Атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді

Облысқа іссапармен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин өңірде жүзеге асырылып жатқан «Орталық-Шығыс» автокөлік жолының құрылысымен және бірқатар индустриялық жобалардың барысымен танысты.
Іссапар аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызмет көрсететін нысандарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мекеме басшылары мен мердігерлер есеп берді. Бірінші вице-премьер «Орталық-Шығыс» автокөлік дәлізінде құрылыс барысын тексеру үшін арнайы жүріп өтті. Бұл бағыттағы мәселелер республикалық маңызға ие автокөлік жолын дамыту туралы кеңесте кеңінен талқыланды.
Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары аумағымен өтетін республикалық маңызға ие жолдар 7345 шақырымды құрайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен мердігер мекемелер басшыларының баяндауынша, қазіргі күні «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 404 шақырымы пайдалануға берілген. Тағы 501 шақырымына жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Барлық құрылыс белгіленген кестеге сай орындалуда.
Сондай-ақ Асқар Мамин жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарының жағдайын саралап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Республикалық маңыздағы Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы жол бойында А, В, С, D дәрежесіне жататын 530 нысан орналасқан екен. Биылғы жыл соңына дейін олардың 16-сы пайдалануға беріледі.

Инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға биыл «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 905 шақырымын қолданысқа беруді, ал келер жылы жобаны толық аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары іссапар аясында Семейге арнайы келіп, қаланың жылу орталықтары мен магистральдық жылу желілерінің технологиялық құрылғыларын жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды көрді. Қорғаныс және азаматтық мақсаттағы өнімдерді шығарып, оған техникалық қызмет көрсететін «Семей инжиниринг» АҚ өндірістік кәсіпорнының қуатын бағамдап, Семей машина жасау зауытының жұмысымен танысты. Семейдегі Қарағайлы шағын ауданы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа тұрғын үйлерді, 320 орындық балабақшаны көрді.
Жарма ауданындағы «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-не жасаған сапары барысында Асқар Маминге осы жылы жаңа кен байыту өндірісі іске қосылатындығы баяндалды.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметі