Қоғам

Ата-аналардан түскен шағымдар азайды

Мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, білім саласындағы жемқорлықты жою және «Шығыс –адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру мақсатында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен облыстық білім басқармасы арасында меморандумға қол қойылды.

«ANTIKOR» ресурстық орталығында өткен жиынға Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин, облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова және облыс орталығындағы мектептердің директорлары қатысты. Сөз болған басты мәселе – білім саласындағы парақорлық, жемқорлық қылмыстарына тосқауыл қою.

Облыста «Ашық мектеп–ашық бюджет» қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Оның мақсаты – ата-аналардан мектеп қажеттілігіне қаражат жинауға тыйым салу, мектеп бюджетінің қайда, қалай жұмсалатынына қоғамдық бақылау орнату.

Жиында Өскемен қаласындағы  ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №38 гимназияның директоры Инеcса Чернышева  «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және облыстық білім басқармасымен бірлесіпжасаған өздерінің «Ашық мектеп–ашық бюджет»модулімен таныстырды. Онда мектептің жылдық бюджеті, оны игеру және бюджеттен тыс түскен қаржыны жұмсау туралы мәліметтер көрсетіліпті. Гимназияның модуль үлгісі облыстағы барлық 648 білім мекемесіне таратылған.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова түсіндіріп өткендей, білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары төрт бағытта жүргізіліп келеді. Оның бірі «Адал ұрпақ»  клубтарының жұмысы арқылы оқушыларда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болса, екіншісі мектеп бюджетіне қоғамдық бақылау жасау.

–Облыс бюджетінің 70 пайызы білім саласына жұмсалады. Қазір барлық мектептердің сайтында білім ошағының бюджеті ашық көрсетілген. Қанша қаражат бөлінді, қандай мақсатқа жұмсалды, мемлекеттік сатып алудың қорытындылары, бәрі жазылған. Бұдан басқа, ата-ана сайттан кез келген мұғалім туралы толық ақпаратты да көре алады. Мұғалімнің қанша сағат жүктемесі бар, қанша жалақы алатынына дейін көрсетілген. Тағы бір жаңалық,  бұдан былай мұғалімдер арнайы бағдарлама арқылы өздерінің жалақысының көлемін алдын ала, тіпті бес жыл бұрын да анықтай алады. Ол үшін бағдарламаға өзіңнің категориясы, еңбек өтілі сияқты мәліметтерді енгізсе жеткілікті, – деді басқарма басшысы.

Әрине, бұл шаралар білім саласының қызметіне толықтай қоғамдық бақылау жасауға мүмкіндік берері сөзсіз. Білім басқармасы 35 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің үшінші бағыты –осы  қызметтерді сапалы көрсету. Барлық білім ошақтарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған, мемлекеттік қызмет көрсетуге үнемі мониторинг жасалып тұрады. Ведомство басшысы қазір ата-аналардан түскен өтініш-шағымдардың 80 пайызға азайғанын айтады.Салалық басқарма сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ата-аналардан мектептің жөндеу жұмыстарына, басқа да қажеттіліктеріне қаражат жинамау туралы бұйрық шығарылған, білім беру мекемелерінің басшыларына қатаң ескертілген.

Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин мектеп директорларына жеке электронды қолтаңбаны пайдаланудың маңыздылығын ескертті.

– Өткен жылы Семей өңірі мен Өскеменде бірнеше мектепте бас бухгалтерлердің бюджет қаржысын қымқырған фактілері тіркелгені белгілі. Әлі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті мектеп директорларынан бюджеттің қаражаты талан-таражға түскен фактілерді дер кезінде хабарлауды, алдағы уақытта электронды қолтаңбаны пайдалануды, оның кілтін ешкімге бермеуді сұраймыз, –деді Жігер Байділдин.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button