Руханият

Ата мен немеренің айтысы

Ата мен немеренің айтысы

Бала:

Атажан, қоя тұршы, салт-аңызды,
Орманға жүр, сайлаңыз балтаңызды.
Шыршамен үй шырайын келтірейік,
Мейрамда кеңге салмай арқамызды.
Содан кейін базарға бару керек,
Әкеме аққайнардан алу керек.
Пенсияңды түгесіп тастамаңыз
От шашатын ойыншыққа қалу керек…
Ата:

Қой, балам, тоңғаның ба, тойғаның ба,
Бабаңның басқан ізін ойладың ба?
Ақ қар, көк мұз құрсаған бұл мезгілде
Қай атаң жүріп еді той қамында?!
Не дедің, шашу дедің, от дедің бе?
Аққайнар керек екен жетпегірге!
Бақсыдай отпен ойнап не көрінді
Мәз болып жау шақырған өктем үнге?!
Отшашу аңсар болсаң Наурызды күт
Найзағай нұр шашады көктеміңде.
Балтамен қыста шырша отағанша
Көктемде өзің көшет екпедің бе?!
Бала:

Түүу, ата, қоя тұршы ертегіңді
Ертекпен кеш қылдың ғой ерте күнді.
Наурызда Аяз ата келмейді ғой
Сыйлықпен қуантатын тентегіңді…
Қалайша шаттығымды қызғанасыз,
Наурыз өтеді ғой мұз қаласыз.
Алты миллиард адамның арасында
Жаңа жылды жек көретін сіз ғанасыз.
Ата:
Қой, балам, ойыншық деген зат емес пе,
Жастайыңнан ұрынба жат елеске.
Қыдыр мен Аяз шалды салыстырып,
Шолақ ойлап, сен өйтіп қателеспе!
Аллаға ақ тілек боп жететұғын
Сыйлықтың ең үлкені бата емес пе?!

Бала:
Бұл атам кейде осылай мазасыз ғой,
Қит етсе тарихтан сыр қазасыз ғой.
Жаңа жылды мойындамай отырғанмен
Күнтізбеге бағынып қаласыз ғой.
Желтоқсан біткеннен соң бәрі бір де
«2016» деп жазасыз ғой…
Атажан, сөзіңізге сенеміз ғой,
Сіз нұсқаған жолменен келеміз ғой,
Елден қалмай тойлайық Жаңа жылды
Наурызды өз кезінде көреміз ғой.

Ата:
Қайтейін жаһандасқан ғасырым бар,
Бір жақта дәстүрдейін асылым бар…
Тойлай ғой, тойдан құдай айырмасын
Наурызға да дәл осылай асығыңдар!
Бірақ та шарап төгіп, отты шашпай
Қымыздың құдыретін асырыңдар!
Бұл жылда көрмегенің қайғы болсын,
Әр ошақтың қазаны майлы болсын.
Мерейлі деп атаған бабаларым
Мешін жыл бар қазаққа жайлы болсын!

Айтысты жасаған – Мұратхан Кенжеханұлы, Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button