Атаулы көмекті алудың жолдарын түсіндірді

Топ мүшелерінің айтуынша, елімізде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы тағайындау рәсімі едәуір жеңілдеп, оны алушылардың барлығын мейлінше қамтуға мүмкіндік береді. Яғни, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмастырады, осылайша, жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың санын айтарлықтай қысқартады. АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген.
Мысалы, шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға, мысалы, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты аналарға беріледі. Осындай отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Сондай-ақ шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасылар үшін. Онда жанұя әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, содан кейін ғана отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі (егер еңбекке жарамды мүшесі бар болса) жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік көмек жүйесіндегі реформа нәтижесінде жаңа форматтағы АӘК-тің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25 пайызға ұлғайтылады. Әлеуметтік көмек алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге халықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап қанатқақты режимде «Өрлеу» жобасы іске асырылған. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысқан, олардың 19 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған.
– Енді арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы түсіндірейік, – деді ұтқыр топ мүшелері, – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, отбасыларында төртінші бала туған кезде АМЖ төленбейді. Бірақ 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жәрдемақының осы түрін алып келгендер арықарай да ала береді. Бірақ төртінші баланы өмірге әкелген жанұя енді бұдан былай арнайы әлеуметтік көмекті қалай алады, оны біздің кеңесшілеріміз арқылы білуі керек.
Заңнамадағы өзгерістер бойынша әрине, отбасының барлық мүшелері еңбекке жарамды ма, сол жағы да ескерілетін болады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Райхан Барлықованың айтуынша, АӘК келесі жылдан бастап отбасыларға кешенді көмек ретінде қарастырылмақ.
Мамандардың айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, отбасының жағдайы заңнамалық өзгерістерге орай толық қарастырылатын болмақ. Иә, отбасы мүшелері еңбекке жарамды делік, бірақ ол отбасында 7 жасқа дейінгі баланы қарайтын немесе мүгедек баланы қарап отырған, яки жанұяда мүгедек жанды күтіп отырғандар әрине, жұмысқа шыға алмайтыны анық. Осындай отбасыларға шартсыз көмектер көрсетілмек. Бұл осы уақытқа дейін төленіп келген әлеуметтік көмектің өзі. Сондықтан да мүгедек баланы күтіп, қарап отырған анасы әр тоқсан сайын өз құжаттарын растатып отырады, нәтижесінде әр ай сайын өзіне және балаларына әлеуметтік көмек ала алады екен. Ал шартты ақшалай көмекке келсек, онда отбасының барлық мүшелері еңбекпен қамтудың барлық саласына араластырылуы керек. Жастар тәжірибесі, қайтадан оқыту, т.б. Ең алдымен отбасылармен әлеуметтік келісімшарт бекітіледі. Сөйтіп, олар атаулы әлеуметтік көмек ала отырып, келісімшартта бекітілген мәселелерді толық орындауға тырысады. АӘК тағайындау үшін енді жұмыспен қамту орталығына барып, сол жерде кеңес алып, құжаттарын бекітеді. Отбасына қанша көмек керек, соның бәрі заңнама аясында бекітіліп, реттеледі.
Сондай-ақ, не себепті жәрдемақылардың үш түрі біріктірілді деген сұраққа жауап береілді. Зерттеу барысында үш түрлі көмекті осыған дейін бір отбасы мүшелері алып келген фактілер де кездескен.
Раушан Нұғманбекова
Семей.