ТОП

Ата заң баптарының үштен бірі өзгермек

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілгелі отырған өзгертулер мен толықтырулар жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Атап өтерлігі, елімізде соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Ата заңымыз қабылданарда өткізілген болатын. Президенттің бастамасы елеулі жаңалыққа айналып, ел ішінде қызу талқыға түсуде.

Халық талқысына ұсынылып отыр

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, өңірімізге танымал әлеуметтанушы Элеонора Столярова бұған дейін негізгі заңға өзгеріс енгізілгенде халықтың ой-пікірі сұралмағанын атап өтіп, бұл бастаманы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде көрініс табуы деп баса айтты.

– Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық дүние емес. Ата заңымызға бұған дейін де бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Бірақ ол кезде ешкім қарапайым халықтың пікірін сұраған жоқ. Тек Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың мақұлдауымен қабылданатын. Шыны керек, осы жолы Мемлекет басшысы нағыз демократиялық тәсілді таңдап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында Ата заңға енетін өзгерістерді халықтың талқысына ұсынып, референдум өткізуді шешті, – дейді ғалым.

Мемлекет басшысы өз ұсынысында: «Біз Екінші республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп атап өтті.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау мәселесі бойынша референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың мүшесі Олег Чернышов та Ата заңға өзгерісті халықпен ақылдаса отырып енгізу дұрыс шешім болғанын айтады.

– Бүгінде елімізде саяси жүйені ауқымды либерализациялау жүріп жатыр. Президент атап өткендей, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті кету іс жүзінде мемлекеттік басқару мен тұтастай саяси жүйені жаңартады. Қоғам өзгереді, билік тек бір адамның қолында болмайды, Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артады, – дейді ол.

Өңірдегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері бас қосып, аталмыш референдумды қоғамдық қолдаудың облыстық штабына топтасты. Олардың қатарына үкіметтік емес ұйымдар, жастар мен ардагерлер бірлестіктері, ірі кәсіпорындар өкілдері, этномәдени орталықтар көшбасшылары, құқықтанушылар, ғалымдар, блогерлер қосылып отыр. Штаб мүшелері әр азамат Конституцияға енгізілмек өзгерістер туралы өз пікірін ашық білдіруге құқылы екенін айтуда.

Себебі, мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек.

– Президенттің осындай күрделі мәселеде соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыруы елдегі үлкен өзгерістердің бастауы болса керек. Сонда ғана Президент айтқандай, әділ әрі дамыған мемлекет боламыз, – дейді Олег Чернышов.

Конституцияның 33 бабына түзету енгізіледі

«Жұмыс тобы негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар. Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Бұл – мемлекет пен қоғамның байланысын бұрынғыдан да жақындата түсетін үлкен мүмкіндік.

Реформа аясында Ата заңымыздың 33 бабына түзету енгізіледі. Яғни еліміздің ең басты Құжатының үштен бірі өзгереді деген сөз. Сол себепті, осындай тарихи бетбұрысты халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асыру аса маңызды.

Конституциялық реформаның бес негізгі бағыты бар.

Біріншіден, бірқатар билік уәкілеті қайта бөліске түседі, функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі.

Екіншіден, суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу аяқталады. Президент бәрінен тең дәрежеде оқшау тұратын, ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады.

Үшіншіден, Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейтіледі. Мәжілісті құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, Парламенттің бақылаушы функциялары кеңейтіледі, заңнама процедуралары оңтайландырылады.

Төртіншіден, халықтың мемлекет басқаруға қатысуы кеңейеді. Мәжіліс депутаттары бірмандатты округ жүйесі бойынша сайланады, депутат мандатын қайтарып алу тетігі енгізіліп, облыс әкімдері баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалады.

Бесіншіден, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі күшейтіледі. Конституциялық Сот құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдер мен иммунитет беріледі, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынады.

Осылайша, реформалардың нәтижесінде билік тармақтарының өзара теңгерімді байланысы қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады.

Мақсат – саяси жүйені түбірімен өзгерту

«Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ  саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек»,  деді Президент.

Жуырда Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң мәтіні көпшілік назарына ұсынылды.

Негізгі өзгерістің бірі – жер мен оның байлығын халықтың меншігі етіп жариялау көзделген. Алайда  халықтың атынан жерге мемлекет иелік етеді. Сонымен қатар жобада өлім жазасына тыйым салынған.

Мұнымен қоса, Конституциялық, Жоғары және де өзге судьяларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасы болуға тыйым салынады. Әскери қызметкерлерге, ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілерге, құқық қорғау органында қызмет ететіндерге саяси партияларға кіруге, кәсіби одақтарға тіркелуге, саяси партияның үгіт-насихат жұмысына қатысуға тыйым салынады.

Сондай-ақ заң жобасында президенттікке екі мерзімнен артық сайлануға жол бермеу қаралған. Заңның 34-ші бабында президентке депутат болуға, құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге, өзге де ақылы қызметтерді иеленуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, партияға тіркеулге тыйым салынады. Ең бастысы, президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметте лауазымды иеленуге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушы қызметін атқаруға да тыйым салынбақ.

Атап өтерлік жайт, 91-ші баптан Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, тұңғыш президент пен оның статусын алып тастау да қарастырылған.

P.S.: Айта кетейік, референдум – Конституцияның, заңдардың және мемлекет тіршілігінің өзге де маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру.

Референдум бүкіл ел бойынша өткізіледі. Ел тарихында екі рет референдум өткен.  Біріншісі 1995 жылғы 29 сәуірде өтіп, Президенттің өкілет мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты болды. 1995 жылғы 30 тамызда өткен екінші референдумның мәні Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау болған еді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button