Ата-анасы Тұрар Рысқұловпен араласып тұрыпты
Өзінің жанкешті еңбегімен жұрт арасына сыйлы жандарды көргенде, кім де болса бір марқайып қалатыны рас. Ондай адамдардың риясыз, шын көңілмен жымиып сәлеміңді алғанының өзі неге тұрады?! Светлана Базаралықызы Исмаилова – сондай жандардың бірі. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған оның қол жеткізген жетістіктерінің өзі бір төбе. Тағылымды тәрбиеден жүрегіне ұялаған инабаттылығынан ба, әлде өзінің туабітті қарапайымдылығы ма, қашан көрсең де осы өңірге белгілі медик, өмірлік жары Бақытбек Нығматуллинның көлеңкесінде қалуға тырысатын осынау жанның әулеті тегіс танымал да, шыққан тегі жатқан бір тарих. Туған ағасы Марат Базаралыұлы Исмаилов Ресейдегі Томск университетін «Ұшу аппараттарын (зымырандарды) жобалау» мамандығы бойынша бітірген. Ұзақ жылдар Ресейде әскери зымырандар мен артиллерия саласына үлкен үлес қосқан ғалым.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Қазатомөндіріс» ұлттық атом компаниясының ғылыми-техникалық мекемелерінде басшылық қызмет атқарған. 2005 жылдан бастап Қазақстанның ғарыш саласында. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ ғарыштық техниканың арнайы конструкторлық-технологиялық бюросының бас инженері, қазіргі кезде Алматыдағы «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» ұлттық орталығы» АҚ департаментінің директоры. Физика, математика ғылымдарының докторы, профессор. Өзінен кейінгі сіңлісі Дина Базаралықызы – Асфендияров атындағы медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты. Кенже бауыры Ермек Базаралыұлы – төтенше жағдайлар комитетінің қызметкері, тәуелсіз сарапшы. Қызы Назым Бақтыбекқызы – Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық орталығында, ол да медицина ғылымдарының кандидаты. Ұлдары Адай Бақытбекұлы Астанада, ішкі істер саласында жемісті еңбек етуде.
Үржар ауылында туып-өскен Светлананың анасы Нәзипа мен оның әкесі Мұхаметжан кезінде Сәкен Сейфуллинмен дәмдес, сырлас болып, Тұрар Рысқұловпен жақын араласқан адам.
– Жетпісінші жылдары анамыз Нәзипа тірі, қолымызда болатын. Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебесін» қолымыздан тастамаймыз. Түнде жатсақ, жастанып оқитын дәрежеге дейін жеттік қой. Бір күні таңертең апамыз: «Балам, түні бойы кітап оқисың. Енді қызметіңе кетесің. Бір уақ ұйқыңды қандырсаңшы» деді. «Ой, апа, мына кітап қызықты екен. Бас ала алмай жатырмын» деп едім, «Е-е, не жайлы екен?» дейді. «Қазақтың Тұрар Рысқұлов деген біртуар азаматы жайлы екен» деп едім: «Не дейді? Біздің Тұрашка жайлы ма?» дегені… Сөйтсем, Тұрар Рысқұлов апамның бір кездері Алматыда араласқан достары болып шықты. Әңгімесінен түйгенім, кейін ол ұсталып кеткенше қарым-қатынасын үзбеген көрінеді. Сәкенмен таныстығының да түп төркіні Тұрармен байланысты болып шықты, – дейді Светлана апайдың жұбайы Бақытбек аға. Осындай ұлы тұлғалардың өздері дастарқанынан дәм татқан қасиетті шаңырақтан шыққан Исмаиловтар қалайша жұртқа танымал болмасқа?! Светлана Базаралықызы мен Бақытбек Нығметоллаұлы медицина институтын бітіріп, бас қосқаннан соң, қазіргі Алтыншоқы ауылында, кейін аудандық ауруханада жемісті қызмет етті. Аудандық аурухананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерінде болған Светлана апай 1997 жылғы денсаулық саласында болған реформаға сәйкес жеке дәрігерлік амбулатория ашып, оны өзі зейнеткерлікке кетер кезде мемлекеттік етіп қайта құжаттарын жасады. Қазір ол – «Дезинфекция» деп аталатын мекеменің басшысы. Бүгінде қол астында 12 адам жұмыс істейтін мекеме – аудандағы жұқпалы аурулардың алдын алатын бірден-бір ұжым. Тұрғындар арасында аса қауіпті індетке, жұқпалы ауруларға қарсы жұмыс істейтін аталмыш мекеме қызметкерлерінің еңбектері жеміссіз де емес. Мәселен, С.Исмаилова 2006 жылы «Жыл дәрігері» атанып, Қазақстан дәрігерлерінің III съезінің делегаты болды. 2007 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық саласының үздігі» атанып, Денсаулық сақтау министрлігінің мадақтама грамотасымен марапатталды. Таяуда ғана Үржар ауданы тағы бір үлкен қуанышты бастан кешірді. Медицина саласының үздігі болған Светлана Базаралықызы Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Әзірбайжан мемлекеттері ұлттық бизнес-рейтингтер одағының ұлттық сертификатына ие болды. 2013-2014 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы әлеуметтік салық саласының «Сала көшбасшысы-2015» алтын белгісін жеңіп алды. Бұл – жалпы мекеменің, оның ішінде білікті басшы Светлана Исмаилованың үлкен жеңісі.
Берікхан Тайжігітов