Ататүрікті еске алды
Түркияда Ататүрікті еске алу жастар және спорт күні ретінде тойланады. Бұл мереке Өскеменде де аталып өтті.
Іс-шара түрік көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің құрметіне бір минут үнсіздікпен басталып, қос елдің әнұраны орындалды. Түркия елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Абдулмутталиб Четин, еліміздегі түркиялық «TRT» телеарнасының басшысы Мехмет Чалышкан, Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген сөз сөйлеп, баршаны мерекемен құттықтады.
Қала өнерпаздары қазақ және түрік әндерін шырқап, билерін биледі, жиналғандарды бауырлас елмен таныстырды. Іс-шара «TRT» арнасы арқылы Түркия жұртына көрсетілді.
– Әсерлі мерекелік кешті ұйымдастырушыларға, күллі өнерпаздарға алғысым шексіз. Қазақ-түрік достығы нығая берсін! – деді іс-шараға қатысқан Қазақстан-Американ еркін университетінің магистранты Аян Дәурен.
Берік Сәрсеков, студент