Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмек ала аламын ба?

Үш балам бар. Күйеуім жұмыссыз. Менің айлық табысым жүз мыңның мөлшері ғана. Осындай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек алуға бола ма?

 Алмагүл К  Ұлан ауданы.

Сіздің сұрағыңызға жауап еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан алынып берілді:

– «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын ел азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар.

Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері нақты облыс үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткішіне байланысты айқындалады. АӘК тағайындау критерийі кедейлік шегі болып есептеледі, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Егер отбасының әрбір мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін құрайды.

Ақпарат ретінде АӘК тағайындауға құжаттарды қабылдау электронды үкімет веб-порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы, ауылдық жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкімі арқылы жүзеге асырылатынын хабарлаймыз.

АӘК тағайындау мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынатын құжаттардың электронды көшірмелері негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде құжаттардың электрондық көшірмелері болмаған жағдайда, Сізге тиісті ақпараттық жүйелерде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсыну қажет.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі туралы хабарлама орталық немесе әкім арқылы жазбаша нысанда, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік нөміріне sms-хабарлама арқылы не көрсетілетін қызметті алушының портал арқылы келіп түскен жеке кабинетіне жауап түрінде жіберіледі.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша материалдық жағдайы төмен азаматтарға материалдық көмек тиесілі, оны алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тиісті құжаттармен жүгіну қажет.

Осы айдарда

Back to top button