Руханият

«Қаңтардағы қызыл гүл»

«Қаңтардағы қызыл гүл»

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да осындай атпен ақын, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Жанат Әскербекқызының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.
Кеште университеттің филология факультетінің студенттері А.Есімханова, З.Тоқтарова, Е.Мамырбекова ақынның «Сен сыңсытқан күйге егілем», «Терезем…», «Шарасыздыққа ет өліп» атты өлеңдерін оқыса, А.Алтай мен Б.Жүнісова ақынның сөзіне жазылған «Ай екеуміз» атты әнін әуелетіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Сонымен қатар осы кеште оның М.Лермонтов, Байрон, түрік ақыны А.Ертарғыновтың, тәжік ақыны Фарзонаның шығармаларынан аударған «Айырылысқанға өкінген» сынды өлеңдері оқылды. Ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман Жанерке Тілекбергенқызының айтуынша, ол оның барлық өлеңдерін жатқа біледі екен.
– Жанат Әскербекқызының адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңді күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді, – дейді Жанерке Тілекбергенқызы.

«Қаңтардағы қызыл гүл»

Аталмыш кеште ақынның «Ай-тамғы» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
– Кітаптың атауына келер болсақ, кішкентай күнімізден «тамғы» деген сөзді естіп өскен едік. Қайыр, үміт, шарапат деген ұғымды да беретін бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. «Жақсыдан тамғы дәметер көңіл бар» демей ме қазақ… Ал «Ай» ұғымы мен үшін ерекше мәнге ие. Шынымды айтсам, рухани ағам Светқали Нұржанның тарапынан кітапты осылай қойсаңшы деген ұсыныс түскенде, бірден ұнаттым, – деп ағынан жарылды Жанат Әскербекқызы.
Осы кеште университеттің ғылыми жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Б.Ердембеков ақынды «С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағымен марапаттады.

«Қаңтардағы қызыл гүл»

Айтпақшы, бұл кеште бірнеше халықаралық, республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері Қалқаман Сарин өзінің «Шыңғыстай», «Өскемен» сияқты туындыларын оқып, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button