Атқан оғы тонаушының аяғына дәл тиді
Қазақстан полициясына 25 жыл толуына орай қызмет барысында қарулы қылмыскерді ұстаған Өскемен қаласы ішкі істер басқармасы Солжағалау полиция бөлімінің қызметкері Бектембаев Тимурдың ерлігін еске алмақпыз.
Солжағалау полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында орналасқан дүкендерге белгісіз біреу тапаншаға ұқсаған зат қолданып, қарақшылық шабуыл жасап, дүкендерді тонаған, алайда қаскөйді ұстау мүмкін болмады. Ұсталмаған қылмыскер дүкендерді тонауын жалғастырып, жеті дүкен тоналды. Дәніккен қылмыскерді ұстау үшін полицейлерге аяқтарынан тік тұрып, күшейтілген түрде жұмыс істеулеріне тура келді. Қылмыс жасалған аудандағы барлық дүкендер мен сауда орындарына полицейлер тарапынан тәуліктік күзет қойылды, деп жазылған Өскемен ІІБ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осындай қайнаған қызу шараға полиция капитаны Тимур Бектембаев та қалыс қалмай, бел шеше атсалысады. Ол қарашаның 22-сі күні қызметін атқарып болған соң, сағат 22.00 шамасында Сәтпаев көшесі бойында орналасқан «Нұр» дүкеніне күзетке келеді. Күн-түн жұмыс істеп тұрған дүкен ішінде үш сатушы әйел. Дүкеннің көзге түспес қалтарыс бір бұрышын таңдаған Тимур қарақшының жолын күтіп отырады. Сол түн тыныш өткен секілді еді, кенет таңғы сағат 05.15 мөлшерінде қара маска киген ұзын бойлы, қолында қаруы бар адам кіріп келіп, сатушыға қаруын кезеп, 40000 теңге ақша беруін талап етеді. Сатушы белгісіз адамның талабын орындап, дүкен иесіне тиесілі 40000 теңге ақшаны қолына санап береді.Таң әлі атқан жоқ, маңай тып-тыныш, қорқып қалған сатушылардың полицияға хабарлауға мүмкіндіктері болмады. Осы кезде Тимур орнынан шығып, қылмыскерге қаруын түсіріп, берілуін талап етеді. Керегін алып үйренген ол полиция қызметкерінің талабын елемей, қаруын енді Т. Бектембаевқа қарай кезеді. Өзіне қарай кезеп тұрған қаскөйді көрсе де, полиция қызметкері тайсалмай, басымдық көрсете білді. Оны ұстау шараларын қолданып, еденге аяқ тұсына қарай ескерту ретінде оқ атады.
Бірақ белгісіз қаруын түсірмей, тұрған орнынан ыршып түседі де, қашуға бет алады. Тимур Бектембаев ойланбастан оның соңына түсіп қуа жөнеледі. Сол сәтте учаскелік полиция инспекторының ойында қайтсе де қылмыскерді ұстау болды, себебі,бірнеше рет дүкен тонаған, алайда, ұсталмай жүрген қылмыскерді бетпе-бет келіп тұрғанда жіберіп алудың жөні жоқ. Ал бар пәрменімен жүгірген қылмыскер оған жеткізер емес, көрінбей барады. Бірақ өз ісіне сенімді Тимур ержүректілік танытып, қылмыскердің ізінен қалар емес. Үйді айнала қашқан күдікті бір уақытта көрінбей кетті, алайда, ізіне түскен полиция қызметкері оны тауып алады. Осы кезде Т. Бектембаев іскерлігін көрсетіп, ұстау шараларын екінші рет қолданып, аяғынан екінші рет оқ атады. Қашып бара жатқан күдіктінің аяғына оқ дәл тисе де, ол одан әрі қаша береді. Аяғына оқ тиіп жараланған қарулы қарақшы маңайда тұрған автокөліктердің бірінің астына жасырынады. Абырой болғанда, сол мезетте сатушылар шақырған полиция жасағы да келіп, қылмыскер қолға түседі.
Осы көрсеткен ерлікке сай әрекеті үшін Тимур Бектембаев Ішкі істер министрінің мақтау қағазымен марапатталды. Осындай қызметке адал жандардың жұмыстарына жеңіс тілейміз.
Ержан Әбіш