Қоғам

Қаңтарылып тұрған терминалдарға қаржы неге бөлінеді?

 Қаңтарылып тұрған терминалдарға қаржы неге бөлінеді?

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен денсаулық саласының мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдауда көптеген әлеуметтік проблемалардың беті ашылды. Облыста кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмектің жоқтығы, емдеу мекемелеріндегі қызметтің сапасын анықтауға орнатылған терминалдардың қолданылмайтыны, дәрігерлер мен емханалардың жетіспеушілігі сияқты кемшіліктер айтылды.

Жиналғандардың алдында Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметтерді қадағалау департаментінің басшысы Нұрланғазы Ибраев есеп берді. Баяндамашының мәліметтеріне сүйенсек, аталмыш департаментке денсаулық саласына қатысты келіп түскен шағымдардың легі соңғы бес жылда алғаш рет төмендеген. Мысалы, өткен жылдың алғашқы тоқсанында 63 шағым түссе, биыл осы мерзімде 59 науқас арызданған. Тұрғындар тарапынан шағымданудың аздығын Нұрланғазы Ибраев емдеу мекемелерінде былтырдан бастап құрылған пациенттерді қолдау қызметінің нәтижесі деген пікірде.

-Қазір кез келген мемлекеттік медициналық мекемеде осындай қызмет жұмыс істейді. Бұрын ішкі аудит болған. Бірақ ондағы дәрігерлер кейде өзі науқастарды қабылдап отырғандықтан, арызданушыларды дер кезінде тыңдай алмайтын. Бүгінгі қызмет басқаша ұйымдастырылған. Ол жердегі дәрігерлер тек науқастардан түскен өтініштермен айналысатындықтан, проблемаларын сол орында шешіп алуға мүмкіндік бар,- деп түсіндірді басшы.

Нұрланғазы Ибраев пациентті қолдау қызметіне түскен шағымдарды талдау кезінде басты назар кемшілікті сол емдеу мекемесінің деңгейінде жедел шешіп, қателіктерді алда қайталамауға бағытталатынын баса айтты. Егер қателік медициналық қызметкерлердің білімсіздігінен болса, олардың біліктіліктерін көтеруге ден қойылады. Ал егер қажетті медициналық құрал-жабдықтың болмауынан орын алса, бұл олқылықтың да орнын толтырудың жолдары қарастырылады.

Басшының сөзіне қарағанда, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға облыстық денсаулық басқармасында 2015 жылдан жұмыс істей бастаған call-орталықтың да көмегі зор. Орталықта он желі бар, бес-алты оператор тұтынушылардың шағымдарын тыңдап, дереу қолдау көрсетуге үнемі дайын. Науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы бар, бірақ оны шешудің тетіктері де қарастырылып жатқанын айтты баяндамашы. Мысалы, соңғы екі жылдан бері тендерге өтініштерді толық қабылдап, өткізуді қаңтар айына дейін аяқтап келеді. Қазір маусым айынан бастап 2017 жылға дәрі-дәрмектерге тапсырыс беріліп жатыр.

Дегенмен «Нұр Отан» партиясына медициналық қызмет көрсетуге шағымданғандардың саны, керісінше, артпаса, азаймапты. Өткен жылы алғашқы тоқсанда денсаулық саласына қатысты 70 өтініш түссе, үстіміздегі жыл басынан бері олардың саны екі есе өскен. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов арыздардың 49 пайызы оңды шешілгенін жеткізді.

Медициналық қызметтерді төлеу Комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Әлиев аталмыш салаға бөлінетін барлық қаржының 17-25 пайызы тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатынын айтты. Биыл осы мақсатқа қосымша бір миллиард теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік медициналық құрылымдарды қаржыландыру ағымдағы жылы тоғыз пайызға өсіпті. Препараттармен қамтылуда болашақ аналарға, гемодиализ бөлімшесінің науқастарына басымдық беріледі. Ал жоғары білікті медициналық көмек көрсету төменнен жоғарыға қарай ұйымдастырылады екен. Яғни, осындай көмекке деген өтініш алдымен емханалардан облыстық денсаулық сақтау басқармасына келіп түседі, басқармада қаржыландыру мәселесі шешіледі. Биыл 1200 коронарлық стендтеу процедурасына қаржы бөлінген.

Болат Әлиев 28 мемлекеттік медициналық құрылымның 21-інде дәрігерлік қызметкерлердің жалақысы дифференциалды түрде төленетінін жеткізді. Бұл олардың жұмысқа деген ынталарын арттыратыны сөзсіз.
Қоғамдық тыңдауда дәрігерлік қызметтің сапасын анықтауға арналған терминалдар жайы да сөз болды. Ондай терминалдар барлық мемлекеттік емдеу мекемелерінде бес жылдан бері орнатылғанымен, ешкім де пайдаланбайды.
-Жуықта облыстық әкімдікте өткен бір жиында осы терминалдардың жұмысын жандандыру мәселесі көтерілді. Ол терминалдардың ешқандай пайдасы жоқтығына қарамастан, оларды ұстап тұруға бірнеше жыл бойы қыруар қаржы бөлініп келген. Тіпті аудандық емдеу орындарына да жеткізіліпті. Олар адам қолы жетпейтін жерге ілінген, – деді депутат Олег Чернышев.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы стратегиялық даму бөлімінің басшысы бұл терминалдардың өз жұмыстарына ауадай қажеттігіне сенімді.

-Бұл терминалдар біздің жұмысымызға қажет. Әрине, әзірге науқастармен терминал арқылы кері байланыс орнатылған жоқ. О баста оларды қалай қолдану қажеттігі ешкімге үйретілмеді. Бірақ алдағы уақытта мемлекеттік медициналық қызметтердің сапасын сараптап, бағалағанда біз оларға келіп түскен өтініштерді пайдаланамыз, -деді бөлім басшысы.
Жиында тұрғындар тарапынан емханалардың тарлығы, мамандардың тапшылығы, Чернобыль және ауған соғыстары ардагерлерін дәрігерлердің кезексіз қабылдауында қиындықтар туындайтындығы сияқты біраз проблемалар көтерілді. Партия мүшелері осы және басқа да мәселелерге қатысты ұсыныстарын денсаулық сақтау басқармасы мен облыс басшыларына жіберу туралы шешім қабылдады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button