жалпы табысты санағанда менің бала күтімі бойынша алатын жәрдемақымды қоса есептеді. Ол жәрдемақы 2 айдан кейін тоқтайды. Сол кезде жолдасымның жалақысын бесеуімізге бөлгенде 20789 теңгеге жетпейтін болса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қайта жүгінуімізге бола ма?

– Мұндай жағдайда аталмыш отбасы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін табыс мөлшері азайған соң қайта жүгіне алады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін бір тоқсанның табысы есепке алынады. Демек, бала күтімі бойынша жәрдемақы шілдеде тоқтайтындықтан, атаулы әлеуметтік көмекке жүгіну үшін одан кейінгі тоқсанда, яғни қазан айында өтініш бере алады.

Әзірлеген-Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button