Ата-әжелерінің батасын алып қайтты
Өскемендік белсенді жастар Глубокое ауданының Солнечный кентінде орналасқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан жандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекелік шара ұйымдастырды.
Айта кетейік, бүгінде әлеуметтік орталықта 120-ға жуық жалғызбасты қарт адам тұрып жатыр. Сонымен бірге, аталмыш мекемеден пана тапқан мүмкіндігі шектеулі жандар да аз емес. Бұл күні қаладан келген жастар олардың ешқайсысын назарынан тыс қалдырмауға тырысты.
– Орталықта тұрып жатқан жандарға жыл сайын келіп тұрамыз. Бүгін демеушілердің қолдауымен қарияларға арнайы сыйлықтар дайындап әкелдік. Сонымен қатар, аталарымыз бен әжелеріміз арасында бата беру сияқты түрлі байқау, сайыстар ұйымдастырмақпыз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Өз кезегінде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Қайрат Терлікбаев мекемеде тұрып жатқан жандар осындай шаралар ұйымдастырылса, балаша қуанатынын жеткізді.
Бұл күні мекеме тұрғындарын Наурыз мейрамымен Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері де құттықтады. Жас өнерпаздар ата-әжелеріне арнап концерттік бағдарлама қойды. Сондай-ақ, жиналғандар алдында Абаш Кәкенов, Айдар Алтай, Дамир Төлеужанов сияқты облыстық филармонияның қызметкерлері де өнер көрсетті.
Мерекелік шараға «Кондитер плюс» және «Ақсай-нан Өскемен» ЖШС-лері, «EVIM» дүкендер желісі, сондай-ақ, «Арзан» көтерме сауда маркеті демеушілік қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Бұған қоса, жастар ресурстық орталығының өкілдері де жалақыларының бір бөлігін қарияларға сыйлықтар алуға жұмсады. Ұйымдастырушылар келер жылғы қайырымдылық шарасына бұдан да көп демеуші қатысады деп үміттеніп отыр.
Сәрсен Қабылым