Қоғам

Атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды

Атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды


Кеше Өскемен қаласында «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті ХХ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Келелі басқосуға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ төрағалық етті.

Конференцияға партияның аудандық, қалалық филиалдары конференцияларында сайланған 250 делегаттың 236-сы келді. Оның жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков, облыстық филиалдың Саяси кеңес және Бюро мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің және партиялық бақылау комиссияларының төрағалары, жергілікті атқарушы және өкілетті орган жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

– Облыстық филиалдың кезекті жиырмасыншы есеп беру конференциясы ел тарихындағы айтулы мерейтой – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жиырма бес жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ стратегиялық бастамаларының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Экономика мен саясатта ауқымды реформалар сәтімен жүзеге асты. Қазақстан аз уақыт ішінде экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі берік, қуатты мемлекетке айналды. Бағыты айқын, нақты даму жоспары бар, мақсаты биік Қазақстанның бұл жеткен жетістіктерінің барлығы партия Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімімен тығыз байланысты, – деді Даниал АХМЕТОВ жиынды ашқан сөзінде.

Бұдан соң облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Саяси кеңестің соңғы екі жылдағы жұмыс қорытындылары туралы баяндама жасады.

Жарыссөздерге Бородулиха аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Григорий Акулов, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жасұлан Шаймарданов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова, «Нұр Отан» партиясы Катонқарағай аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрайымы Әмина Жұмағұлова, «Қазақмыс» ЖШС жанындағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Елена Камерцель, «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық филиалының жетекшісі Айдос Төлеуханов шығып, өз тараптарынан атқарылған жұмыстарға және алға қойып отырған мақсат-міндеттеріне тоқталды.

– Ұлтымыздың Ұлылары дүниеге келген қастерлі де қасиетті Шығыс жеріне табан тіреп, сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын! Шығыс Қазақстан – еліміздегі көшбасшы, әлеуеті зор өңірлердің бірі. Бұл өлкенің табиғаты қандай сұлу болса, адамдары да сондай әдемі, көркем, қайратты әрі белсенді. «Нұр Отан» партиясының Шығыстағы филиалы еліміздегі үздік бес облыстық филиал қатарынан көрініп отыр. Филиал тарапынан әркез соны идеялар, тың бастамалар қолға алынып отырады. Осы ретте мен облыстық партия филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВКЕ өз ризашылығымды білдіргім келеді, – деді өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков. – Біздің еліміздің алдында асқаралы мақсат-міндеттер тұр. Олардың ең бастысы – халық санын көбейту, ұлт денсаулығын нығайту және білім сапасын арттыру дер едім. Міне, нақ осы мақсаттарды «Нұр Отан» партиясы өз алдына меже етіп алып отыр. Оларды атқаруға бәріміз біркісідей атсалысуға тиіспіз, осы ретте Елбасымыздың, Партия көшбасшының жанынан табылып, жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек.

Конференцияға қатысушылар облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің есепті кезең ішіндегі жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, бақылау-тексеру комиссиясының есебін бекітті, сонымен қатар конференция қаулысын бірауыздан қабылдады. Облыстық партия филиалының 41 мүшеден құралған Саяси кеңесі және сол Саяси кеңестің тоғыз адамнан тұратын Бюросы сайланды.

Конференция соңында облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ел Тәуелсіздігінің жеті құрдасына салтанатты жағдайда партия билеттерін тапсырды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков бір топ белсенді нұротандықтарды Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button