Қоғам

Атамыздың әңгімесін естіп өстік

Соғыс ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Ахметкәрім Ахмадиев биыл тамыз айында дүниеден өткен болатын. Майдангер атамыздың соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі ерен, елдің әл-ауқатын көтеруге қосқан мол үлесі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Ол 1925 жыдың 12 тамызында Самар ауданының Сарышоқы ауылында дүниеге келген еді. Кейін Күршім ауданына көшті. Әкесі Қайынды орман шаруашылығының басшысы болса, анасы үй шаруасын атқарған. Үш жасында жетім қалып, сол жылдардағы қазақ даласында болған аштықты, жұқпалы індетті басынан кешірген екен.

1939 жылы жеті сыныптық бастауыш мектепті бітіре салысымен колхоздың ауыр жұмысына араласады. Ал 1943 жылғы 2 ақпанда Ахметкәрім Ахмадиев соғысқа шақырылып, Байкал майданында жапондармен шайқастарға қатысады. Ол – «Жапонияны жеңгені үшін» және «Отан соғысы» ордендерінің иегері.

1950 жылы жауынгер еліне, Сарышоқы ауылына оралады. Ахметкәрім ата зайыбы Шөкенмен бірге алты баланы өсіріп-жеткізді. Қазір 17 немере, 11 шөбересі өсіп келеді. 2007 жылы көпшілік сұрауы бойынша Ахметкәрім Ахмадиевке Күршім ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ардагер мектебімізге жиі-жиі құрметті қонақ ретінде келіп тұрушы еді. Ол қан майдандағы басынан кешкен түрлі оқиғаларын біздерге айтып, баршамызды бейбіт өмірдің қадірін түсінуге, ел үшін аянбай тер төгуге шақыратын.

Әсем Ескермесова, студент.

Осы айдарда

Back to top button