РуханиятТОП

«Ата-мұра» Баян-Өлгейге барып қайтты

Қазақта «бармасаң алыстайсың, бермесең алыспайсың» дейтін аталы сөз бар. Сондықтан да қарға тамырлы қазақтың арасындағы ағайындық байланыс үзілмеген. Осындай барыс-келістің бір дәнекері – өнер. Осы өнерді өзек еткен «Ата-мұра» ансамблі баяғы үрдіс бойынша Баян-Өлгейге сапарлап барып қайтты.

Баяғыдан Баян-Өлгей қазақтарының атажұрттағы ағайынмен өнердегі өрісі ортақ болатын. Соның бір дәлелі сонау 2014 жылы «Ата-мұра» ансамблі бұл өлкеге сапарлай барған екен. Ал осыдан кейін бұл ұжым осы жазда сапарлай барған.

– Бұл – өнер ұжымының Баян-Өлгей аймағына 2014 жылдан кейінгі екінші баруы. Жалпы саны 16-дан асатын ұжым мүшелерінің көбі сексеннен асса, қалғандары жетпістің үстіндегілер болғандықтан алыс жолға денсаулықтарына, үй жағдайына, демалу кезеңі сәйкес келуіне байланысты бара алмады. Ансамбль жетекшісі  Ерболат Садуақасов оң шешім қабылдап, кеше ғана сол өлкеде еңбегі сіңіп, бүгінде Баян-Өлгей аймағының Құрметті азаматы атағын алса да, әзір кеудесіне белгісі тағылмаған Манеп Нұрманұлының абыройын асырып, қошемет көрсету мақсатын негізге алуды жөн санап сапарлас болуды шештік. Мәкеңнің ұлы Жұлдыз қажы ат тізгінін қолына алды. Бұл іске Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, осы өлкенің тумасы екі елдің елшісіндей болған ақын-әнші Нұртай Тілеужан ұйтқы болды. Манеп ата сол елде еңбектің үлгісін көрсеткен, абыройы өлкеге кең тараған, әр салада еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп қана қоймай, талайдың жанын алып қалған емшілігі бар сынықшы екен. Аталас ағайынды қойып, қауым елдің берекесін мерекеге айналдырып, бас болған жан екенін көзіміз көрді. Моңғолия, Баян-Өлгей аймағының азаматтар өкілі хуралының төрағасы Бейбітхан Нуриұлы қабылдап, Манеп атаға Баян-Өлгей аймағының Құрметті азаматы атағын беріп, өнерпаздарға алғыс хат табыс етті, – дейді «Ата-мұра» ансамблінің мүшесі Нәбиолда Кемешев.

Көненің көзін көріп, сөзін санаға тоқыған салиқалы қариялар ескі әуенді төгілдіре салып, алыстағы ағайынның сағынышын басып қайтты. Алыстан ат арытып келген ақсақалдарға Моңғолия парламентінің мүшесі болған, танымал кәсіпкер Мұрат Дәкейұлы ақ дастарханын жайып, құрмет көрсетті.  Осылайша, шеттегі қандастарға риза көңілде қайтқан қария алыс жолдың азабы туралы да тілге тиек етті.

– Алыс сапарда аздаған қиындықтар болғаны да жасырын емес. Төрт шекараны кесіп өту оңайға соқпады. Айталық, Шемонайхадан өтудің өзі төрт сағат уақыт алды. Кезекте жүздеген машина, солардың көбі бізден арзан тамақ тасығандар, Ресейге қыдырғандар. Біз бензин қымбат, 182 теңге деп байбалам салсақ, Ресейде  400-ден асса, Моңғолияда 560 теңге екен. Кейде қолда бардың қадірін біліп тұру үшін басқа мемлекетке шығып тұру керек екен ғой деген оймен елге сағынышпен оралдық, – дейді ақсақал.

Иә, өмірдің жолы бұралаң, сапары алыс. Сол бір алыс сапарда елден бөлініп қалған ағайынға барып қайтқан Нәбиолда ақсақалдың әсері ерекше екенін естіп білдік. Елді елдестіру жолында еңбек етіп жүрген қарттарымызға Құдай қуат берсін.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button