Наурыз нақыштары

Ата-бабаны еске алып, шежіре тарқатамыз

Осыдан бір ай бұрын Премьер-Министр Асқар Мамин «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулыға қол қойғаны белгілі. Соған орай, 14 наурыздан елімізде Әз-Наурыз мейрамын 10 күн тойлату басталып та кетті.

Ұлыстың ұлы күнін кеңінен мерекелеудің үшінші күні, 16 наурыз – «Шежіре күні» деп аталады. Бұл күні жұртшылық мал сойып, шелпек пісіріп, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылардың үйіне барып, көңіл айтып, дастарханынан дәм татады. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа үлгі ете әңгімелеп береді. Сонымен қатар, атауы айтып тұрғандай, бұл күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы айтылып, шежіресі таратылады.

«Шежіре күні» әрбір отбасы мен мекемелер үйлерді, ғимараттарды безендіреді. Наурыздың басты атрибуты – жолтерек үйге, алаңға, көшеге немесе аулаға орнатылады. Төрге құрақ-көрпе, алаша, сырмақ, текемет төселіп, қабырғаларға кілем ілінеді.

Бұл ретте «Аналар күні», «Әкелер күні», сонымен бірге «Отбасылар күнін» мереке ретінде кең көлемде атап өту және мерекенің құндылығын балалар санасына жастайынан сіңіру қажет. Мысалы, Түркияда бұл күндері сауда орталықтарында үлкен акциялар өткізіліп, азаматтар ата-анасына сыйлықтар (көбінесе киім-кешек) тарту етеді. Осылайша, ата-ана мен бала арасында сыйластық қарым-қатынас артады.

Халық мейрамда қыдырып, үй-үйге барып көже ішіп жүргенде берілетін Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты, барлық білім беру ұйымдарында, сондай-ақ телеарналарда «Наурыз бата беру» шарасын ұйымдастыру ұсынылады.

Аталған іс-шара елдік тұтастық, берекелі бейбіт өмір, достық пен татулық, ағайынның адал көңіл ынтымағы мен бірлігі, ұзақ ғұмыр, өнегелі жол тілеу, ел мұратына ұю, имандылық, әділеттілік, адалдық, елдік пен ерлік, ұлттық намыс, дастарханның берекесі болып саналады.

Осыған орай бұл күні «Ардагерлерді ардақтайық» ұранымен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздеу және мәңгі есте қалдыру, жауынгерлерге арналған мәдени-ағартушылық, тарихи-патриоттық іс-шаралар да өткізіледі.

Ең бастысы, «Жeтi aтa» дәcтүpiн жacтap apacындa кeңiнeн нacихaттaп, oқушылap apacындa қазақ тілі мен әдeбиeті caбaғы бoйыншa caлт-дәcтүpдeн интeллeктуaлды caйыcтap, oлимпиaдaлap ұйымдacтыpылады.

Бұл күні осы іс-шараларды өткізу арқылы қайырымдылық пен меценаттықтың мәдениеті қалыптасатыны сөзсіз. Жаппай санада оларды нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Басты мақсат – ұлттық бірегейлікті нығайту, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсету бойынша бұқаралық іс-шаралар өткізуді көздейді.

Дәурен Аллабергенұлы

Back to top button