Қасқырмен алысқан Аманханның жағдайы ауыр
Бір ай бұрын аш қасқырмен алысып, жараланған аягөздік Аманхан Әміров санитарлық авиациямен Өскеменге жеткізілді. Дәрігерлер оны тістеген жыртқыш аңның бойында қауіпті инфекция болуы мүмкін дейді. Аманхан қазір ауруханада.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының ортасында бір ауылдың екі азаматын қасқыр жаралаған болатын. Бір-екі күн бұрын олардың біреуінің жағдайы күрт нашарлап, науқас облыс орталығына жіберілген.
– Біз бірден авиация көмегіне жүгіндік, емделушінің бойынан құтырма ауруының белгілері көріне бастады, екінші науқасты ауруханадан қайтарып жіберген едік, қазір ол да толық бақылауға алынды, – дейді Аягөз орталық ауруханасының бас дәрігері Оралғазы Жүнісов.
Қазір науқастың жағдайы ауыр. Ол бірінші қалалық аурухананың инфекция бөлімінде жатыр. Екпе жұмыстары уақытында жүргізіліп, ұзақ стационарлық емделуден өтсе де, қауіпті инфекция адам ағзасына зиянын тигізуі мүмкін екен. Қазір санэпидемиологтар аталған мәселе бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Дарын Нұрсапар