Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы
А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Конституция күніне орай «Ата Заң – ел ынтымағының ұйытқысы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің бірінші бөлімінде қойылған әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» философиялық еңбегін ерекше атап өтуге болады. Түркі тектес халықтарға ортақ өлеңмен жазылған бұл еңбекте халқымыздың рухани жан дүниесі терең ашылып көрсетілген.
Көрменің келесі бөлімінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары», Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинақтарына ерекше орын берілген. Бұлар Қазақ хандығының өміршеңдігіне бірден-бір ықпал еткен мемлекеттің Ата заңдары.
– Алаш қозғалысының алтын дәуірінде Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставы» деп аталатын еңбек жазған. Бұл жаңа заманға сай жазылған тұңғыш қазақ заңы деп есептеледі, – дейді көрме ұйымдастырушылары.
Көрменің қорытынды бөлімі еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан кейінгі жетістіктерінен сыр шертеді. Адам және адамзат құқықтары, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы, ұлтаралық татулық жайлы кітаптары көрмеге қойылған.
Жасын Қалибек