Аталарының ерлігін интернеттен біліпті

Мұндай жағдайда қазақ «Өшкені жанып, өлгені тірілді» дейді. Шынында да, сонау 1945 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен майдангердің барша мәліметтері қолға тиіп, қандай ерлік жасағаны, нендей жағдайда опат болғаны ресми түрде жария болса, мұның өзі оның ұрпақтары үшін ортаға қайтып оралғанмен бірдей емес пе?!
Міне, дәл осы жағдай біздің Күршімде де қайталанып, Ақсуаттың тумасы, Күршімнің тұрғыны Мұрат Байқадамовтың шаңырағындағы зор қуанышқа себепкер болып отыр.
Балықшы өңірінде туып-өсіп, бертінірек аудан орталығына көшіп келген Қабдыкәрім Байқадамов ақсақал әкесі Байқадамның соғысқа аттанып, оралмай қалғанын сөз арасында құлаққағыс етіп қана айтатын еді. Ал Байқадам әйгілі әртісіміз, «Тамашаның» тарланы Уәйістің әкесі Солтанғазының туған ағасы. Олардың ес біліп, етек жапқан жерлері – бүгінде су астында қалған, кезіндегі «Жаңатұрмыс» атты балықшы колхозының орталығы болған Қоржын ауылы. Байқадам соғысқа аттанғанда 44 жастағы азамат екен. Бәйбішесі Сағатай екеуі төрт бала сүйсе керек, олардың біреуі ерте қайтыс болады да, қалған үшеуі әкелері әскерге алынғанда аналарына сүйеніп, қала береді.
– Атамыздан басында хат-хабар жетіп, тіпті шағын жәшікпен сәлемдеме де келіп тұрыпты, – дейді майдангердің келіні, бүгінде 81 жасқа келіп отырған Сәбижамал әжей. – Екінші салған сәлемдемесі Ұлы Жеңіске қол жеткен 9 мамырға қарсы жеткен екен. Көп ұзамай «Ерлікпен қаза тапты» деген бір жапырақ қағаз келіп, туыстары жылап-сықтап қала берген.
«Жас жетіп, жарлы байымай ма» дегендей, қандай қиындық көрсе де Сағатай апамыз балаларын жеткізіп, бас-басына үй етеді. Әкеден қалған із – Қабдыкәрім үйленіп, сегіз бала сүйеді. Осы төрт ұл, төрт қыздың үшіншісі Мұрат қазір әкесінің орнын басып, қарашаңыраққа ие болып отыр.
– Біздің Алматының есеп-кредит техникумын бітіргенімізге 30 жыл толды, – дейді Мұраттың «Халық банкінде» қызмет істейтін зайыбы Гүлмира. – Соған орай курстастар жиі хабарласып тұрмақ болып, «WhatsApp» желісінен өз тобымызды ашқан болатынбыз. Бір күні бір досым: «Осы сендердің аталарыңнан соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен адам бар ма?» деп сұрады. Мен күйеуімнің атасының майдангер екенін, соғыста қаза тапқанын, бірақ қай жерде болғанынан хабарсыз екенімізді айттым. Әлгі әйел Ресей порталында «Подвиг народа» деген сайт бар екендігін, соны ашып, іздеу салуға болатынын түсіндірді. Мұны естіген бойда интернетті ашып, аталған сайтқа кірдім. Байқадам Мырзағалиев деп жазуым мұң екен, бәрі жарқырап шығып, алдымнан өте берді. Сөйтсек, атамыз нағыз батыр болыпты, сол кездегі жоғары дәрежелі ордендердің екеуімен бірдей марапатталыпты, оның барлығы тиісті құжаттармен расталып тұр.
Мұны көрген Гүлмира алақайлап, алдымен енесінен сүйінші сұрайды. Басында хабар болатынына сеніңкіремеген Мұраттың қуаныштан есі шығады. Осылайша, кешегі қанды майданның тағы бір батырының есімі анықталып, Отан үшін қан кешіп, елді жан аямай қорғаған азаматтардың қатарынан орын алды.
Бұл хабарды естіген бойда әдейілеп жеткен біз майдангер атамызға арналған «Марапат парағына» көз жүгірттік. «Мырзағалиев Байқадам – деп көрсетілген екен онда. – 1944 жылдың 17 ақпаны күні көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды (орысшадан аударған автор). Бұйрық нөмірі – «06/Н».
Ал екінші парақта мынадай жазба бар екен. «218-ші Ромадон-Киев Қызыл тулы, Суворов орденді атқыштар дивизиясының 667-ші атқыштар полкінің 2-ші атқыштар батальоны, 5-ші атқыштар ротасының қызыл әскері 1898 жылы туған Байқадам Мырзағалиев жаудың Вроцлав қаласы түбіндегі №77 тірек пунктіне жасалған шабуыл кезінде басқа жауынгерлерге асқан батылдықтың үлгісін көрсетіп, дұшпанның түтеп тұрған оғы астында темір жол жолағын алдымен кесіп өтті. Оны қорғап тұрған жаудың төрт солдатын жер қаптырған ержүрек қызыл әскер осы қиян-кескі шайқаста ерлікпен қаза тапты. Қанды айқаста көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол Үкімет марапаты – II дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылды.
667-ші атқыштар полкінің командирі,
подполковник Банатин (қолы қойылған).
30 сәуір, 1945 жыл.
Сөйтіп, екінің бірінің қолынан келе қоймайтын ерлікті жүзеге асырған батыр атамыз Жеңіс күніне небәрі 19 күн қалғанда опат болып, арманда кетіпті. Бірақ оның тегін өлмегені, қанын босқа төкпегені анық. Ендеше, Байқадам атамыз қандай мадаққа да лайық.
Соғысқа есейген шағында барып, естен кетпес ерлік жасаған Байқадам Мырзағалиұлы із-түзсіз немесе арманда кеткендердің қатарына жатпайды. Бүгінде оның бір ұл, екі қызынан өрбіген ұрпақтары баршылық. Өмірден 2003 жылы өткен ұлы Қабдыкәрім мен келіні Сәбижамал сегіз бала өсіріп, олардан 20 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Ал қыздары Ғайни мен Нұрғайнидан туған 11 жиенінің ұрпақтары өз алдына бір ауыл. Осындай адамды ізсіз кетті деп кім айта алар?
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданың ақиқаттығына тағы бір мәрте көзіміз жетті. «Хабарсыз кетті» деп күдер үзіп қойған аталары жайлы нақтылап білген Байқадамовтар әулеті қазіргі кезде марқұм аталары аман оралып, орталарына келгендей күй кешуде.
Суретте: немересі Мұрат Байқадамов атасының ерлігін мақтанышпен айтуда;
Хасен Зәкәрия