Білім

Ғасырлық тарихы бар мектеп

Ғасырлық тарихы бар мектеп


Ұлан ауданы Бестерек ауылындағы Ғадас Салықов атындағы мектепте халқымыздың біртуар ұлдары мен ірі тұлғалары білім алған. Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов сынды батырлар, археолог-ғалым Зейнолла Самашев, Забер Баянов, Ғаббас Қабышев сияқты жазушылар, Қ.Раимханов,Н.Сапарғалиев,М.Салықов, А.Байыш,Қ.Рамазанов, Ж.Самашев сынды қоғам қайраткерлері білім алған киелі мектепке биыл бір ғасыр, яғни 100 жыл толып отыр.

Өзінің тарихы мен ұлы мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыруды мақсат тұту ауқымды міндет болып табылатыны бәрімізге аян. Өмірімен де, өнегелі еңбектерімен де кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген партизан-жазушы, жерлесіміз Қасым Қайсенов қара таныған осы мектеп ол кезде Шөже мектебі деп аталатын. Ол туралы жазушы өз шығармасында былай дейді: «Бір жолы мені ағайым нағашыларыма апарып тастады. Нағашым Қаршыға, оның ішінде Итбақбасы. Туған нағашым Ешкі ақсақалдың менің шешемнен басқа Рақымбай, Рақым деген екі ұлы бар.Рақым нағашым – сол кездегі оқыған адамдардың бірі, бала оқытады.Кейіннен ол кісіден мен де дәріс алдым.Нағашыларым киім-кешегімді бүтіндеп берген. Ол кезде қанша уақыт жүргенімді білмеймін. Жер қарада барып едім, қыс түскенде үйімді сағына бастадым».

Қаршыға руының өкілдері Ұранхай өзені бойындағы бірнеше ауылдарда тұрған. Нағашыларым деп отырған Иса ақсақалдың балалары бүгінде Өскемен қаласында тұрады. Ал Қасым атаның айтып отырғаны 1918жылы ашылған Шөже мектебі, аталмыш білім ошағына бүгінде Ғадас Салықовтың есімі берілген.Қасым атамыз мектептің 50 жылдық мерейтойына арнайы келіп, балаларға тамаша өсиет-тілектерін айтқан екен. «Осыдан 40 жыл бұрын мен сіздер оқып жүрген осы мектептің 2-класында оқығанмын. КСРО Батыры Ізғұтты Айтықов та осы мектептің екінші сыныбында бір жыл оқыды. Бізді Ешкінов Рақым деген мұғалім оқытты. Сол кездегі мектеп Бестеректе емес, төменірек екі өзеннің бойында еді.Қазіргі дәуірде тек оқу керек.Ендігі кезде соғыс бола қоймас. Сондықтан білімің болмаса, қазіргі шақтың қуатты техникасын меңгеру мүмкін емес, ардақты бауырларым!» деген екен сол жолы батыр атамыз.
Забер Баянов 1907 жылы Бестерек маңындағы Шөше қыстағында дүниеге келген. Салық атасының Шөжедегі мектебінен білім алады. Мектептен соң Семейдегі мұғалімдер семинариясында білім алады. 1932жылы Алматыдағы курсқа барады. Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өзінен дәріс алған екен.Оқу бітірген соң, Ұлан ауданында ашылған ең алғашқы газетке редактор болып тағайындалады.Кеңестік жүйедегі солақай саясаттың нәубетіне Забер Баянов та іліккен. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен Ачанскіге он жылға жер аударылады. Ачанскіге барар жолда бірнеше тұтқын қашып шығып, соғысқа бара жатқан эшелонға мініп, ҰОС-на, майданға аттанады. Қанқұйлы соғыста елін қорғап, жеңіспен оралады.Елге келген соң да содыр саясаттың қыспағынан босай алмайды. Тек 1956жылы ғана толығымен ақталады. «Алтай большевигі» («Дидар») , «Қызыл таң» газеттерінде журналистік қызмет атқарады.Студенттерге дипломдық жетекшілік жасап, журналистік қызметінен өмірінің соңғы күндеріне дейін қол үзбеген.

Зейнолла Самашев тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. 1947 жылы Бестерек ауылында дүниеге келіп, сегіз жылдық мектепті бітірген соң, оқуын Өскемендегі Жамбыл мектеп-интернатында жалғастырады.Бүгінде археология саласында тың жаңалықтар мен зерттеулер жүргізіп, жас шәкірттердің ғылымға бет бұруына себепкер болып жүрген белгілі археолог-ғалым.

Жазушы Ғаббас Қабышев 1935 жылы сәуір айында Бестерек ауылында дүниеге келген. Шөже мектебінде білім алған. 1955 жылы облыстық «Коммунизм туы» газетінде (қазір «Дидар») корректор,бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде сынбөлімін басқарды. Әзіл-сықақ, әңгіме, хикаят, сын, көркем очерк, көсемсөз,мақала жазудың шебері.Қаншама орыс әдебиетінің құнды туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен аудармашы.

Жоғарыда есімдері аталған жерлестеріміздің барлығы елімізге танымал, республика, облыс көлемінде қоғамның дамуына өз үлестерін қосқан, біртуар азаматтар десек, артық емес. Ауылымыздың өркендеуіне үлес қосқандары қаншама?! Барлығы да 1918жылы салынған Салық молданың Шөже мектебіненбілім алған. Бүгінде сол Салық атаның ұлы Ғадас есімін иеленіп отырған тарихи мектепке 100 жыл толып отыр. Ғадас Салықұлы әкесінің мектебін тәмамдап, Семейде оқытушылар семинариясында білім алады. Әкесі ашқан мектепте ұстаздық еткен алғашқы мұғалімдердің бірі. Әрі жас, әрі білімді маман көп ұзамай аудан өңірінің түрлі қызметіне шақырылып, кеңестік партияның белді жұмысына араласады. Рухы биік, санасы азат тұлға Алаш партиясымен байланыста болған. Алайда 1937 жылы солақай саясаттың құрығынан Ғадас Салықов та аман қалмайды.

24 қазан күні ату жазасына ілігеді.

2016 жылдың желтоқсан айында М.Горький негізгі мектебіне Ғадас Салықовтың аты берілді. Бұл көптен күткен қуанышты жаңалық еді. Сол жылы наурыз айында аудан көлемінде дүркіреген той өтті. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген» күн болды. Ауылдың барлық азаматтары аталған іс-шараға бір кісідей атсалысты. Бүгінде мектеп шағын жинақталған мектеп болып саналады. Шағынорталық жұмыс істейді. Өкініштісі, қазіргі уақытта шағынжинақталған мектептерге қосымша қаржы бөлінбейді. Мектебімізде интернет жүйесіне бір компьютер ғана қосылған, физика,химия кабинеттері жабдықталмаған. Жуықта түлегіміз, жеке кәсіпкер Серік Әшімов өзі оқыған білім ордасына 300 мың теңге тұратын музыкалық орталық сыйлады. Бестерек ауылы халықтың тұруына қолайлы жерде орналасқанына қарамастан, тұрғындарының саны аз. Жаңа үйлер салынса, еліміздіңталай бетке ұстар азаматтары білім алған тарихи мектептің ғұмырлы болуына септігін тигізер еді. Қай қоғамды, қай кезеңді алсақ та, қоғамның негізін қалайтын білім ордасы екені белгілі. Мектеп – мемлекеттің жүрегі десем де артық емес деп ойлаймын. Ендеше ашылғанына ғасыр толғалы отырған мектебіміздің өркендей беруіне, ауылдың гүлденуіне барлығымыз атсалыссақ, оңды болар еді.

Сәуле Оразғалиева,
қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
(Мәліметтер С.Ғайсиннің
«Көкпен таласқан Көктауым»
кітабынан алынды)

Осы айдарда

Back to top button