Қоғам

Атқарылған шаруаларға оң баға берді

Шығыс Қазақстанға  жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандарда болып, олардың жұмысымен  танысты.

Атап өтерлігі, бұл мекемелердің бәрінде де жемқорлықпен күрес жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылып, қызмет көрсету барысында ашықтық пен қолжетімділік бірінші орынға шығарылған.

Алдымен аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге облыс әкімінің қоғамдық қабылдау кеңсесінің тұсаукесеріне қатысты. Мұндағы қабылдау қызметінің басты мақсаты – «бір терезе» қағидаты бойынша тұрғындарға өңірдің жергілікті атқарушы органдарына жүгінуге барынша қолайлы жағдай туғызу. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар қызметіне қатысты ақпараттарды ұсынудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

Мәселен, мұнда  кез келген тұрғын өзін мазалаған мәселе бойынша тиісті мекемелерден толық жауап қана алып қоймай, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түріне қол жеткізе алады. Облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Марина Гагаринаның айтуынша, бұл жобаның құндылығы сол, барлық меморгандар мен құрылымдардың бір жүйеге біріктірілгендігінде. Электрондық тұғырнамаға азаматтардың түрлі көздерден келіп түскен өтініштері жинақталады.

– Қазіргі күнде виртуальді қабылдауға 303 мемлекеттік орган мен 768 қызметкер қосылған. Тұғырнама арқылы 600-ге тарта қызмет көрсету көзделген. Фронт-кеңсенің кеңесшілеріне жұмыс күндері таңғы сегізден кешкі сегізге дейін Қазақстан көшесі, 59/1 мекенжайы бойынша хабарласуға болады. Сонымен қатар контакт-орталыққа 1331 нөмірі арқылы телефоннан немесе ұялы телефоннан өңірдің кез келген нүктесінен тегін қоңырау шалуға болады. Өтініштерді ЭЦҚ көмегімен www.1331.kz порталы арқылы да жолдауға болады, – деді Марина Гагарина.

Осы қоғамдық қабылдау кеңсесінде облыс әкімі мен агенттік төрағасы Мемлекет басшысы бекіткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді. Тұрғындар сауалдарының басым бөлігі жемқорлықпен күрес мәселелеріне, мемлекеттік қызметке орналасуға қатысты болды.

Мұнан соң агенттік төрағасы «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Бизнес пен инвестицияны қорғау жобасының» бірлескен қызметі аясында құрылған жедел басқару, ақпараттық технологиялар орталықтарын және «INVEST IN EAST» инвестициялық кеңсесін аралап көрді.

Инвест-орталықта өңірге қаржы құюға әзір инвесторлармен кездесуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Арнайы әзірленген фильмді тамашалау арқылы шетелдік инвесторлар Шығыс Қазақстанның әлеуеті жөнінде толық ақпарат ала алады. Бұдан бөлек, аталмыш шоурум дарынды мектеп оқушылары үшін оқу орталығы ретінде де қолданылады. Оқушылар мұнда инвестиция саласымен және ақпараттық технологиялармен жақынырақ танысады.

Алик Шпекбаев облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Өскемен қалалық сотында ашылып, нәтижелі қызмет көрсетіп жатқан татуластыру бөлмесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде «Отбасылық сот» жобасының аясында кәсіби медиаторлар мен психологтардың көмегінің нәтижесінде сотқа жүгінген тараптар ортақ мәмілеге келіп, татуласып қайтады. Мамандардың айтуынша, медиацияның әсіресе, жаңадан үйленген жастардың шаңырағын шайқалтпай, сақтап қалудағы үлесі өте зор. Облыстық сот төрағасы Нұрлан Қайырбековтің айтуынша, Өскемен қалалық сотында биылдың өзінде ғана алты мыңға тарта іс медиация арқылы тоқтатылып, тараптар ортақ келісімге келген.

Агенттік төрағасы  Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ жанынан ашылған «Парасат» студенттерге қызмет көрсету орталығында болды. Бұл жерде де студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде «бір терезе» қағидатымен әкімшілік және кеңес беру бағытында отыздан астам сапалы қызмет түрі көрсетіледі. Студенттерге жасалып жатқан мүмкіндіктермен оқу орнының қылмыстық істер және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының доценті, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Байыркенова таныстырды.

Алик Шпекбаев университет студенттерімен қолға алынған «Ақ алақан» жобасын жоғары бағалады. Сондай-ақ агенттік төрағасы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде болып, білім мекемесіндегі студенттерді әділдік пен адалдыққа тәрбиелеп жатқан «Адалдық мектебінің» жұмысымен танысты, колледжді аралап көрді. Агенттік төрағасы облыста сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

– Сіздердің аймақтарыңыздан өте жақсы әсерлермен қайтып барамын. Біз болған мекемелердің барлығында да ашықтық, жариялылық және мемқызметтерге қолжетімділік көрініп тұр. Әсіресе, жастардың жемқорлықпен күреске жүйелі түрде бел шеше кіріскені қуантады. Өйткені ертеңгі жарқын болашақ та солардың қолында. Сондықтан олар осы бастан жемқорлықтың әлеуметтік дерт екенін түйсінгендері дұрыс, – деді Алик Шпекбаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button