Ата дәстүрді дәріптеп жүр

Алтай ауданында «Ата дәстүр» мәдени бірлестігі жұмыс істейді. Биыл аталмыш ұжымның құрылғанына 10 жыл толып отыр. Оған Фарида Тауданбекова жетекшілік етеді. Ол қазақ халқының әдет-ғұрпын дәріптеп, кейінгі буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру аға буынның басты парызы деп санайды. Сондықтан болар, оны алтайлықтар ерекше құрмет тұтады.
– Біз жастардың бойына патриоттық сезімді ұялату үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Мысалы, әрбір мейрам сайын қазақ халқының салт-дәстүрлерінен сыр шертетін театрландырылған қойылымдарды сахналаймыз. Сөйтіп, өскелең ұрпаққа төл өнерімізді насихаттап келеміз, – дейді Фарида Тауданбекова.
Бүгінде «Ата дәстүр» мәдени бірлестігінің өкілдері мемлекеттік тілді меңгергісі келетін жастарға тегін сабақ береді. Бұдан бөлек, бұл ұжымның мүшелері бос уақыттарында шеберлік сыныптарын да ұйымдастырып тұрады. Онда қазыналы қарттар кейінгі буын өкілдерін қазақ халқының ауыз әдебиеті мен мәдениетімен таныстырады.
– Аудандағы барлық мәдени іс-шараға қатысып тұрамыз. Мұндағы басты мақсат – жас өрендерді қазақ халқының мәдениетімен таныстыру, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл бірлестік 2009 жылдың ақпан айында құрылған. Содан бері олар тұсаукесер, сүндет той, бесікке бөлеу сынды басқа да салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, Алтай ауданындағы қазақ халқының төл мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Фарида Тауданбекованың айтуынша, олар осыдан бірнеше жыл бұрын «Алтын Тұрғысын» атты халықаралық өнер фестиваліне қатысып, лауреат атаныпты. Фестиваль барысында бұл ұжымның мүшелері қазақ халқының үйлену тойы қалай өтетінін көрсетіп, қазылар алқасының көзіне түскен. Осылайша, «Ата дәстүр» бірлестігінің өкілдері көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп қайтқан.
– «Алтын Тұрғысын» фестивалінде жас әнші Ақжол Екпіннің тойын жасап бердік. Бүгінде сол бала «Горняк» мәдениет үйінде еңбек етеді. Қазір балаларға вокалдан сабақ беріп жүр, – дейді Фарида Тауданбекова.
Қазыналы қарттардан құралған бұл ұжым осы күнге дейін ұмыт болған атадәстүрді дәріптейтін «Жаңарған Алтайдың салт-дәстүрлері» атты кітапты жарыққа шығарды. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Оған облыс әкімі Даниал Ахметов қолдау көрсетіпті.
– Өткен жылы аймақ басшысы біздің ұжымның жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Содан соң Даниал Ахметов маған қазақ халқының барлық әдет-ғұрпынан жан-жақты хабар беретін жинақ шығаруды тапсырды, – дейді ол.
Айтпақшы, «Ата дәстүр» мәдени бірлестігінің өкілдері Катонқарағай ауданына барып, сүндет тойын да өткізіп беріпті. Фарида Тауданбекованың айтуынша, бұл өте қызық оқиға болған.
– Бірде маған Берел ауылының тұрғыны хабарласып, сүндет тойының жоралғысын өткізіп беруімді сұрады. Содан біз ойлана келе, Катонқарағай ауданына жол тарттық. Сөйтіп, Берелде дүркіретіп, думандатып қайтқан жайымыз бар. Негізі, әр ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтап, кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсете білгеніне не жетсін, шіркін, – дейді Фарида Тауданбекова.

Мектепте «Жас қанат» мәдени орталығы бар
Алтай ауданындағы №9 орта мектептің базасында өзге сынып бөлмелерінен ерекшеленіп тұрған «Жас қанат» мәдени орталығы жұмыс істейді. Бұл облыс басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен ашылған. Бүгінде онда ұлттық саз аспаптарын меңгеріп, халық әндерін шырқаймын, тіл меңгеремін деген оқушылар мен студенттерге барлық жағдай жасалған.
– Мектептегі орталықты балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ашқан едік. Өйткені, ана тілінде білім алу сыныпта оқылған сабақпен шектелмеуі керек, -дейді Фарида Тауданбекова.
Бүгінде «Ата дәстүр» мәдени бірлестігін басқарып отырған Фарида Тауданбекованың еңбегі еленіп, елдің алғысына бөленіп отыр. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет граматосын иеленген. Бұдан бөлек, «Ата дәстүр» ұжымының өкілдері аудандық және облыстық деңгейде ұйымдастырылған талай байқауда топ жарып шыққанын айта кеткен орынды.
– Алдағы уақытта балалар оркестрінің өнерпаздарына ұлттық нақышта тігілген киім-кешектерді тігіп бергіміз келеді. Алайда, оған қаржы жағы қолбайлау болып отыр. Дегенмен, біздің бұл мәселемізге облыс әкімі Даниал Ахметов пен аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов бейжай қарамайтынына сенеміз, – дейді Фарида Тауданбекова.
«Дидар»-ақпарат
Алтай ауданы.