Мәдениет

Ата дәстүріміз неге ала-құла боп кетті?

Соңғы кезде ұлттық құндылығымыз қырық құбылып, салтымыз бұзылып, санамыз өзгеріп бара жатқандай. Осы орайда халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі өзінің байырғы ұлттық ерекшелігін сақтай отырып өркениетті заманмен бірге толысып, дами түсуіне мүдделі барлық азаматтарға үндеу жасауды жөн көрдім.

Бұл бір менің емес, баршамыздың көкейімізде жүрген дүние екендігі белгілі. Кемшілікті дер кезінде жөндемесе, кейін өкіндіріп жүрері айтпаса да түсінікті. Мысалы, қазақта «Бес бармақ» деген ас мәзірі бар ма еді? Жиі-жиі айтылып жүрген бұл атау жаңалық па, мазақ па? Сегіз қанатты үйде 460-тан артық атау бар. Оның қаншасын күнделікті тұрмыста тұтынып келеміз. Қажеттіліктен қалғаны қаншама? Ал онымен бірге сөздік қорымыздан ұмыт болып бара жатқан сөз қаншама? Ал түрлі әлеуметтік орындарға көп ешкім түсінбейтін шетелдік атаулар қойылып жатады. Осылайша халқымыздың мағыналы сөзі, атауы жойылып, мағынасыз сөздер бел алып отыр. Әйтеуір, әлеуметтік орындарға ешкім түсінбейтін атау қою керек болса, ол атаулардың орнына неге сол қазақ атауларын пайдаланбасқа?

Айтпақ ойым түсінікті болу үшін оны төтесінен сұрақтармен бастағаным дұрыс деп шештім. Бұл сұрақтар кімнің де болсын санасын сан-саққа жетелеп жүргенін білемін.

Сананы сапырған сұрақтар

– Немерелерімен шет тілде сөйлесетін қарттардың мұрат-мақсаты не?!

– Кино-спектакльдер мен көгілдір экранда берілетін хабарларда екі сөзге келмей жұбайының жағасына жармасып, қол көтеріп жатқан келіншекті қандай (не қылған) ана дейміз? Ол қазақ анасының, әйелінің қасиетті болмысы ма? Асылында, ана даналығы ондайда ақылды сөз, ұтымды мінез көрсетуші еді ғой?!

– Қарт ата-анасының алдындағы «сәбилік борышын» өтеу үшін оларды өткізуге болатын қарттар үйін іздеп жүрген жұбайларды кім дейміз?.. Елімізде жетім, жартылай жетім сәбилер неге көбейіп келеді?

– Көк етіктіге кезінде қолы жетпей, көң етіктіні қаламай отырып қалған кәрі қыздар қазақта неге көп? Бақыт іздеп шекара асып кетіп, ақыры шоқ басып аңырап жүрген аруларымыз қанша? Оның әулетке, қоғамға, ұлттық генофондқа жаман әсері қаншама екеніне көңіл бөлетін уақыт жетті, білем!..

– Ұлттық киім киіп, «ұлт аруы» атанып, бөксесі мен шашын бос жіберіп, аузын ашып, мейілінше қарқылдап күліп жүрген қыз-келіншектер ұлттық иба, ізеттілік үлгіден шығып, ұлттық дәстүрді тәркі етіп жүргенін біле ме? Ғасырлар сынынан өтіп, өміріміздің мәні де, сәні болып кеткен салт-дәстүрді бұзу, оған өзге жұрттың бөгде үлгісін әкеліп жапсыру жараспайтын жамау сияқты болып тұрғанын түсініп, оны тыятын кім бар?

– Әр аймақта, әр ауылда тұрмыстық салт-дәстүр рәсімдері әр басқа. Неге?.. Кейінде оның өзін түрлендіріп, күрделендіріп жүргендер де бар. Бірақ олары халқымыздың ұлттық дүниетаным (діни сенім), адамгершілік, имандылық мұраттарына сай бола бермейді. Ендеше, ол толысу ма, адасу ма?

Адам өмірі әнмен басталып, әнмен аяқталатыны қазақ жұртының атам заманнан бергі дәстүрі еді. Бірақ бүгінде ұлттық, тұрмыстық салт-дәстүр үлгісін насихаттап көрсететін кино, қойылымдарда ол ескеріле бермейді. Тіпті кедейшілік пен кемдікті көрсетуден әлі арыла алмай келеміз. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің байлығы, оның тәлім-тәрбиелік құдіретінің жақсы үлгісін насихаттаудан қорқамыз. Неге?.. Кімнен?..

– Мәдениет десе, ән деп, сахна өнері десе, әзіл-сықақ (әйел бейнесіндегі ерлер) театрларының қазақи өмірді әжуа ететін қойылымдарын (бұл қазақ театрларының басты кәсібіне айналғалы қашан) айтатын болдық. Ал академиялық оркестр, ансамбль, театрлар, опера-балет, капелла, т.б. өнер ұжымдары өз сахнасында ғана өмір кешуде. Жұртшылықтың оған аяғы (қолы) жете бермейді. Сонда жастарды, халқымызды мәдениеттілікке, адамгершілікке, жаужүректілікке, отансүйгіштікке, әділеттілікке, адалдыққа қалай тәрбиелей аламыз? Жақсылықтың, сұлулықтың, парасаттылықтың ұлттық үлгісін көрмеген жастар оны қайдан үйренеді?..

– Қаралы күйге душар болып отырған отбасына қайғысынан кем емес тауқымет – марқұмды мәңгілік орнына қоныстандыру, көңіл айта келген адамдарға қызмет, құрмет көрсетудің үлгі-талабы күн санап қиындап келе жақаны несі?.. Ойдан шығарылып, қосылып жүрген (сауабы жоқ) рәсімдер неге көп?..

– Ұлы Абайдың «Бір қайғың мың қайғыны қозғайды» дегеніндей-ақ, ұлтық рухани дүниені тануымыздың әліппесі – Наурыз мерекесін өткізудің елімізде әлі күнге сындарлы үлгі-жүйесі жасалмағандықтан, ол жарқылдаған мәнсіз көрініс, мағынасыз ән-би, арзан күлкіге айналып барады. Оның рухани тазаруға, теңдікке, имандылыққа, еңбекке тәрбиелеуге арналған рәсімдері, жаңа күн, жаңажылдық ақ тілек, батасына ұю мұраты назардан тыс қалып жүр!.. Осындай енжарлық пен жетесіздіктен тіпті мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесінің өзі бұзылып, оның жекелеме элементтерін орынсыз жерлерде тұтыну дағдыға айналып барады…

Менің ұсынысым

Осындай ұлт болмысын жүдетіп, ұлттың өзінің рухани байлығының байырғы үлгісі жойылып бара жатқан шақта бүгінгі жаһандану үрдісінің жетістіктерін жете пайдаланып, салт-дәстүр үлгілерінің байырғы тәрбиелік қуатын, ерекшелігін сақтай отырып оларды бір жүйеге келтіретін елімізде (қоғам емес) мемлекеттік құқығы бар республикалық, облыстық, аудандық арнайы комитет құру қажет деп ұсыныс жасаймын. Үндеу көтеремін.

Бүгінгі өмір ақиқатынан туып отырған бұл пікірімді еліміздің барлық ұлт жанашырлары да, мемлекет басшылары да қолдайтынына кәміл сенемін.

Молдабек Жанболатұлы,

журналист, өлкетанушы, этнограф                           

Осы айдарда

Back to top button