Қоғам

Ат қойып, айдар тағу

Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ұстанымдары төрт түлікпен тікелей тамырласып жатыр. Әсіресе төрт түліктің төресі саналатын жылқы жануарына жан дүниесі жақын. Біздің бұл жолғы тілге тиек етпегіміз «ат қойып, айдар тағу» тіркесі мен «Күйеу атымен күл тасы» мақалының мәні туралы болмақ.

Қазақта әр баланың ат жалын тартып мінгені азамат болғандығының айғағы. «Ат қойып, айдар тағу» сөзінің мәні мен мазмұны осы аттың жалы мен түйенің қомында жатқан көрінеді. Байырғы бабаларымыз баланың істеген ерлігіне баға беріп, арқасынан қағып отырған. Ержете келе ерлігімен немесе ерекше ісімен көзге түскен балаға ат қойып, айдар таққан екен. Ерлігімен ел назарына ілінген күні азамат болды деп балаға ат арнаған. Өзіне меншіктелген аттың құйрығы мен жалына алтындалған, зерленген арнайы бау қосып өріп жіберген. Баланың буыны қатып, белі бекіді-ау деген шақта арнайы ерекшелеп аттың жалындағы бауды оның кежегесіне байлаған. Сол кежегеге байланар ат құйрығындағы немесе жалындағы зерлі бау айдар деп аталған екен. Осы бір дәстүрлі үрдісті бабаларымыз «ат қойып, айдар тағу» деп қысқа қайырған екен. Ежелгі түркі бабалар ұл баланың желкесіне түсіп тұратындай етіп өсірілген бір өрім шашты кежеге деп атапты. Бүгінде ұмытыла бастаған «кежегесі кері тартып» деген тіркестің мәні осы сөзбен астасып жатқандығын аңғардық.

Сонымен қатар жылқы жануарымен төркіндес тағы бір мәтел – «Күйеу атымен күл тасы». Кейбір жерлерде бұл мақалды «күйеу атыңмен күл шығар», «күйеу атыңмен күл тасы» деп мағынасы мен мәнін өзгертіп қолданып жүргенін көріп қаламыз.

Қазақтың «күйеу атымен күл тасы» деуінің астарында салт пен сын жатыр. Қазақтың жігіттері қайын жұртына күйеу болып алғаш түскенде аттың келістісін мініп, киімнің жарасымдысын киіп барған. Осы салт барысында күйеудің мініп келген атын балдыздары от пен суға салып, жезделерінің төзімін сынайтын болған. Тіпті айшылық алыс жолдарға да мініп кететін болыпты. Жылқыны жанындай жақсы көрсе де, бұл сынға сабырлылықпен төзуі керек болған. Күйеу жігіттің дүние- мүлікке деген көзқарасын осылай сынап, сыннан өткенге қызын берген. Астымдағы атым тұлпар еді деп мініске қимағандар бұл сынақтан өтпеген. Сондықтан да жігіттің төзімін тезге салу үшін «күйеу атымен күл тасы» депті.

Тіркеспен тамырласып, мақалмен мәйектеніп жатқан қазақтың әр сөзінің төркіні тереңде екенін біле жүрсек артық болмас.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button