Асықтан асық жасап берді
Аягөз ауданының Мамырсу ауылындағы С.Ғаббасов атындағы орта мектептің алдына асықтан әдемілеп жасалған асықтың кіші архитектуралық мүсіні қойылды. Ерекше туындыны аталған білім ошағының сурет пәнінің мұғалімі Қайрат Сыдықов жасады.
Асықтың астындағы тағаны бір метр. Оюланып өрнектелген. Ал асықтың өзінің көлеміне келсек, ені 30, биіктігі 60 см. Мүсінді жасау үшін шамамен мыңнан аса асық жұмсалған екен. Жобаны іске асыруға 70 мың теңгеден астам қаражат кеткен. Асықтардан асық жасау туралы идеяның авторы – мектеп директоры Рифхат Дүйсекенов. Осы мектепте оқып, бүгінгі күні қасиетті қара шаңырақта қызмет атқарып жүрген Қайрат Рахымжанұлы бұл туындысын «Туған жерге – тағзым» акция аясында білім ордасына тарту етті.
Естеріңізге сала кетейік, мүсінші былтыр да мектеп алдына 100 мың теңге қаражат шығындап, тырнаның мүсінін жасаған болатын. Өз кезегінде шебер болашақта да ауылдың абаттануы, мектептің көріктенуі жолында тың жобалармен қуанта беретінін жеткізуде
Қайрат Рахымжанұлы – 25 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалім. Оқушылары көптеген облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі болған еңбекқор ұстаз екен.
Шығыс-Ақпарат